+7 (701) 759 90 19
USD 426.32 EUR 496.24
RUB 6.04 CNY 66.74
Jańalyqtar

17 желтоқсан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

2016 жылғы 17 желтоқсан 06:50
Бөлісіңіз:
17 желтоқсан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2016 жылғы 17 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.

17 желтоқсан. СЕНБІ

Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні.

1991 жылы желтоқсанның 12-інде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны үшін жауаптылыққа тартылған азаматтарды ақтау туралы» Жарлығымен Қазақстандағы 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі оқиғаларға қатысқаны үшін қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауапқа тартылған адамдар ақталды. Сонымен қатар аталған Жарлықтың 4-тармағы бойынша желтоқсанның 17-і - Қазақстан Республикасының Демократиялық жаңару күні деп жарияланды.

Желтоқсан құрбандарын еске алу күні.

Қазақ халқының азаматтық және саяси позициясын айқын аңғарта білген, 1986 жылғы желтоқсанның 17-18-індегі қанды қырғында опат болған жастардың аруағына сыйынып, құран оқылады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

97 жыл бұрын (1919) Орынбор қаласында «Ұшқын» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Ол қазір «Егемен Қазақстан» деп аталады. Өзінің алғашқы нөмірінен-ақ басылым қазақ халқын халықаралық және еліміздің ішкі жағдайларының аса маңызды оқиғаларымен таныстырып отырды. Сол кезден бері газет атын сегіз рет өзгертті.

86 жыл бұрын (1930) Алматы облысының солтүстік-шығысында Ақсу ауданы құрылды. Ауданның аумағы 13,6 шаршы шақырымды құрайды.

30 жыл бұрын (1986) желтоқсанның 17-19-ы аралығында Алматыда қазақ жастарының КСРО билігінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық қимылдары орын алды. Көтерілістің басталуына Мәскеудегі орталықтың республика халқының пікірімен санаспастан Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы Г.В.Колбинді Казақстан Компартиясы ОК-нің 1-ші хатшысы етіп тағайындауы түрткі болды. Желтоқсанның 17-і күні таңертеңгі сағат 8-де қаладағы Л.И.Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Республика алаңы) саяси тәуелсіздікті талап еткен ұрандармен алғашында 300-дей адам жиналып, кешкісін ереуілшілер саны 20 мыңға жетті. Бірақ олардың қойған талап-тілектері аяқ асты етіліп, оларды тарату мақсатында алаңға құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен арнайы әскери күштер тобы жеткізілді. КСРО ІІМ-нің № 0385 бұйрығы негізінде дайындалған «Құйын-86» операциясы бойынша көтеріліс қатыгездікпен басып жаншылды. Желтоқсанның 18-і күні алаңға қайта жиналмақ болған жастарға қарсы әскер күші қолданылды. Олардың қалған топтарын ығыстыру үшін жедел отряд, милиция мен жасақшылардан арнайы топтар құрылып, қала көшелеріне аттандырылды. Осы әскери күштер желтоқсанның 19-ы күні қаланың әр тұсында кайтадан шеруге шықпақ болған 6 топты басып, таратты. Алаңдағы көтерілісшілер таратылған соң ішкі істер бөлімдеріне 2401 адам жеткізілген (Алматы түрмесіне сыймағандықтан, қала сыртына апарып тасталғандарды қосып есептегенде, барлығы 8,5 мың адам ұсталған). Желтоқсан көтерілісі құрбандарының қатарында Е.Сыпатаев, С.Мұхаметжанова, К.Молданазарова, Қ.Рысқұлбеков, М.Әбдіқұлов, Л.Асанова сынды қазақ жастары бар. Желтоқсанның 19-23-і аралығында халықтың наразылық шерулері мен митингілер Қазақстанның Жезқазған, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды, Арқалық, Павлодар, Жамбыл, Талғар, Сарқант, т.б. қалалары мен Сарыөзек, Шамалған, Шелек елді мекендерінде жалғасты. Көтеріліске КОКП ОК-нің қаулысымен «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген баға беріліп, көтеріліске қатысқан азаматтар қуғын-сүргінге ұшырады. КСРО-ның тоталитарлық, отаршыл саясатына қарсы қазақ жастарының азаттық күресі тарихи маңызы бар үлкен оқиға болды. Қазақстан төуелсіздігін алған соң Желтоқсан көтерілісі туралы шындық калпына келтіріліп, бұл жөнінде «Желтоқсан. 1986. Алматы.», «Желтоқсан құрбандарын жоқтау», «Ер намысы - ел намысы» жинақтары, К.Тәбейдің «Мұзда жанған алау», Т.Бейісқұловтың «Желтоқсан ызғары» кітаптары жарық көрді, «Аллажар», «Қызғыш құс» кинофильмдері түсірілді. 2006 жылы М.Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы» атты көлемді кітабы басылып шықты.

17 жыл бұрын (1999) Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев АҚШ-қа ресми сапармен барды. Онда БҰҰ бас хатшысы К.Аннан мырзамен және Бүкілдүниежүзілік еврей конгресінің президенті Э.Бронфманмен кездесті.

13 жыл бұрын (2003) Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды.

9 жыл бұрын (2007) Атырауда жаңа емхана ашылды.

Төрт қабатты ғимаратта орналасқан емхана күніне 300-ге жуық адамды қабылдай алады. Ол қазіргі заманғы медицина аппараттарымен жабдықталған. Онда стационарлық та, амбулаторлық та көмек көрсетіледі.

7 жыл бұрын (2009) Шымкентте Әбілхан Қастеевке арналған ескерткіш орнатылды. Ескерткіш ғұлама суретшінің есімі тағайындалған көркемсурет колледжінің алдында орналасқан.

Әбілхан Қастеев (1904-1973) - Қазақ КСР-нің халық суретшісі, қазақстандық көркемөнерінің негізін салушы. Мыңнан астам шығармасы бар. Оның жұмыстары Ресейдің Мемлекеттік Третьяков галереясында, Шығыс халықтары өнерінің мемлекеттік мұражайында, Мәскеудегі Ленин орденді КСРО Төңкерісі орталық мұражайында, Қазақ КСР Мемлекеттік өнер мұражайында және басқа да көптеген елдердің мұражайларында сақтаулы.

5 жыл бұрын (2011) Түркияда ТҮРКІСОЙ халықаралық түркі мәдениеті ұйымы қазақ ақыны Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толуына орай жиын өткізді.

4 жыл бұрын (2012) Павлодар орталығында «Еңбек даңқы аллеясы» ашылды. Ол өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосқан облыс тұрғындарына арналды. Аллеяда 20 еңбек адамының суреттері орналастырылды.

2 жыл бұрын (2014) Қазақстан QS University Rankings рейтингі бойынша ең үздік университеттері бар елдер тізіміне енді.

ЕСІМДЕР

126 жыл бұрын (1890-1979) актер, режиссер, Қазақ КСР-нің халық әртісі, Башқұрт АКСР-нің еңбек сіңірген әртісі МУРАТОВ (Малинский) Яков Яковлевич дүниеге келді.

Одесса қаласында туған. Одесса қаласындағы театр студиясын бітірген. 1953-1960 жылдары Қазақстанның Балалар және жасөспірімдер театрының орыс труппасында қызмет етті. Драмалық және комедиялық рөлдерде бірдей өнер көрсетіп, көркемсөз оқумен шұғылданды. 1930 жылдан көптеген киноларға түсіп, қойылымдар қойған.

122 жыл бұрын (1894-1938) отандық тіл білімі көшбасшыларының бірі, ғалым-педагог, әдіскер, әдебиетші, сыншы, тарихшы, аудармашы, қоғам қайраткері ШОНАНҰЛЫ Телжан дүниеге келді.

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында туған. Екі сыныптық Ырғыз орыс-қазақ училищесін, Орынбор қырғыз (қазақ) мұғалімдер институтын, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық институтын бітірген. 1917 жылы Алашорда үкіметінің А.Байтұрсынов басшылық еткен Оқу комиссиясына сайланған. Мұғалім, Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, доценті қызметтерін атқарған. 30-дан астам оқулықтың авторы. «Жаңалық», «Сауаттан», «Колхоз ауылы», «Оқу құралы» (А.Байтұрсыновпен бірге), «Тіл дамыту», «Қазақ тілінің оқу құралы», т.б. латын әрпі, татар, ұйғыр, түрік тілдері жайлы зерттеу еңбектері бар. «Қазақ жер мәселесінің тарихы» (1926) атты Ташкентте басылған кітабында қазақ жерін отарлаудың 200 жылдық тарихы талданған. 1994 жылы Ақтөбеде құрылған Т.Шонанұлы атындағы мейірімділік қоры ғалым мұрасын іздестірумен, зерттеумен айналысады.

93 жыл бұрын (1923-1990) жазушы ҚАНАХИН Өтебай дүниеге келді. Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында туған.

Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің (қазіргі «Егемен Қазақстан») әдеби қызметкері, жауапты хатшының орынбасары, «Ара» журналының бөлім меңгерушісі, Қазақстан Компартиясы ОК үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, «Жалын» альманағының бас редакторы, «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналының бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Мәдениет министрлігі репертуарлық-редакциялық алқасының бас редакторы қызметтерін атқарған. Қаламгердің «Ауыр күндерде», «Мұрагер», «Көл жағасында», «Маздақ», «Тұңғыш махаббат», «Жер басып жүрсем» повестері жарық көрген. Жазушының «Қарт сарбаздың хикаясы», «Жүрек қалауы», «Құдірет», «Бақыт бәйшешегі» атты шығармаларын оқырман қауым жақсы қабылдады. «Дәмелі» романы еңбек адамдарының, «Жүрек қалауы» романы студент-жастар өмірін желі еткен. «Жер басып жүрсем» повесінің жалғасы іспеттес «Ата қоныс» кітабы жазушы дүниеден озған соң, 1990 жылы жарық көрді. Қанахин көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп, орыс жазушыларының бірнеше әңгіме-повесін қазақ оқырмандарына ұсынды. «Қызыл Жұлдыз» орденімен, медальдармен марапатталған.

91 жыл бұрын (1925-2010) қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Жиһаз және ағашөңдеу кәсіпорындары қауымдастығының құрметті президенті ӘЛДЕРБАЕВ Молдан дүниеге келді.

Алматы облысы Райымбек ауданында туған. Шығыс Сібір орман техникалық институтын, Бүкілодақтық сырттай инженерлік құрылыс институтын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. 1950-1958 жылдары - Тау-Шілік орман шаруашылығы мекемесінің директоры, директорының орынбасары, Алматы ағашөңдеу комбинатының цех бастығы, «Главалматыстрой» тресті құрылыс басқармасының бастығы. 1958-1969 жылдары -Главстройлесснабсбыт» мекемесі бөлім меңгерушісі, Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің бас маманы, бөлім бастығының орынбасары, бөлім бастығы, іс басқарушысы, 1969-1975 жылдары - Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Қала шаруашылығы және құрылыс бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары. 1975-1988 жылдары - Қазақ КСР-нің Орман және ағашөңдеу өнеркәсібі министрі. 1988-1997 жылдары югославиялық «Югодрво» фирмасының уәкілі қызметтерін атқарған.

Алматы облысының құрметті азаматы. Медальдармен марапатталған.

62 жыл бұрын (1954) педагогика ғылымдарының докторы, математика профессоры, Жоғары мектеп ғылымдары Халықаралық Академиясының академигі, Қазақ спорт және туризм академиясының президенті ЗАКИРЬЯНОВ Қайрат Хайроллаұлы дүниеге келді. Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. 1993-1995 жылдары - Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, облыс әкімінің орынбасары. 1995-1998 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі болған. Қазіргі қызметінде - 1998 жылдан. АҚШ-тағы Иллинойск университетінің құрметті профессоры. Қазақстан университеттері Ұлттық спорт одағының президенті, Еуропа мен Азиядағы спорт жоғарғы оқу орындары қауымдастығының бірінші вице-президенті.

59 жыл бұрын кеңестік, қазақ спортшысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, КСРО еңбек сіңірген спорт шебері (1957-2015) ДОСЫМБЕТОВ Тимур Камалұлы дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтын бтірген. 1966 жылдан спортпен - жүзумен, қазіргі бессайыспен айналыса бастады. 10 жыл бойы КСРО құрамасының құрамында болды. 1980-1982 жылдары - КСРО Ішкі әскерлерінде әскери қызметте болды. 1982 жылдан - КСРО ІІМ ІӘБ жанындағы спорт командасында спорт жөніндегі нұсқаушы. 1984 жылдан - Қазақстан құрамасының қазіргі бессайыс бойынша аға жаттықтырушысы. 1987 жылдан - «Динамо» спорт қоғамының Республикалық кеңесінің оқу-спорт бөлімінің бастығы. 1990 жылдан - Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің алғашқы президенті. 1993 жылдан - «Динамо» спорт қоғамы Қазақ федерациясы төрағасының бірінші орынбасары, Ұлттық олимпиада комитетінің бірінші вице-президенті міндетін қоса атқарушы. 2002 жылдан - ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің президенті. 2006 жылдан бастап ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің бас хатшысы.

Қазіргі бессайыстан халықаралық спорт федерациясы атқару комитетінің мүшесі, Азия Олимпиадалық кеңесі техникалық комитетінің мүшесі, ҚР қазіргі бессайыс федрациясының вице-президенті, Бүкіләлемдік мушкетерлер клубының мүшесі.

КСРО Мемлекеттік телевизия және радиохабары комитетінің суперкубогының иегері (Мәскеу, 1981), Мексика чемпионы (1981), КСРО чемпионы (Таллин, 1982), қазіргі бессайыстан әлем чемпионы (Рим, 1982), КСРО халықтары спартакиадасының көптеген мәрте жүлдегері, қазіргі бессайыстан ірі халықаралық жарыстардың көптеген мәрте жеңімпазы және жүлдегері. КСРО еңбек сіңірген спорт шебері (1982).

«Құрмет» (2008) орденімен; «Астана» (1998), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001)медальдарымен; Казақ КСР және ҚР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамоталарымен (1983, 1996).марапатталған.

246 жыл бұрын (1770-1827) ұлы неміс композиторы, пианист, дирижер Людвиг Ван БЕТХОВЕН дүниеге келді.

87 жыл бұрын (1928) кеңестік және ресей театр және кино актері, КСРО халық әртісі БРОНЕВОЙ Леонид Сергеевич дүниеге келді.

40 жыл бұрын (1975) голливуд актрисасы, музыкант және модель Милла ЙОВОВИЧ (Милица Богдановна Йовович) дүниеге келді.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Ақбөпе Әбдрасул

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT