18 шілде: ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 18 шілдеге арналған күнтізбесін ұсынады.

18 шілде, СӘРСЕНБІ

АҚШ-та хот-дог күні

Бұл мерекені 1957 жылы АҚШ Сауда палатасы ресми бекіткен болатын. 1994 жылы өнім сапасы, дәмі  және жарнамасымен айналысатын Ұлттық хот-дог және сосиска кеңесі құрылды. Кеңестің дәстүрлі мүшелері хот-догпен сосисканы ұнататындарға арналған жарыс өткізіп тұрады. Жарыстың 4 негізгі ережесі бар: 18 жасқа толмағандарға хот-догқа кетчуп жағуға болмайды; хот-догты тәрелкеге салмай тек қана қолмен жеу керек; қолға жұққан дәмдеуішті жууға болмайды, саусақтарыңды жалап тазалауың қажет; ешқашан да хот-догты қытай ыдысына салуға болмайды, себебі «хот-дог - американдықтардың ұлттық тамағы» деген түсінік бар.

Нельсон Манделаның халықаралық күні

Оңтүстік-Африка Республикасының бұрынғы президентінің бейбітшілік пен бостандық ісіне қосқан үлесін мойындау белгісі ретінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 2009 жылы бекіткен.

Уругвайда конституция күні

Шығыс Уругвай Республикасының негізі қаланғаннан кейін  екі жыл өткен соң, 1830 жылы елдің Конституциясы қабылдануына орай белгіленді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1907 жылы Шығыс Қазақстанда ерекше құрылыс - шегесіз, ағаштан жасалған мешіт салынды.

1995 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Патенттік-технологиялық ақпарат және алдыңғы қатарлы технологиялық қозғалыс жолындағы барлық тосқауылдарды алып тастауға мүмкіндік берген Еуразиялық патенттік конвенцияны бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.

2001 жылы Орал қаласында Балалар мен жасөспірімдердің велосипед спорты мектебі ашылды.

2005 жылы Оралда М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жанынан колледж ашылды. Математика, физика, ақпараттық жүйе, станок графикасы, сәндік-қолданбалы өнер және халық өнері мамандықтары бойынша оқытатын білім ордасының құрылу мақсаты -педагогика мамандарына сапалы білім беру. Колледжді бітірген түлектер оқуын университетте жалғастыра алады.

2006 жылы Қазақстан Республикасының Дубайдағы Бас консулдығы Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын араб тілінде жарыққа шығарды. Бұл басылым жетекші араб елдерінің ресми, ғылыми және іскер топтарын Елбасы Жолдауының негізгі бағыттарымен, атап айтқанда, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның халықаралық деңгейдегі мәдениетаралық және конфессияаралық диалог орталықтарының бірі ретінде қызмет атқаруға әзір екенін қуаттаған сөзімен қеңінен таныстыруға септігін тигізді.

2009 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» жеке кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесетін қосымша шаралар алуға, кәсіпкерліктің мемлекетпен және қоғаммен өзара іс-қимылын нығайтуға, соның ішінде мемлекеттік органдар тарапынан тексерулер жүргізуді тәртіпке келтіруге бағытталған Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

2010 жылы Астанада ҚР Президенті Н. Назарбаев пен ГФР Федералдық канцлері Ангела Меркельдің қатысуымен қазақстандық-германдық форум аясында болжалды 500 млн еуроға дейін жиынтық сомада «Қазақстан даму банкі» АҚ мен Deutsche Bank AG арасындағы Негізгі келісімге қол қойылды.

2012 жылы Астанада «Қолжетімді баспана» бағдарламасы бойынша ақпарат алуға мүмкіндік беретін Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды.

2013 жылы Астанада «Еурокоптер Қазақстан инжиниринг» компаниясының «ЕС 645 Т2» жауынгерлік тікұшағының таныстырылымы өтті.

Бұдан бұрын бұл үлгі әлемнің үш елінде ғана жұртшылыққа көрсетілген. Қазақстан - Германия, Франция, АҚШ-тан кейінгі таныстырылым өткен 4-ші ел.

«ЕС 645-Т2» - Еуропа әскери ғалымдарының соңғы әзірлемесі. Орташа санаттағы мультифункционалдық тікұшақ. Биік тауларда, ыстық климаттарға пайдалануға ыңғайлы.   

2013 жылы Галац қаласында (Румыния) Қазақстан Республикасының құрметті елшілігінің ресми ашылу салтанаты өтті.

2014 жылы Астанада елордалық Сот төрелігі сарайы жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті.

2014 жылы Астанада Назарбаев Университеті базасында Технологиялық парк ашылды. Технопарктің жалпы аумағы 2 мың шаршы метрден асады.

2016 жылы оңтүстікқазақстандық Карина Нәжімеддинова Италияда өткен «Sun оf Italy» халықаралық конкурс-фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.

2016 жылы «1941. Брест қамалы. Қазақстан» кітабында алғаш рет Брест қамалының қорғаған қазақстандықтардың тізімі жарияланды. Кітаптың авторы - тарих ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және қоғамдағы медиа кафедрасының профессоры Ләйлә Ахметова.

2016 жылы Ыстанбұлда ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар комитетінің отырысында Тянь-Шань (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан) Бүкіләлемдік мұралар тізіміне кіргізілді.

2016 жылы Алматыдағы физика-математика мектептерінің бірінде оқитын 16 жастағы Дінмұхамед Майлыбай АҚШ-тың Хьюстон қаласындағы NASA жанындағы болашақ астронавтар білім алатын United Space School жазғы мектебінде оқуға жолдама берілетін байқауда жеңіске жетті. 23 елден 55 қатысушы іріктеп алынды. Қатысушылардың барлығы ұшуға дайындықтан бастап Марсқа қонуға дейінгі түрлі секцияларда жұмыс істейді. Қазақстандық оқушы ұшулар әзірлемесі және Марсты зерттеу жөніндегі топтың құрамына кірді.

1872 жылы Ұлыбританияда алғаш рет жасырын дауыс беру процедурасы өткізілді.

1897 жылы ресейлік кәсіпорындарда жұмыс күні 11,5 сағатқа дейін қысқартылды. Жексенбі демалыс күні болып жарияланды.

1898 жылы Пьер мен Мария Кюри Париж академиясына ураннан басқа да радиоактивті элементтердің барлығы туралы айтылған баяндаманы ұсынды.

1916 жылы ағылшын кәсіподақтары соғыс кезінде мерекелерден бас тартуға келісім берді.

1921 жылы Францияда дәрігерлер  Альбер Кальмет пен Камиль Герен балаға туберкулезге қарсы алғашқы екпені - БЦЖ-ны (Кальметт-Герен Бацилласы) жасады.

1925 жылы АҚШ-та әйелдер ерлерден кем емес автомобиль жүргізушісі бола алатындығы туралы ресми түрде мәлім етілді.

1974 жылы Польшаның Костантинов қаласында әлемдегі ең биік құрылыс - Варшава радиосының 646 метрлік мачтасы тұрғызылып бітті. Ян Поляк конструкциясы бойынша бой көтерген, салмағы 550 тонналық бұл мұнара 1991 жылы жөндеу жұмысы кезінде құлап түскен.

1994 жылы 63 жастағы әйел рекорд жасап, дүниеге сәби әкелді. Оның бұл рекорды 2005 жылға дейін сақталып келді.

Соңғы жаңалықтар