НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі 18 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында өтетін маңызды шаралар аңдатпасын ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сағат 10.00-де қалалық мәслихаттың мәжіліс залында Қоғамдық кеңес отырысы өтеді. Оның барысында Нұр-Сұлтан қаласында ақылы автотұрақтарды ұйымдастыру үшін сертификатталған арнайы құрылғылар орнатылатын орындарды айқындау мәселесі қаралады.
Сағат 11.00-де ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіповтің қатысуымен онлайн-брифинг өтеді. Тақырыбы: «Жол қозғалысы саласындағы құқыққолдану қызметінің 9 айдағы қорытындысы».
Сағат 18.30-да Kinopark 8 IMAX Saryarka кинотеатрында («Сарыарқа» СО) белгілі режиссер Болат Қалымбетовтың «Мұқағали» атты фильмінің тұсаукесері өтеді.