18 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырман назарына 2023 жылғы 18 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1997 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрі Ішкі әскерлерінің Жоғары әскери училищесін құру туралы қаулы қабылдады.

2004 жылы ҚР Үкіметінің № 1355 Қаулысына сәйкес, «Ғарыш байланысының республикалық орталығы» АҚ құрылды. Оның қызметін «Қазғарыш» реттейді.

2006 жылы Прагада Чехиядағы Қазақстан студенттерінің «Бәйтерек» клубының тұсаукесер рәсімі өтті.

2010 жылы Көксарай су реттегішінің ашылу рәсімі өтті. Көксарай – Арыс ауданындағы Сырдария өзенінде салынған су қоймасы.

2013 жылы Нью-Йорктегі Шетелдік консулдар қоғамы (SoFC) бірқатар мемлекет өкілдерінің еңбегін тану туралы сертификаттармен марапаттады. Қазақстан өкілі ретінде бұл құжат Дана Каппароваға берілді. Диаспораларды дамытуға сіңірген еңбегі және екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін жыл сайынғы марапаттау дәстүрінің негізі Нью-Йорктегі Қазақстан Республикасының Бас консулдығының бастамасы бойынша қаланды.

2016 жылы Қазақстан Республикасында Қазақстан дипломаттарының қауымдастығы құрылды. Оның негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының сыртқы саясатын жүзеге асыруға жәрдемдесу, Қауымдастық мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау және қазақстандық дипломаттар әулеттеріндегі сабақтастықты нығайту.

2017 жылы Қазақстанның 28 спортшыдан тұратын құрама командасы Австрияда өткен Бүкіләлемдік Қысқы Арнайы Олимпиада ойындарына қатысты.

«Спешиал Олимпикс» Қазақстан» ҚБ (СОҚ) – республикалық қамқоршы спорттық ұйым. Оның негізгі мақсаты – интеллектуалдық дамуы бұзылған адамдардың спорттық іс-шараларға қатысуын қамтамасыз ету арқылы олардың қоғамның нағыз мүшесі болуына көмектесу.

2017 жылы немістің Галле қаласында химиктер кубогіне арналған жыл сайынғы турнирге қатысқан қазақстандық боксшылар Азамат Исақұлов, Әбілхан Аманқұл, Василий Левит, Қамшыбек Коңқабаев алтын медальға ие болды. Галледегі халықаралық турнирді «шағын әлем чемпионаты» деп атайды. Оған түрлі құрлық боксшылары қатысады. Ол 1970 жылдан бері жыл сайын өткізіледі.

2018 жылы Қостанай облысының Затобольск кентіне қала мәртебесі беріліп, Тобыл деп аталды.

2019 жылы Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) Манас эпосының кітабын латын әліпбиімен басып шығарды. Кітап белгілі манасшы Медер Мергенбаевтың қалдырған қолжазбасы негізінде жинақталып, басып шығарылды. Көне қолжазба араб графикасымен жазылған. Аталған қолжазбада эпостың басқа нұсқаларында жоқ оқиғалар мен тілдік оралымдар бар. Бұған дейін ол тек қолжазба күйінде сақталған және ешбір жерде жарияланбаған. Осы уақытқа дейін бұл жұртшылыққа таныс емес болып келген қолжазбаны 1993 жылы қыркүйек айында Бішкек Гуманитарлық университетінің сол кездегі ректоры, белгілі түрколог-ғалым Қадыралы Қоңқабаев сатып алып, 2018 жылы шілдеде Түркі академиясына табыстады.

2019 жылы Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптары музейіне Шәкәрім Құдайбердіұлының домбырасы тапсырылды. Құнды жәдігерді музейге Шәкәрімнің тікелей ұрпағы Медғат Құлжанов табыстады. Домбыра қос ішек пен 13 пернеден тұрады, тұтас ағаштан ойып жасалған. Домбыраны кім әрі қашан жасағаны белгісіз.

2020 жылы Үндістанның Нью-Дели қаласындағы Ұлттық музейінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық жобасы аясында «Ұлы Дала: Уақыт. Кеңістік. Мәдениет» көрмесі ашылды. Көрмеде Тақсай (Батыс Қазақстан облысы), Талды-2 (Қарағанды облысы), Берел (Шығыс Қазақстан облысы), Орталық және Оңтүстік Қазақстан, Жетісу сынды сақ қорғандарынан табылған археологиялық бірегей олжалар көрсетілді. Үндістанның Ұлттық музейінде руникалық хаттың 26 белгісінен тұратын екі жолды жазуы бар, Есік қорғанында жасалған күміс тостағанды көрудің сирек мүмкіндігі болды. Бұл экспонат Қазақстан аумағында жазудың ерте таралуын және пайдаланылуын айғақтайды.

2021 жылы «Ясауи ізімен» атты ғылыми-танымдық экспедициялық жобасы аясында Қожа Ахмет Ясауидің нағашысы Тағайын ата қолданған асатаяқ пен қолжазба табылды. Ол Қожа Ахмет Ясауидің анасы Қарашаштың інісі болған. Бұл мұраларды Тағайын ата кесенесінде ата-бабаларынан бері шырақшы қызметін атқарып келе жатқан әулет сақтап келген. Шарипулла Хайдарұлы жәдігердің тарихын жайып салып, ақ мата ішіне түйіліп,​ сандық түбінде жатқан көне қолжазбаны шығарды. Табылған асатаяқ пен қолжазбаны зерттеумен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми қызметкерлері айналысады.

2021 жылы Ыстанбұлда Абай атындағы даңғыл ашылып, ескерткіш қойылды. Алаңдағы Абай мүсінінің авторы – ҚР Көркемөнер академиясының толық мүшесі, қазақстандық мүсінші Мұрат Мансұров.

2022 жылы елордада «Бақытты отбасы» әйелдерге арналған білім беру ақпараттық-консультациялық орталығының салтанатты ашылуы өтті. Онда көп балалы аналарға, өмірлік қиын жағдайдағы балалары бар отбасыларға, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарға, мүгедек әйелдерге, жұмыссыздарға және жалғызбасты әйелдерге жан-жақты қолдау көрсетіледі.


Соңғы жаңалықтар