1700 км жаяу жүріп өткен қарт саяхатшы Алматыға жетті

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Ұлытаудың 72 жастағы тұрғыны Сәрсенбай Қотырашов бүкіл Қазақстанды жаяу аралап шығу ниетімен сапарға шыққан. Бүгін ол 1 700 шақырымды артқа тастап, Алматыға жетті. Бұл - оның жоспарлы бағытындағы 17 қаланың бесіншісі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Саяхатшы Алматыда студенттермен кездесті. Ол жолдағы ең күрделі аумақ – Жезқазған-Қызылорда арасы мен Таразға дейінгі тау асулары болғанын айтты. Сондай-ақ, ауа райы да кедергі келтіретінін жеткізді. Дегенмен, ешбір кедергіге қарамастан, сапарын жалғастырып келеді.

Ақсақал «Ұлытауда болдың ба?» атты марафонға жеті жыл дайындалыпты. Қараша айының басына дейін Қазақстанның 17 қаласын аралап өтпек. Ол үшін жалпы алғанда 8 000 шақырым жүруі керек.

«Жолда кездескен адамдар жиі тоқтап, мені біраз жолға дейін жеткізіп тастауды ұсынды. Бірақ, мен өзіме бүкіл қашықтықты жаяу өтіп шығамын деп серт бергенмін. Мен осы сертімді сақтауым керек», - деді Сәрсенбай Қотырашов.

Ол барлық жерде адамдардың қуанышпен қарсы алып, қолдау білдіріп жатқанына риза. Бұл оған жігер сыйлайтынын айтты. Қаржылай да, азық-түлікпен де көмек көрсеткендер болған.

Марафоншы Алматыдан Қонаев, Талдықорған, Аягөз қалаларына жол тартады, одан әрі Ақтауға жетуді жоспарлап отыр.



«Мен шетелде ешқашан болған емеспін. Осы сапардан соң, келесі жылы Мекке мен Мединаға жаяу баруды армандаймын», - дейді ол.

Айтуынша, туыстары бастапқыда оның бұл сапарына қарсы болған. Кейін қолдау білдіріпті. Ол мұндай марафонға қатысқысы келетіндерде айқын мақсат пен мықты денсаулық болуы керектігін атап өтті.

Ақсақалдың қолдаушы тобы да бар. Онымен бірге Ұлытаудан Қызылордаға дейін, Шымкенттен Алматыға дейін топ жетекшісі, өлкетанушы Бахтияр Қожахметов еріп жүрді.

«Менің көмегім қандай болды? Мен оған таңғы ас жасауға көмектесем. 20 шақырымды көлікпен жүріп өтем, бұл аралықты ол шамамен түске дейін жүріп өту керек. Сол жерде мен шайхана, кафе, ас ішетін жерді іздеймін. Егер олар табылмаса, өзім оған түскі асты дайындаймын. Арықарай осы схема бойынша тағы 20 шақырым жүрем де, түнеп шығатын орынды іздеймін», - деді Бахтияр Қожахметов.

Айта кетейік, Ұлытау ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай-қорығының қызметкері, еңбек ардагері Сәрсенбай Қотырашов 31 наурызда жолға шыққан. Мақсаты – ел тұрғындарын Ұлытау ауданының тарихы және киелі жерлерімен таныстыру, сондай-ақ қолөнершілермен кездесу. Туған жерінің атын асқақтатуды өз міндеті санайды. Ол сондай-ақ, қымыз мейрамын танымал еткісі келеді.

«Сәрсенбай ата саяхатының соңында Президентке «қымыз күнін» жариялау, оны Наурыз, Айт мейрамымен қатар, жыл сайын тойлау туралы хат жазғысы келеді», - деді Бахтияр Қожахметов.

Бұған дейін Ұлытаудан жаяу шыққан марафоншы ақсақал Қызылорда мен киелі Түркістан шаһарына жеткені туралы хабарланған болатын.

Соңғы жаңалықтар