18 мың интернет-алаяқтық қылмыстың 3 мыңы ғана ашылған – министрлік түсіндірмесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жыл басынан елімізде 18 мың интернет-алаяқтық қылмысы жасалса, соның 3 мыңы ғана ашылған. Мәселенің мән-жайын ҚР Ішкі істер министрлігі Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының басшысы Жандос Сүйінбай түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Интернет-алаяқтық қылмыстың бір түрі. Жалпы әр қылмысты ашудың өз ерекшелігі бар. Технология дамыған заманда интернет-алаяқтық жай қылмыс түріне жатпайды. Себебі, қылмыскер Қазақстанда емес, шетелде отырып ісін тындыра беруі мүмкін. Айтар болсақ, қылмыс шетелде жасалған жағдайда біз ол елге сауал жолдаймыз. Ол сауалдың қарау мерзімі бар, яғни ақпарат бірден берілмейді. Уақыт керек. Сондықтан елімізде интернет-алаяқтық қылмысы ашылмай жатыр деп айта алмаймыз», - деді Жандос Сүйінбай Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

ҚР ІІМ өкілінің айтуынша, әр өңірде интернет-алаяқтық қылмысын ашу бойынша бөлімдер жұмыс істейді.

«Өткен жылы елімізде 19 мың интернет-алаяқтық қылмысы тіркелсе, биыл 18 мыңға азайды. Соның ішінде 3 мыңдай қылмыс түрі ашылды», - дейді ол.

Спикердің мәліметінше, интернет-қылмыстардың әрқайсысының өз ерекшелігі бар.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігінің өкілі түрмеден хабарласатын алаяқтардың барын растаған еді.


Фото: ortcom.kz

Соңғы жаңалықтар