18 маусымнан бастап Алакөлге апаратын жаңа пойыз жолға шығады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 18 маусымнан бастап Алакөлге жаңа пойыз жүре бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Туристік маусымның басталуына және Үржар ауылындағы әуежайдың жөндеу жұмысына жабылуына байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Жалаңашкөл стансасына дейін жүретін пойыздардың вагонын көбейтеді.

Бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен және Семей қалаларынан Алакөлге баратын пойыздар бар.

Алматыдан 352 орынға шақталған сегіз вагоннан тұратын пойыз тақ күндері Алакөлге баратын. 18 маусымнан бастап «Алматы - Достық» жаңа пойызы жолға шығады. Онда 11 вагон, 504 жолаушыға орын бар. Ол аптасына үш мәрте жүреді.

18 маусымнан бастап жекеменшік компания аталған бағытта 12 вагон, 560 орыннан тұратын пойызды іске қосады. Осылайша Алматыдан Алакөлдің шығыс жағалауына 31 вагон қатынайды.

Нұр-Сұлтаннан «Нұр-Сұлтан - Достық пойызы жүреді. Онда 10 вагон, 456 орын бар. Ол аптасына екі мәрте жүреді.

18 маусымнан бастап жекеменшік тасымалдаушы 4 вагоны бар 176 орындық жаңа пойыз жолға шығады. Сонда астанадан Алакөлдің шығыс жағалауына 24 вагон қатынайды.

Cондай-ақ облыс ішінде Семей мен Өскеменнен көл жағасына жаз бойы екі пойыз тұрақты қатынайды. Олар жеті және сегіз вагоннан тұрады, онда сәйкесінше 364 және 416 орын бар.

Бұрын 260 орындық бес вагон ғана жүретін, биыл ондағы орын саны 50 пайызға көбейді.

Сонымен қатар, Алакөлге жүретін автобустардың да саны екі есе артқан. Күніне 768 орындық 16 автобус жолға шығады.


Соңғы жаңалықтар