18 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атуалы күндер, оқиғалар, есімдер

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарға 2018 жылғы 18 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

«Түркі жазуы» күні
2014 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің шешімімен 18 мамыр «Түркі жазуы күні» деп жарияланып, Үкімет шешімімен бекітілді. Бұл датаның таңдалу себебі, дәл осы күні ежелгі түркі сөздері жазылған Күлтегіннің көк тасының көшірмесі Моңғолия даласынан Астанаға әкелінген болатын.

2014 жылы «Түркі жазуы күнін» атап өту мақсатында Астанада алғаш рет халықаралық форум өтті. Оны халықарылық Түркі академиясы ұйымдастырды. Екікүндік шараға Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және өзге де түркітілдес елдерден көрнекті ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, депутаттар мен дипломаттар қатысты. Олар түркі жазуының өткені мен болашағын, ортақ тарихтың мән-маңызы мен зерттелу мәселелерін талқылады.

Көне түрік жазуы - руна немесе сына жазуы деп аталады. Көне түрік жазуының ескерткіштері Орталық Азия аумағында көп табылған. Олардың ішіндегі ең белгілісі Солтүстік Моңғолия жеріндегі Орхон, Селенга, Толы өзендерінің бойынан табылған тастағы жазулар. Руна жазулары түріктердің атақты билеушілері Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөктің құрметіне арналған.

Ертедегі түрік жазуын тұңғыш рет ХVІІІ ғасырдың 20-жылдарында І Петрге қызмет еткен неміс ғалымы Д.Мессершмидт пен оған еріп жүрген шведтің тұтқын офицері И.Страленберг Енисей аңғарында ашты. Олар Скандинвияның руналық жазуымен ұқсастығына қарап, оны «руналық» жазу деп атады. Атау онша дәл болмағанымен, қолайлы болып шықты және ғылымда осы атау орнығып қалды. 1889 жылы Н.М.Ядринцев Солтүстік Моңғолияда, Орхон өзенінің аңғарынан руна жазулары бар орасан зор құлыптастарды тапты.

Табылған тексті оқудың кілтін алғаш тапқан дат ғалымы В.Томсен, ал жазбаларды алғаш рет оқыған орыс түркологы В.Радлов болды. 

Халықаралық мұражайлар күні
1977 жылдан бастап жыл сайын әлемнің 150-ден астам елінде аталып өтеді. Осы күні барлық мұражайларда ашық есік күні өтеді. Қазақстанда 224 мұражай бар.

Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы вакциналау күні
1997 жылы 18 мамырда АҚШ президенті Билл Клинтон Балтимордағы Морган мемлекеттік университетінің түлектері алдында сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ғылым мен технология дәуірінде жаңа мақсаттар қоюға шақырды. Осы мақсаттардың ішінде ол ЖИТС-ке қарсы екпе жасауды атап, АИТВ-ға қарсы тиімді екпенің ЖИТС-ті жоя алатынын мәлім етті. Алғаш рет Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы екпе күні бір жылдан кейін, 1998 жылы аталып өтілді.


ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1945 жылы Қостанай облысында топографиялық-геодезиялық қызмет ұйымдастырылды.

1973 жылы Ақтөбе қалалық Оқушылар сарайы ашылды.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарына алғашқы ресми сапарымен барды. Сапар барысында Елбасы АҚШ Президенті Джордж Бушпен, Мемлекет хатшысы Дж.Бейкермен, қорғаныс министрі Р.Чейнимен, қаржы министрі Н.Брейдимен, ауыл шаруашылығы министрі Э.Мэндиганмен, орталық барлау басқармасының директоры Р.Гейтспен, сенаторлар Дж.Митчелмен, Р.Доулмен, К.Пеллмен, С.Наннмен, А.Крэнстонмен, Р.Лугармен, Дж.Байденмен, К.Левинмен, «Шеврон» корпорациясының төрағасы К.Деррмен кездесулер өткізді.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев ақын Олжас Омарұлы Сүлейменовке «Қазақстанның Халық жазушысы» куәлігін және төсбелгісін табыс етті.

1999 жылы Кентау қаласында композитор Сейдолла Бәйтереков атындағы Халықаралық «Әлия» ән фестивалі өтті.

2001 жылы Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі орнатылып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына арналған «Байырғы түркі мәдениеті: жазба ескерткіштер» тақырыбы бойынша халықаралық ғылыми-теориялық конференция өз жұмысын бастады.

2006 жылы Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловаға туралы «Әлия ғұмыр: ерлік пен өнеге» атты жаңа кітап жарық көрді.

2010 жылы ҚР Президенттік мәдениет орталығында белгілі қазақстандық суретші Ерболат Төлепбайдың көрмесі ашылды. Суретші экспозицияға жеке коллекциясындағы, соңғы бес жылда қылқаламынан туған туындыларын қойды.

Ерболат Төлепбай - Третьяков галереясында жеке көрмесін өткізген жалғыз қазақ суретшісі. Қазір оның туындылары Франция, Италия, Германия, Үндістан, Қытай, Египет, Ресей елдерінің алдыңғы қатарлы музейлерінің көркіне айналған.

2010 жылы «M.A.R.I.D.I.» компаниясының мамандары қазақ тілін үйренуге арналған таптырмас бағдарламаны жасап шықты.

Бағдарламаның лексикалық қоры 13 700 сөз және 8 000 фразадан құралған. Оның ауызекі сөйлеуді үйренуге арналған бөлімі, бизнес терминдерінің кеңейтілген сөздігі, бухгалтерия және іс жүргізуге мамандандырылған бөлімі бар.

Еуропаның «M.A.R.I.D.I.» компаниясы - шет тілдерді жылдам үйретуге арналған кәсіби ІТ-шешімдер жасау бойынша алдыңғы қатарлы компаниялардың бірі.

2011 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің Дін істері комитеті Қазақстан Республикасының Дін істері жөніндегі агенттігіне айналдырылып, оған конфессияаралық келісім, азаматтардың наным еркіндігін қамтамасыз ету, діни бірлестіктермен өзара ықпалдастық саласындағы құзыреттер берілді.

2011 жылы Әбу-Даби қаласында БАӘ негізін қалаушы, БАӘ президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл-Нахаян атындағы Мемлекеттік университетте Дж. Айткеннің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның құрылуы» атты кітабының араб тіліндегі нұсқасы таныстырылды.

Автор осы басылымға араб жұртшылығының ерекше қызығушылық танытып отырғанын тілге тиек етіп, бұл Н. Назарбаев басқарып отырған Қазақстан әлемнің көптеген халықтары үшін бейбітшіліктің, гүлденудің, тұрақты өркендеудің символына айналғанын көрсететінін айтты.

2011 жылы Болгарияның экономикалық, мәдени, туристік орталықтарының бірі Пловдив қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы салтанатты түрде ашылды. Ол қазіргі Қазақстанға қызығатын болгариялықтар үшін ақпараттық орталыққа айналып, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамып келе жатқанына айғақ болды.

2011 жылы Павлодар облысында Славян жазуы мен мәдениетін апталығы ашылды. Алғашқы күні өткен раритет кітаптардың көрмесіне тұңғыш баспагер Иван Федоровтың «Азбукасы», князь Святослав кітаптарының факсимилиясы, ХІХ ғасыр және ХХ ғасырдың бас кезіндегі басылымдар қойылды.

2011 жылы Шымкентте салтанатты түрде Мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды. Онда граниттен жасалған ҚР Елтаңбасы, Тәуелсіздік туралы декларация және ел картасы орнатылған.

2012 жылы ҚР Ұлттық банкі құны 2012 жылғы дизайны өзгертілген 10 000 теңгелік банкнотаның айналымға шығарылғанын хабарлады.

2012 жылы Қазақстанда ТМД елдерінің алғашқы «Симург-Этно-Фест» Халықаралық этнографиялық фильмдер фестивалі өтті. Оған Орталық Азия және түркі әлемі елдерінің кинематографтары жұмылдырылды.

2013 жылы Заманауи өнер музейінде «НЕФОРМАТ» атты ерекше көрме ашылды. Көрмені ашудағы мақсат үлкен өлшемдегі картиналарды ғана емес, сонымен қатар тарихи тұлғалар - Исатай мен Махамбеттің, Алматының 20-жылдардағы келбеті өрнектелген суреттерді, т.б. кең жұртшылыққа көрсету болды. Көрмеге 1950-1977 жылдары Қазақстан, Ресей, Украина суретшілерінің қылқаламынан туған көркемдік әрі тарихи мәні зор 17 туынды қойылды.

2013 жылы Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ғимаратында педагог ғалым Қабдыл-Уақап Қапеновке ескерткіш тақта орнатылды. Қ. Қапенов еліміздің педагогикасына 45 жылын арнады. Жиырмадан астам ғылыми еңбек пен қазақ мектебінде орыс тілін оқыту әдістемесіне арналған үш монография берді. Халыққа білім беру ісін дамытуға қосқан сүбелі үлесі үшін оған «Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі» атағы берілді.

2014 жылы Қарағанды облысының Көкпекті ауылында бейбітшілік пен қайырымдылық аллеясы ашылды. Аллеяға 50 ағаш отырғызылды.

2015 жылы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті ТМД-ның 130 университетінің басын қосқан Еуразия қауымдастығына кірді. Оны қабылдау туралы шешім Санкт-Петербургте Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Украина университеттерінің ректорлары мен өкілдерінің қатысуымен өткен Еуразия қауымдастығының ХІІІ съезінде қабылданды.

2015 жылы Севастопольде ХІ Халықаралық «Бірге жеңдік» фестивалі өтті. Оған әлемнің түрлі елдерінен 100-ден астам кинематографист, режиссер, продюсер қатысты.

«Хабар» агенттігінің журналисі Салауат Темірболатұлының «Жоғалған қазақ дивизиясы жайлы» репортажы «Репортаж» аталымында бас жүлдені жеңіп алды. Ол 1942 жылы Ақмолада құрылған 106-шы Қазақ кавалерия дивизиясының тарихын зерттеуге арналды.

2015 жылы Италияның Турин қаласында Қазақстан алғаш рет «Salone Internazionale del Libro» халықаралық кітап көрмесіне қатысты.

«Алматы кітап баспасының» стендінде қазақстандық жазушылардң жаңа туындылары, балалар әдебиетіне арналған шығармалар, «Менің Қазақстаным» сериясымен үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жарық көрген кітаптар мен альбомдар ұсынылды.

2016 жылы Мемлекет басшысы Н. Назарбаев қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлесі және бейбітшілік пен азаматтық келісімді нығайтуға бағытталған белсенді қоғамдық қызметі үшін ақын, жазушы, қоғам қайраткері Сүлейменов Олжас Омарұлына «Қазақстанның Еңбек ері» алтын жұлдызын табыс етті.

2017 жылы Мемлекет басшысы Н. Назарбаев актер, режиссер Асанәлі Әшімовке «Қазақстанның Еңбек ері» атағын табыс етті. Нұрсұлтан Назарбаев өз атынан және мемлекет атынан А. Әшімовті құттықтап, оның театр мен кинодағы табысты еңбегін атап көрсетті.

 

ЕСІМДЕР

null 133 жыл бұрын (1885-1955) ақын АЙНАБЕКОВ Қайып дүниеге келді.
Қарағанды облысында туған. 1921 жылы Орынборда өткен Кеңестердің Бүкілқазақстандық 2-съезіне делегат болды. 1923 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық этнографиялық көрмеге қатысып, өнер көрсетті. Алғашқы өлеңдер жинағы «Қырдың қызыл гүлдері» 1928 жылы жарық көрді. Ақын шығармалары ел өміріндегі елеулі тарихи оқиғаларды жырлауға, адалдық пен тәрбие мәселелерін уағыздауға құрылған. Ақынның қазақ ауылының сол кезеңдегі жағдайын баяндайтын «Қолаң» және көмірлі Қарағанды кеншілерінің өмірін суреттейтін «Алып туралы аңыз» дастандары бар. Өлеңдері, дастандары мен айтыстары халық ақындарының ұжымдық жинақтарында, Мәскеуде орыс тілінде жарық көрген «Қазақ поэзиясының антологиясында» жарияланған. Ол бірнеше ән шығарып, халық әндерін ел ауызынан жинау, жаздыру ісімен де айналысты. Белгілі музыка жинаушы А.В.Затаевич Айнабековтен «Сұлушаш», «Қос көтерме», «Әупілдек», «Назқоңыр», «Жеңеше» сияқты халық әндерін жазып алған.

90 жыл бұрын (1928-2010) жазушы, ақын ӘБУТӘЛИЕВ Нәбиден дүниеге келді.
Атырау облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген соң, ұзақ жылдар бойы «Социалистік Қазақстан» газетінде, «Парасат» журналында, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде, «Жазушы» баспасының көркем аударма редакциясында қызмет істеді. Жазушының «Қайран Нарын», «Өттің, дүние» атты екі повесі, «Наркескен» атты романы, «Толқы, дала» өлеңдері, «Жаңарған ауыл», «Боран Нысанбаев» очерктері т.б. кітаптары жарық көрген. Ол Э.Хеменгуэйдің «Климанджаро - қарлы тау», «Мереке қызық мол жылдар» атты шығармаларын, моңғол жазушысы Б.Чоцндонның «Ұлы Гобиде» атты повесін, В.Пикульдің, Ә.Бикчентаевтың әңгімелерін, С.Сартаковтың «Тау самалы» деген атпен бірнеше повестерін қазақ тіліне аударған. Көптеген медальдармен, «Баспасөз үздігі» белгісімен марапатталған.

null 82 жыл бұрын (1936) Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі, ақын, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, ядрорлық сынаққа қарсы «Семей-Невада» қозғалысының, Халық конгресі партиясының көшбасшысы, Қазақ КСР-інің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан комсомолы, БЛКЖО сыйлығының лауреаты, Татарстан Республикасының Ш.Маржани атындағы Тарих институтының құрметті докторы СҮЛЕЙМЕНОВ Олжас дүниеге келді. 
Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің география факультетін бітіріп, М.Горький атындағы Әдебиет институтында оқыған. «Казахстанская правда» газеті редакциясының бөлім меңгерушісі, «Қазақфильм» киностудиясы сценарий-редакциялық алқасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Қазақстанның Италиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметтерін атқарған. Ол өз туындыларын орыс тілінде жазады. Өлеңдері мен поэмаларының алғашқы жинағы 1961 жылы «Арғымақтар» деген атпен жарық көрген. Оның сценарийі бойынша «Атамекен», «Көгілдір маршрут», «Қыс - қолайсыз маусым», т.б. фильмдер түсірілген. «Аз и Я», «Жазу тілі» атты тіл біліміне қатысты зерттеулері, «Нұрлы түндер», «Мешін жылы», «Көңіл көкжиегі», «Әр күн - арайлы таң», «Ақ дария аспаны», «Жұмыр жұлдыз», «Шапағатты шақ», «Атамекен», т.б. жинақтары шыққан. І дәрежелі «Барыс», Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі», Қазан революциясы ордендерімен, медальдармен марапатталған.

null 79 жыл бұрын (1939) жазушы, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі ҚҰДАБАЕВА Кәмила дүниеге келді.
Талдықорған қаласында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Қарағанды, Жезқазған облыстық газеттерінде, радио және теледидар редакцияларында, республикалық «Жалын» баспасында, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты «Тура би» журналында жауапты қызметтер атқарды. Қаламгердің «Қызыл көйлекті қыз», «Раушан гүлдер», «Ұйқысыз түдер», «Ең сұлу қыз», «Жалғыз хат» атты прозалық кітаптары жарық көрген. Көркем аударма саласында қарақалпақ жазушысы Т.Қайыпбергеновтің жасөспірімдерге арналған повестерін, орыс жазушысы Г.Немченконың балаларға арналған повестері мен әңгімелерін қазақ тіліне тәржімалаған. «Баспасөз үздігі» белгісімен марапатталған.



null 78 жыл бұрын (1940) «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы ҚАЙДАРОВ Рүстем Есімханұлы дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1985-1990 жылдары - Кеңес Одағының ІІМ Қазақстан мен Қырғызстандағы Ұйымдасқан қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі аймақаралық басқарма бастығы. 1996-1999 жылдары Қазақ мемлекеттік заң университеті қылмыстық және соттық сараптау кафедрасының меңгерушісі. «Қазақ КСР Қылмыстық істер жүргізу Кодексі түсініктемесінің» әзірленуіне және басылуына қатысты. 1995-1996 жылдары - ТМД Парламентаралық Ассамблеясында Қазақстан Республикасы Парламентінің Кодекстер моделі үлгілерін өңдеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі. 1996 жылдан - БҰҰ Комиссиясының 39-сессиясында есірткімен күрес мәселесі бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі делегациясының басшысы. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасындағы біріккен ақпараттық кеңістік құру туралы» Жарлығы авторларының бірі. Құқық тәртібі мен заңнамалық қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі халықаралық және үкіметтік комиссия жұмыстарының белсенді мүшесі. 20-дан астам ғылыми мақалалардың авторы. 1999 жылдан «Қорғау» зейнетақы жинақтау қоры» акционерлік қоғамының президенті, «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ресей Жаратылыстану ғылыми академиясының корреспондент мүшесі, БҰҰ Халықаралық ақпараттану академиясының және Дүниежүзілік ақпараттық парламенттің академигі, Кеңес Одағының ІІМ еңбек сіңірген қызметкері.

null 71 жыл бұрын (1947) жазушы, әдебиет сыншысы САРБАЛАЕВ Бақыт Тұрсынұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты «Қызыл жұлдыз» кеңшарының «Жайылма» ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогика институтын тамамдады. Туған ауылындағы мектепте бір жыл сабақ береді. 1970 жылы Алматы облысындағы Іле аудандық «Ильич жолы» газетіне жұмысқа орналасады. Бұдан кейін республикалық «Қазақстан мұғалімі» газетінде төрт жыл қызмет атқарады. 1974-1978 жж. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің әдебиет пен өнер, 1978-1982 жж. «Жалын» альманахының сын мен өнер бөлімінде жұмыс істейді. 1982-1986 жж. Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің репертуарлық-редакциялық алқасында аға редактор, 1986-1990 жж. «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясының сын бөлімінде әдеби қызметкер болды. 1990 жылдан ұлт газеті «Ана тілі» газеті апталығы бас редакторының орынбасары, 1995 жылдан халықаралық «Қазақ елі» газетінің бас редакторы міндетін атқарды. 2007 жылдан «Сын» журналының бас редакторы.Алғашқы «Өлең салмағы жүрекпен өлшенеді» атты сын мақаласы 1966 жылы «Лениншіл жас» газетінде жарық көрді. 1981 жылы «Қызыл алма» әдеби-сын мақалаларының жинағы жарық көрді. «Ақиқат алдында», «Өткірдің жүзі», «Ел мен Елбасы» атты кітаптары шықты. Жекелеген шығармалары орыс, өзбек, қырғыз, моңгол тілдеріне аударылған.
1979 жылы Мәскеуде өткен жас жазушылардың бүкілодақтық VІІ кеңесіне қатысты. Қазақстан Журналистер одағының (1992) және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының (1994) лауреаты. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Төралқа мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы.

null 69 жыл бұрын (1949) республикалық «Президент және Халық» газетінің бас редакторы ТОҚАШБАЕВ Марат дүниеге келді.
Талғар қаласында туған. 1969 жылдан Алматы облыстық «Жетісу» газетінде, 1982 жылдан республикалық «Білім және еңбек» журналында бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің органы - «Халық Кеңесі» газетінде жауапты хатшы, Бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарды. 1994 жылы «Заң газетінің» алғашқы бас редакторы болды. 1997 жылы Қазақ теледидарының жаңадан құрылған «Ақшам» ақпарат бағдарламасын басқарды. «Қазақстан-1» телеарнасы ақпарат бағдарламасының Ақмоладан тікелей эфирге шығуын қамтамасыз етті. Қазақстан Президентінің Түркияға, Ұлыбританияға, АҚШ-қа сапарлары туралы репортаждар жүргізді. 1999 жылы Меккеден әлемдік трансляция бойынша қазақ тілінде алғашқылардың бірі болып тікелей эфирден репортаж берді. 1999 жылдан Қазақ теледидарының Бас директоры болды. 2002 жылы халықаралық «Қазақстан-Заман» газетін басқарды. Балаларға арналған республикалық «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы. Қазір «Президент және халық» газетінің бас редакторы.  1975 жылы Қазақ мемлекеттік университетін, 1990 жылы Мәскеудегі баспасөз қызметкерлерінің білімін жетілдіру институтын бітірген. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты. Публицистикалық мақалалардың, «Қазақстан-1» телеарнасындағы «Жұмадағы жүздесу», «Атамекен», «Түркі әлемі», «Истоки», «Сәлем, ХХІ ғасыр!», «Қадыр түні» сияқты жұртқа танымал жобалардың авторы. Елбасының екі рет алғыс хатын алған. «Астана» медалінің иегері.

null 61 жыл бұрын (1957) ҚР Ішкі істер министрі ҚАСЫМОВ Қалмұханбет Нұрмұханбетұлы дүниеге келді.
Алматы облысы Іле ауданының Дмитриевка аулында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1979 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген, мамандығы - заңгер. Милиция генерал-лейтенанты, 1979 жылдан бастап - тергеуші, аға тергеуші, тергеу бөлімінің бастығы, Алматы облысы ІІБ Іле аудандының ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары. 1988 жылдан бастап - Алматы облысы ІІБ-нің қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығының орынбасары. 1989 жылдан бастап - Алматы облысы ІІБ Қапшағай ІІБ-нің бастығы. 1992 жылдан бастап - Алматы облысы ІІБ Криминалдық милиция басқармасының бастығы, Алматы облысы ІІБ бастығының бірінші орынбасары. 1997 жылдан бастап - Алматы қаласының ішкі істер бас басқармасының бастығы. 2003 жылдан бастап - Алматы облысы ішкі істер бас басқармасының, Ішкі істер департаментінің бастығы. 2005 жылдан бастап - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің бірінші вице-министрі, вице-министрі.2009 жылдан бастап - Шығыс Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің бастығы. 2011 жылдың сәуір айынан бастап қазіргі уақытқа дейін - Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі. ІІ дәрежелі «Данқ» орденімен, «Астана», «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін», «Құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін», «Қазақстан Конституциясына - 10 жыл», «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ардагері», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медальдарімен марапатталған. ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.

null 56 жыл бұрын (1962-2015) қазақстандық және ресейлік эстрада әншісі, композитор ШҮКЕНОВ Батырхан Қамалұлы дүниеге келді.
Қызылорда облысында туған. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бітірген. 1982 жылдан Роза Рымбаеваны сүйемелдейтін «Арай» тобына кірді. 1987 жылы «Алматы» тобын құрады. Кейіннен ол «Алматы-Студио» тобы болып қайта құрылды. 1989 жылы өзінің атақты «Джулия» деп аталатын хитын жазды. Осы жылы «А Студио» Алла Пугачеваның «Рождестволық кештер» әш кешіне қатысқаннан кейін ансамбль атағы бұрынғы Кеңсе одағы аумағында танымал болды. Әнші 2002 жылы Қазақстанға оралып, өзінің алғашқы «Отан ана» атты жеке альбомын шығарды. 2007 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәдениет жөніндегі кеңесшісі болды. 2009 жылы ЮНИСЕФ ерікті елшісі, 2010 жылдан бастап Алматыдағы Қайырымдылық балы комитетінің құрметті мүшесі болды.
Батырхан Шүкенов 53 жасқа қараған жасында Мәскеу қаласында жүрек талмасынан қайтыс болды. Марқұм Алматыда жерленді.

null 56 лет назад (1962) родился ХУРШУДЯН Эдуард Шагенович - президент общества «Армения - Казахстан».

Родился в г.Ереван (Армения). Ереванский государственный университет, восточные языки и литература; Общевойсковую военную академию Алжира (г.Шершель).

Трудовой стаж: преподаватель армянского, персидского и среднеперсидского языков в Институте востоковедения (Санкт-Петербург, РФ) (1985-1990); научный сотрудник Ленинградского отделения института востоковедения АН СССР, отдел Древнего Востока (1988-1990); научный сотрудник Института востоковедения НАН РА, отдел Ближнего и Среднего Востока (1990-1992); старший научный сотрудник Института востоковедения НАН РА, отдел Ближнего и Среднего Востока (1992-1993); преподаватель восточно-армянского языка в Институте сравнительного индоевропейского языкознания и Индо-иранистики (Германия) (1993-1994); старший научный сотрудник института востоковедения НАН РА, отдел Ближнего и Среднего Востока (1994-1997); заведующий отделом Ирана МИД Армении (управление Ближнего и Среднего Востока) (1997-1999); Чрезвычайный и Полномочный Посол Армении в Казахстане и в Кыргызстане по совместительству (1999-2004); директор по развитию бизнеса Alcatel Central Asia (Казахстан, Кыргызстан, Узбекистан, Таджикистан, Туркменистан, Монголия) (2004-2006); директор по развитию бизнеса Alcatel-Lucent Central Asia (2006-2007); генеральный директор компании Hi-Telco Kazakhstan (с 2007 года).

Награжден медалью «10 лет независимости Казахстана» (2001), серебряной медалью «Яна Масарика» (Чехия) (2001); Почетной грамотой Республики Казахстан за значительный вклад в укрепление и развитие двусторонних отношений между Казахстаном и Арменией (2004).

 

null 44 жыл бұрын (1974) Қостанай облысының Жітіқара ауданының әкімі ЫБЫРАЕВ Абай Сәрсембайұлы дүниеге келген.

Ол Челябі облысының Пласт қаласында дүниеге келген. 1995 жылы Қостанай ауыл шаруашылығы институтын экономика және агроөнеркәсіп кешені салаларын басқару мамандығы бойынша бітірді.  

Еңбек жолы: Жітіқара ауданы бойынша салық комитетінде салық инспекторы, есеп бөлімінің бастығы, ақпараттық қамтамасыз ету және есеп бөлімінің бастығы, салық комитеті төрағасының орынбасары, ұйымдастыру-құқық бөлімінің бастығы, аудит бөлімінің бастығы (1995-2003); «Жәрдем» ауылдық кредиттік серіктестігі ЖШС төрағасы (2003-2006); «Казкоммерцбанк» АҚ Жітіқара бөлімшесінің бастығы (2006-2010); «Қостанай облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасы» ММ экономика және қаржы бөлімінің бастығы (2010-2011); Жітіқара ауданы әкімінің экономика мәселелері жөніндегі орынбасары (2011-2014); Қостанай облысы Лисаковск қаласының «Лисаковскгоркоммунэнерго» ПХО МКМ бас директоры (2014); Ұзынкөл ауданының әкімі (2014). 

Қазіргі лауазымын 2015 жылғы қыркүйектен бері атқарып келеді.

 


null 37 жыл бұрын (1981) «Астана» Халықаралық қаржы орталығының басқарушы директоры САЯСАТ Нұрбек дүниеге келді.
Семей қаласында туған. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің заң факультетін бітірген. Сингапурда мемлекеттік қызмет колледжінде, АҚШ-тың Индиана штатында Нотр Дэйм университетінде оқыды, Римде La Sapienza университетінде халықаралық қауіпсіздік және геосаясат магистрі дәрежесін алды, Римдегі ICU институтында 2 жылдық тағылымдамадан өтті. 2000-2002 жылдары конгресмен Марк Смиттің сайлауалды науқанында жеке көмекшісі, Айова штаты үкіметінің ақпараттық технологиялар департаментінде инновациялық технологиялар қызметкері болды. 2002-2006 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Мемлекет пен құқық теориясы және тарихы» кафедрасында оқытушы, Қазақстан жастар конгресінің атқарушы директоры және Астанадағы «Art-Motion» ЖШС-да промоушн және дизайн агенттігінің директоры. 2006-2008 жылдары - Туриндегі қысқы Олимпиадалық ойындарда TOROS-та ұйымдастыру комитетінің аудармашысы, «Қазына» Орнықты даму қоры» АҚ инвестициялық жобалар департаментінің менеджері, басқарма төрағасның кеңесшісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің кадр жұмыстары және мемлекеттік бақылау бөлімінің кадр саясаты секторының меңгерушісі. 2008-2009 жылдары - ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік және жергілікті басқару институтының менеджмент кафедрасының доценті, ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі вице-ректоры. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ кадр саясаты және персоналды басқару департаментінің атқарушы директоры. 2010-2013 Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті болды.

null 970 жыл бұрын (1048-1123) парсы-тәжік поэзиясының классигі, ғалым, математик, астроном, ақын және философ Омар ХАЙЯМ (Гияс ад-Дин Абу-ль-Фатх Омар ибн Ибрахим аль-Хайям Нишапури) дүниеге келді.
Жас кезінде жақсы отбасының тәрбиесінде болған, әрі өлеңге құмартып өскен, оның кейбір өлеңдері осы күнге дейін жеткен. Нишапурда жұмыс атқарған кезінде, сол кездегі оқымыстылармен бірлесіп сол замандағы күнтізбеге өзгерістер енгізген. Оның ең негізгі еңбегі «Алгебра мәселелерінің дәлелі» атты кітап. Бұл кітаптың арабша қолжазбасы мен латынша аударма нұсқасы сақталған, әрі қазір көптеген шет тілдеріне аударылып басылды. Евклидтің кітабын аударып және оған түініктеме берген. Омар Хайям рубайларының І.Шаңғытбаев аударған нұсқасы (325 рубай) 1965 жылы жеке кітап болып шықты. Ө.Күмісбаев «Иранбақтың бұлбұлдары» атты жинағында бірнеше шығыс ақындарымен қатар Омар Хайям өлеңдерін аударды (2004). Омар Хайямның кесенесі Нишапур қаласында орналасқан.


null 174 жыл бұрын (1844-1875) швед саяхатшысы, Париж Географиялық қоғамының мүшесі МОЗЕР Генри дүниеге келді.
Ресейдің Санкт-Петербор қаласында туған. Женевада оқып, бакалавр дәрежесінде білім алған. 1867-1883 жылдары Сібірге, үш рет Орта Азияға саяхат жасаған. 1885-1888 жылдары Парижде француз тілінде «Орта Азияға (Қазақ даласына, Түркістанға, Бұхараға, Хиуаға, түркімендерге және Персияға) саяхат», орыс тілінде «Орта Азия елдерінде» деген атпен кітаптары шықты. Мозердің бұл еңбектерінде ХІХ ғасырдың соңғы ширегіндегі қазақ-орыс қатынастары, Ырғыз, Қазалы, Перовск (Қызылорда), Түркістан, Шымкент, Верный (Алматы), тағы басқа әкімшілік сауда орталықтары, олардағы халықтың этнографиялық құрамы, қазақтардың кәсібі, Сырдария өзені бойында егіншіліктің дамуы жөнінде деректер келтірілген. Қазақтардың әдет-ғұрпы, киім-кешегі, спорттық ойындары жөнінде құнды мәліметтер жинақталған. Мозер қазақтардың тұрмыс-салтымен жақын танысып, қазақ тілін үйренген. 1887 жылы шілдеде Люцернде (Швейцария) өткен Орта Азия елдері халықтары өнерінің көрмесіне 170 суретпен безендірілген Мозердің кітабы қойылды. Ондағы қазақтардың тұрмысын, спорт ойындарын (көкпар, тағы басқа) бейнелейтін гравюралар жұртшылық назарын ерекше аударды.

 

Соңғы жаңалықтар