18 мамыр. ҚазАқпарат: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарға 2019 жылғы 18 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

«Түркі жазуы» күні
2014 жылы Қазақстан Республикасы Парламентінің шешімімен 18 мамыр «Түркі жазуы күні» деп жарияланып, Үкімет шешімімен бекітілді. Бұл датаның таңдалу себебі, дәл осы күні ежелгі түркі сөздері жазылған Күлтегіннің көк тасының көшірмесі Моңғолия даласынан Астанаға әкелінген болатын.

Көне түркі жазуы - руна немесе сына жазуы деп аталады. Көне түркі жазуының ескерткіштері Орталық Азия аумағында көп табылған. Олардың ішіндегі ең белгілісі Солтүстік Моңғолия жеріндегі Орхон, Селенга, Толы өзендерінің бойынан табылған тастағы жазулар. Руна жазулары түріктердің атақты билеушілері Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөктің құрметіне арналған.

Ертедегі түрік жазуын тұңғыш рет ХVІІІ ғасырдың 20-жылдарында І Петрге қызмет еткен неміс ғалымы Д.Мессершмидт пен оған еріп жүрген шведтің тұтқын офицері И.Страленберг Енисей аңғарында ашты. Олар Скандинавияның руналық жазуымен ұқсастығына қарап, оны «руналық» жазу деп атады. Атау онша дәл болмағанымен, қолайлы болып шықты және ғылымда осы атау орнығып қалды. 1889 жылы Н.М.Ядринцев Солтүстік Моңғолияда, Орхон өзенінің аңғарынан руна жазулары бар орасан зор құлыптастарды тапты.

Табылған тексті оқудың кілтін алғаш тапқан дат ғалымы В.Томсен, ал жазбаларды алғаш рет оқыған орыс түркологы В.Радлов болды.

Халықаралық музейлер күні
1977 жылдан бастап жыл сайын әлемнің 150-ден астам елінде аталып өтеді. Осы күні барлық музейлерде ашық есік күні өтеді. Қазақстанда 224 музей бар.

Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы вакциналау күні

1997 жылы 18 мамырда АҚШ президенті Билл Клинтон Балтимордағы Морган мемлекеттік университетінің түлектері алдында сөз сөйледі. Ол өз сөзінде ғылым мен технология дәуірінде жаңа мақсаттар қоюға шақырды. Осы мақсаттардың ішінде ол ЖИТС-ке қарсы екпе жасауды атап, АИТВ-ға қарсы тиімді екпенің ЖИТС-ті жоя алатынын мәлім етті.

Алғаш рет Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы екпе күні бір жылдан кейін, 1998 жылы аталып өтілді.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1992 жылы
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарына алғашқы ресми сапарымен барды. Сапар барысында Елбасы АҚШ Президенті Джордж Бушпен, Мемлекет хатшысы Дж.Бейкермен, қорғаныс министрі Р.Чейнимен, қаржы министрі Н.Брейдимен, ауыл шаруашылығы министрі Э.Мэндиганмен, орталық барлау басқармасының директоры Р.Гейтспен, сенаторлармен, «Шеврон» корпорациясының төрағасы К.Деррмен кездесулер өткізді.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ақын Олжас Сүлейменовке «Қазақстанның Халық жазушысы» куәлігін және төсбелгісін табыс етті.

2007 жылы Қазақстан Республикасының Парламенті Конституцияға ел Президентінің өкілеттігіне қатысты түзетулер енгізді. Түзетулерге сәйкес, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне - Елбасына Қазақстан Республикасының Президенті болып сайлану құқығына шектеу қолданылмайды.

2011 жылы Әбу-Даби қаласында БАӘ негізін қалаушы, БАӘ президенті шейх Заид бен Сұлтан Әл-Нахаян атындағы Мемлекеттік университетте Дж. Айткеннің «Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның құрылуы» атты кітабының араб тіліндегі нұсқасы таныстырылды.

2011 жылы Болгарияның экономикалық, мәдени, туристік орталықтарының бірі Пловдив қаласында Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығы салтанатты түрде ашылды. Ол қазіргі Қазақстанға қызығушылық танытатын болгариялықтар үшін ақпараттық орталыққа айналып, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамып келе жатқанына айғақ болды.

2011 жылы Шымкентте салтанатты түрде Мемлекеттік рәміздер алаңы ашылды. Онда граниттен жасалған ҚР Елтаңбасы, Тәуелсіздік туралы декларация және ел картасы орнатылған.

2012 жылы ҚР Ұлттық банкі дизайны өзгертілген 10 000 теңгелік банкнотаның айналымға шығарылғанын хабарлады.

2012 жылы Қазақстанда ТМД елдерінің алғашқы «Симург-Этно-Фест» Халықаралық этнографиялық фильмдер фестивалі өтті. Оған Орталық Азия және түркі әлемі елдерінің кинематографтары жұмылдырылды.

2015 жылы Италияның Турин қаласында Қазақстан алғаш рет «Salone Internazionale del Libro» халықаралық кітап көрмесіне қатысты.

«Алматы кітап баспасының» стендінде қазақстандық жазушылардың жаңа туындылары, балалар әдебиетіне арналған шығармалар, «Менің Қазақстаным» сериясымен үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жарық көрген кітаптар мен альбомдар ұсынылды.

2016 жылы Мемлекет басшысы Н. Назарбаев қазақ әдебиетіне қосқан сүбелі үлесі және бейбітшілік пен азаматтық келісімді нығайтуға бағытталған белсенді қоғамдық қызметі үшін ақын, жазушы, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовке «Қазақстанның Еңбек ері» алтын жұлдызын табыс етті.

2017 жылы Мемлекет басшысы Н. Назарбаев актер, режиссер Асанәлі Әшімовке «Қазақстанның Еңбек ері» атағын табыс етті. Нұрсұлтан Назарбаев өз атынан және мемлекет атынан А. Әшімовті құттықтап, оның театр мен кинодағы табысты еңбегін атап көрсетті.

2018 жылы Афиныдағы Запион сарайының алдында алғаш рет «Амфония» халықаралық әскери-музыкалық фестивальі ұйымдастырылып, онда ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің Президенттік оркестрі өнер көрсетті.

2018 жылы Данияда өткен Халықаралық хоккей федерациясының конгресінде 2019 жылғы А дивизионындағы әлем чемпионатын қабылдайтын ел таңдалды.

Жарысты өткізуге Қазақстан Республикасы мен Словакия Республикасы өтінім берді. Дауыс беру қорытындысы бойынша Қазақстанның өтінімі жеңіске жетті.

Бірінші дивизиондағы әлем чемпионаты Нұр-Сұлтандағы «Барыс-аренада» алғаш рет өткізілді. Турнирге Қазақстан, Словения, Мажарстан, Беларусь, Оңтүстік Корея және Литва құрама командалары қатысты.

Соңғы жаңалықтар