+7 (701) 759 90 19
USD 386.19 EUR 427.71
RUB 6.07 CNY 54.87
Jańalyqtar

17 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылғы 17 сәуір 07:00
Бөлісіңіз:
17 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2019 жылғы 17 сәуірге арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық кофе күні

Әлемнің көптеген елдерінде кофеқұмар жандар мен кәсіби баристалар осы күнді мереке ретінде тойлайды.

Кофе мерекесін тойлайтын күнге қатысты даулар баршылық. Бірақ негізгі даталар ретінде 17 сәуір мен 29 қыркүйекті атауға болады. Әдетте Кофе күні кофе фестивальдары, түрлі акциялар өткізіледі.

Бүкіләлемдік гемофилия күні

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы мен Дүниежүзілік Гемофилия федерациясы бастамасымен 1989 жылдан бастап Дүниежүзілік гемофилия күні жыл сайын аталып өтеді.

Гемофилия - бұл қанның ұйымауы. Ең ауыр генетикалық сырқаттардың бірі. Бүгінгі күннің дәрілік заттары гемофилияға шалдыққан адамдардың өмір сүру ұзақтығын арттырды. Яғни оларды уақытылы қабылдаудың арқасында толыққанды өмір сүруге, білім алып, жұмыс істеп, отбасын құруға болады.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1991 жылы көркем-әдеби және қоғамдық-саяси «Нива» журналының алғашқы саны жарық көрді. Бұл журналдың ұйымдастырушысы және редакторы ақын, жазушы Владимир Гундарев.

2003 жылы «Халықаралық олимп» конкурсы ұйымдастыру комитетінің халықаралық кеңесінің шешімімен Қазақстан Президенті Н. Назарбаевқа «Халықаралық сыйлықтың лауреаты» атағы беріліп, «ТМД-ны дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі табыс етілді.

2006 жылы Лондондағы Альберт-холлда «Бабалар әуені» атты қазақ фольклорының мерекесі өтті. Онда «Тілеп» композициясы компакт-дискісінің таныстырылымы болды. Композицияның авторы - белгілі ағылшын композиторы Карл Дженкинс. Жеті бөлімнен тұратын «Тілеп» композициясында қазақтың халық музыкасы, Абай әндері, Қорқыт пен Ықылас күйлері, Тілеп Аспантайұлының қобыз сарыны шебер қиюластырылған. Аталмыш шығарманың таныстырылымына Лондонның симфониялық оркестрі, атақты скрипкашы Марат Бисенғалиев, Финляндияның халық хоры, Астанадағы «Тілеп» қобызшылар квартеті мен қазақ халық аспаптары оркестрі қатысты.

2009 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Хайнань» провинциясының құрметті азаматы» атағына ие болды (Қытай Халық Республикасы).

2009 жылы Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Бекет Ата» имандылық-тағылым жинағының тұсаукесері өтті. Кітаптың құрастырушысы - Атырау қаласындағы «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Ислам қажы Мырзабекұлы.

740 беттік кітап 9 бөлімнен тұрады. Олар - Бекет ата Мырзағұлұлының (1750-1813) өмірбаяны, оның атындағы мешіттер мен оның қалдырған мұралары, ата туралы жазылған ғылыми-тарихи зерттеулер, Бекет Атаны ұлықтау мақсатында өткен іс-шаралар, сондай-ақ сұхбаттар мен ой-пікірлер топтамасы.

2013 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы мен Суринам Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылды. Екі елдің тұрақты өкілдері бірлескен коммюникеге қол қойды.

Қазақстандық тараптан құжатқа Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі, Елші Бірғаным Әйтімова, Суринам тарапынан осы елдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Хенри Мак Дональд қол қойды.

2013 жылы Қарағандыға «Братина» Жоғары хоккей лигасы чемпионының кубогы жеткізілді. Кубок әуе мен жерде оны бүлінуден қорғайтын арнайы футлярға салынған. Биіктігі бір метр кубоктың салмағы 20 келіге жуық. Оның басым бөлігі күмістен тұрады. Сондай-ақ, «Братина» кубогына алтын жалатылған және ағаш (жаңғақ) қолданылған.

2014 жылы Мемлекет басшысы Алматы қаласының шекараларын өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды. Енді оның құрамына Алматы облысының жалпы ауданы 23200 гектар жері, соның ішінде Іле ауданы (604,6 га), Қарасай ауданы (16069,7 га) және Талғар ауданы (6525,7 га) кірді.

2014 жылы Қазғарыш теңіздегі локалды дифференциалды стансаны (ТЛДС) қабылдап алды. ҚР дәлдігі жоғары спутниктік навигация жүйесінің стансасы Маңғыстау облысындағы Баутино портына орнатылды. ТЛДС және ГЛОНАСС/GPS ғарыш навигациялық жүйелерінің қызмет етуі туралы жедел ақпарат Каспий теңізінің Қазақстан секторындағы кемелердің қауіпсіз жүзуін қамтамасыз ету мүмкіндігін береді.

2014 жылы Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техника университетінде Ғарыш аппараттарының ұшуын басқаруға маманданған оқыту-білім беру орталығы ашылды. Орталықтың ашылуы Қазақстанның ғарыш саласын дамытуына игі әсерін тигізеді.

2016 жылы Ресейдің Түмен қаласындағы «Михайловский» базарында қазақстандық тауар өндірушілердің алғашқы жәрмеңкесі өтті. Оған Солтүстік Қазақстан облысынан 21 кәсіпорын қатысты.

2017 жылы режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі Бішкектегі «Ақ Ілбіс» VI Ұлттық киносыйлығын табыстау рәсімінде Орталық Азиядағы үздік фильм атанды. Бас продюсер Әлия Назарбаева мен режиссер Ақан Сатаевтың бірлесіп шығарған «Анаға апарар жол» атты туындысы үш номинация бойынша, атап айтсақ, «Орталық Азияның үздік фильмі», «Орталық Азияның үздік актері» (үміткер болған - актер Әділ Ахметов), «Орталық Азияның үздік актрисасы» (үміткер болған - актриса Алтынай Нөгербек) номинациялары бойынша қатысты.

2017 жылы Испанияның орталығындағы Толедо провинциясының Лас-Вентас-кон-Пенья-Агилера қаласында қазақтың дәстүрлі киіз үйі тігілді. Оны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қоры Кармен Арнау Муро қорына сыйға тартты. Диаметрі 6,5 метр, биіктігі 4 метр келетін киіз үйдің іші жиһаздармен, әшекейлермен толтырылды.

2018 жылы Қазақстанда Өңдеу өнеркәсібінің одағы құрылды. Одақ елдің өңдеу өнеркәсібін билік органдарымен диалог арқылы, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында жылжыту үшін саланы дамытудың басты стратегиялық бағыттары бойынша бірыңғай ұстанымды жасап шығуды алдына мақсат етіп қойды.

2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы меценаттарға арналған «Жомарт жан» төсбелгісін бекітті. Награданың табыс етілуі тұлғаның қайырымдылық қызметті дамытуға қосқан үлесін жұртшылықтың мойындағанын білдіреді.

2018 жылы «FIGHT NIGHT GLOBAL 86» турнирінде америкалық нокаутер Тайсон Нэмді жеңген қазақстандық ММА шебері Жалғас «Жако» Жұмағұлов (11-3) ең жеңіл салмақ санатында Еуропаның үздік 5 спортшысы қатарына кірді.

2018 жылы Еуропа және Орталық Азияның несие мәліметтері провайдерлерінің қауымдастығы құрылды. Бакуде Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Тәжікстан, Украина және Өзбекстан елдерінің несие реестрлері және бюроларының өкілдері құрылтай құжаттарына қол қойды.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT