Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: 14 °С
Алматы: 19 °С
USD 346.68 EUR 404.02
RUB 5.47 CNY 51.15
Жаңалықтар

17 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

2018 жылғы 17 сәуір 06:44 964
Бөлісіңіз:
17 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2018 жылғы 17 сәуірге арналған күнтізбені ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар
22 шілде: Туған күн иелері 21 шілде: Туған күн иелері

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік гемофилия күні. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы мен Дүниежүзілік Гемофилия федерациясы бастамасымен 1989 жылдан бастап Дүниежүзілік гемофилия күні жыл сайын аталып өтеді.

Гемофилия - бұл қанның ұйымауы. Ең ауыр генетикалық сырқаттардың бірі. Бүгінгі күннің дәрілік заттары гемофилияға шалдыққан адамдардың өмір сүру ұзақтығын арттырды. Яғни оларды уақытылы қабылдаудың арқасында толыққанды өмір сүруге болады: білім алып, жұмыс істеп, отбасын құруға.


ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1930 жылы Қазақстанда кезекті халық комиссары және республика прокуроры болып Боран Айтмағамбетов (1901-1938) тағайындалды. Бұл лауазымда ол 2 жылдай жұмыс істеп, репрессия жылдары жазаға ұшырады.

1991 жылы көркем-әдеби және қоғамдық-саяси «Нива» журналының алғашқы саны жарық көрді. Бұл журналдың ұйымдастырушысы және редакторы ақын, жазушы Владимир Гундарев.

2003 жылы «Халықаралық олимп» конкурсы ұйымдастыру комитетінің халықаралық кеңесінің шешімімен Қазақстан президенті Н. Назарбаевқа «Халықаралық сыйлықтың лауреаты» атағы беріліп, «ТМД-ны дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі табыс етілді.

2006 жылы Лондондағы Альберт-холлда «Бабалар әуені» атты қазақ фольклорының мерекесі өтті. Онда «Тілеп» композициясы компакт-дискісінің таныстырылымы болды. Композицияның авторы - белгілі ағылшын композиторы Карл Дженкинс. Жеті бөлімнен тұратын «Тілеп» композициясында қазақтың халық музыкасы, Абай әндері, Қорқыт пен Ықылас күйлері, Тілеп Аспантайұлының қобыз сарыны шебер қиюластырылған. Аталмыш шығарманың таныстырылымына Лондонның симфониялық оркестрі, атақты скрипкашы Марат Бисенғалиев, Финляндияның халық хоры, Астанадағы «Тілеп» қобызшылар квартеті мен қазақ халық аспаптары оркестрі қатысты. Бұл жобаны жүзеге асыруға астаналық кәсіпкер, танымал меценат Сапар Ысқақов мұрындық болды.

2007 жылы ақын, ғалым Бүркіт Ысқақовтың (1924-1990) «Қазақ және Еділ бойы халықтары әдебиеттерінің идеялық-творчестволық байланыстары» кітабының таныстырылымы болды.

Бұл туынды қаламгердің өмірінің соңғы жылдарында жазған зерттеуі, қорғап үлгермеген докторлық диссертациясы болып табылады. Мұнда қазақ және Еділ бойы халықтары әдебиеттерінің идеялық байланысының шығу тегі мен даму жолдарының бірлігі тарихи тұрғыдан қарастырылады. Жазушының шығармашылығы 1950 жылдары басталды. Қазақ мультипликациясына зор үлес қосып, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» аннимациялық фильмінің сценарийін жазған.

1000 данамен шыққан кітапты баспаға даярлаған ақынның қызы Айгүл. Еңбекті репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры жарыққа шығарды.

2009 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Хайнань» провинциясының құрметті азаматы» атағына ие болды (Қытай Халық Республикасы).

2009 жылы Астанада Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті және «ТеңізШевройл» ЖШС Қазақстанда кедендік рәсімдеудің ілкі жобасын іске асыру бойынша меморандум қабылдады.

2009 жылы Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде «Бекет Ата» имандылық-тағылым жинағының тұсаукесері өтті. Кітаптың құрастырушысы - Атырау қаласындағы «Ақмешіт» мешітінің бас имамы Ислам қажы Мырзабекұлы.

740 беттік кітап 9 бөлімнен тұрады. Олар - Бекет ата Мырзағұлұлының (1750-1813) өмірбаяны, оның атындағы мешіттер мен оның қалдырған мұралары, ата туралы жазылған ғылыми-тарихи зерттеулер, Бекет Атаны ұлықтау мақсатында өткен іс-шаралар, сондай-ақ сұхбаттар мен ой-пікірлер топтамасы.

2012 жылы Қазақстан Ұлттық кітапханасы шығысқазақстандық жазушылар мен ақындардың таңдамалы шығармаларының «Алтай-Ертіс кітапханасы» атты 20 томдығымен толықты.

Топтамада Абайдан қазіргі уақытқа дейінгі прозашылар мен ақындардың шығармашылығы ұсынылған: 20 том, тек Шығыс Қазақстан ғана емес, бүкіл қазақ халқы мақтан тұтатын жазушылардың 20 есімі.  Басылымның бірінші топтамасына кіргендердің арасында Шәкір Әбенов, Сейіт Қасқабасов, Қалихан Ысқақов, Қабдеш Жұмаділов, Несіпбек Айтұлы, Кеңес Юсупов, Әлібек Асқаров және т.б. бар.

2013 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы мен Суринам Республикасы тұрақты өкілдерінің деңгейінде бірлескен коммюникеге қол қою арқылы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылды.

Қазақстандық тараптан құжатқа Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі, Елші Б.Әйтімова, Суринам тарапынан  осы елдің БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Хенри Мак Дональд қол қойды.

2013 жылы Қарағандыға «Братина» Жоғары хоккей лигасы чемпионының кубогы жеткізілді. Кубок әуе мен жерде оны бүлінуден қорғайтын арнайы футлярға салынған. Биіктігі бір метр кубоктың салмағы 20 келіге жуық. Оның басым бөлігі күмістен тұрады. Сондай-ақ,  «Братина» кубогына алтын жалатылған және ағаш (жаңғақ) қолданылған.

2013 жылы Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында шығыс әлемінің ең танымал әрі басқаларға ұқсамайтын суретші әйелдерінің бірі, қазіргі заман көркем суретінің шебері Саори Канданың көрмесі ашылды. Бұл тек Қазақстанда емес, бүкіл ТМД-да алғаш рет болған оқиға.

Саори Канда 1978 жылы Жапонияның Ямагучи префектурасында дүниеге келген. Иракта, Біріккен Араб Әмірліктерінде және өз отанында тәрбиеленген. Мусашино өнер университетінің Өнер және дизайн колледжін тәмамдаған.

2014 жылы Мемлекет басшысы Алматы қаласының шекараларын өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды. Енді оның құрамына Алматы облысының жалпы ауданы 23200 гектар  жері, соның ішінде Іле ауданы (604,6 га), Қарасай ауданы (16069,7 га) және Талғар ауданы (6525,7 га) кірді.

2017 жылы режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі Бішкектегі «Ақ Ілбіс» VI Ұлттық киносыйлығын табыстау рәсімінде Орталық Азиядағы үздік фильм атанды. Бас продюсер Әлия Назарбаева мен режиссер Ақан Сатаевтың бірлесіп шығарған «Анаға апарар жол» атты туындысы үш номинация бойынша, атап айтсақ, «Орталық Азияның үздік фильмі», «Орталық Азияның үздік актері» (үміткер болған - актер Әділ Ахметов), «Орталық Азияның үздік актрисасы» (үміткер болған - актриса Алтынай Нөгербек) номинациялары бойынша қатысты.

  

ЕСІМДЕР


17 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 157 жыл
 бұрын (1861-1914) қазақтың атақты ақыны әрі композиторы, суырыпсалма ақын ЖҰМАБАЙҰЛЫ Жарылғапберді дүниеге келді.

Павлодар облысы Баянауыл ауданында туған.  Ауыл мектебінде оқыған. Шығыс поэзиясын жақсы білген. Ел арасында жыр, қиссаларды жатқа айтып, саятшылық өнермен айналысқан, палуандар сайысына да қатысқан. Біржан салды ұстаз тұтқан. Шыңғыс Уәлиханов пен Мұса Шормановтармен араласа жүріп, Жарылғапберді Көкшетау, Қызылжар, Омбы өңірінде шыққан әндерді Баянауыл мен Ертіс бойына жеткізген. Қобызшы Қанғожа, әнші Қозыкемен дос болған. Ол шырқаған "Топайкөк" әні ел ішіне кең тараған. Жарылғапбердінің махаббат тақырыбына арнаған әндері кезінде көп болған. Халық жадында тек "Шұбартау", "Шама", "Қаракөз", "Ардақ" әндері сақталған. Бұл әндерді Балабек пен Сапарбай Ержановтар, Қ.Байжанов, Ұ.Айтбаев орындап, бүгінгі ұрпаққа жеткізді. "Азаң" әнін А.В. Затаевич өте жоғары бағалап, "музыка өнеріндегі құнды олжа" деп атаған.А.Жұбанов Жарылғапбердіні "ұлттық ән өнерінің ірі өкілі" деп бағалаған.




17 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 90
жыл бұрын (1928-2011) филология ғылымының докторы, профессор, жазушы, әдебиет зерттеуші ғалым ЫСМАҒҰЛОВ Жұмағали дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, КОКП Орталық комитеті  жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясының аспирантурасын бітірген. 1943-1946 жылдары - Қостанай облысы Семиозер аудандық газетінің жауапты хатшысы. 1949-1954 жылдары - «Қазақстан коммунисі» журналының бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы.  1952-1954 жылдары - «Үгітші блокноты» журналының редакторы. 1954-1958 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті үгіт және насихат бөлімінің нұсқаушысы.  1961-1963 жылдары - «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Қызылорда облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы.  1963-1965 жылдары - Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бөлім меңгерушісі.  1965-1969 жылдары - Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газеті редакторының орынбасары. 1969-1973 жылдары - Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы Партия  тарихы институты классиктердің шығармаларын аудару секторының меңгерушісі. 1973-1987 жылдары - Қазақ телеграф агенттігі директорының орынбасары, директоры. 1987 жылдан Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары «Маржан мен махаббат», «Адам мейірі» жинақтарына енген.  Бальзактың «Үзілген үміттер», Стендальдың «Қызыл мен қара», Ю.Бондаревтің «Жағалау», «Таңдау», В.Анчишкиннің «Арктика аңызы» романдарын, В.Дальдің «Бөкей мен Мәулен», Э.Казакевичтің  «Көк дәптер» повестерін қазақ тіліне аударған.

«Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

83 жыл бұрын (1935-2003) театр суретшісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты СЕМИЗОРОВ Владимир Степанович дүниеге келді.

Ресейдің Луганск қаласында туған. Луганск көркемсурет училищесін, Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын бітірген.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының суретші-қоюшы, бас суретшісі қызметтерін атқарған.

Осы театр сахнасында қойылған П.Чайковскийдің «Аққу көлі», А.Хачатурянның «Спартак» балеттеріне, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсына, сондай-ақ К.Бәйсейітова атындағы опера және балет театры сахнасына шығарылған П.Чайковскийдің «Евгений Онегин», М.Төлебаевтың «Біржан - Сара», Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсына айшықты да сәнді эскиздерін жасады.

«Парасат» орденімен және медальдармен марапатталған.


17 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 66 жыл
бұрын (1952) ҚР Парламенті Мәжілісі VI шақырылымының депутаты, Экология және табиғатты пайдалану мәселелері комитетінің мүшесі БАЙМАХАНОВА Галина Александровна дүниеге келген.

Алматы қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын бітірген. Геология-минералдық заңының кандидаты.

Еңбек жолы: Қазақ политехникалық институтының ГСП кафедрасында ассисент, оқытушы, аға оқытушы қызметін атқарған. 1991-1992 жылдары геология-экономикалық зерттеулер экспедициясының, өндірісті-техникалық ақпарат партиясының аға геологы жұмысын атқарған. 1992 жылдың ақпан айынан 1992 жылдың қыркүйек айына дейін ҚазКСР Геология министрлігінің «Казминерал» мемлекеттік өндіріс мекемесінің директоры қызметін атқарған. 1992-1994 жылдары- В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының Геологиялық түсірілім және кен орындарын іздеу кафедрасында Доцент қызметін атқарған. 1994-2011 жылдары Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтының Геологиялық түсірілім және кен орындарын іздеу кафедрасында доцент қызметін атқарған. Қосымша - 1984-1986 жылдары В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының геология -жер қойнауы факультетінің декан орынбасары қызметін атқарған. 1994-1997 жылдары «Ареал» кіші кәсіпкерлік мекемесінің директоры қызметінде болды. 1997-2012 жылдары «Ареал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметін атқарған. 2012 жылдың 20 қаңтарынан бастап бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан коммунистік халықтық партиясының мүшесі, Алматы қаласы бойынша коммунистік халықтық партиясының қалалық комитетінің бірінші хатшысы, «Қазақстан халқы Ассамблеясыныың» депутаттық тобының мүшесі.

Аталған қызметінде 2016 жылдың наурызынан.

«Ерен енбегi үшiн» (2013), «Қазақстан қаржы полициясына 20 жыл» (2014), «ҚКХП 10 жыл» (2014), «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», (2014), «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалі» (2015), «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» (2015), «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» (2016) медальдарымен марапатталған.

 


17 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 62 жыл
бұрын (1956) Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры БӨРІБАЕВ Асқар Ысмайылұлы дүниеге келген.

Ол Оңтүстік Қазақстан облысының Шардара қаласында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын (1979); Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының аспирантурасын (1981) бітірген.

Еңбек жолы: Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті (1979-1988); Жамбыл атындағы Мемлекеттік филармонияның солисті (1988-1991); «Патра солистері» (Грекия) оркестрінің дирижері, солисті, Афина консерваториясының профессоры (1991-2002); «Демалыс» МКҚК директоры, Астана қалалық мәдениет департаментінің директоры (2002-2006); Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бастығы (2006-2007); Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат вице-министрі (2007-2008); «Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік музей» РМҚК директоры (2008);  Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат вице-министрі (2008-2010); Қазақстан Республикасының мәдениет вице-министрі (2010-2012); Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат вице-министрі (2012-2014); ҚР мәдениет вице-министрі (2014); ҚР мәдениет және спорт министрінің орынбасары (2014).

Қазіргі лауазымын 2014 жылғы қазан айынан бері атқарып келеді.


17 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 61 жыл
 бұрын (1957) ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі БАҚТИЯРҰЛЫ Мұрат дүниеге келді.
Қызылорда облысынан сайланған. 1957 жылы 17 маусымда туған, қазақ, білімі жоғары. С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, Мәскеу бизнес және информациялық технологиялар халықаралық университетін және Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. Тарихшы, тарих пәнінің оқытушысы, экономист, заңгер, с.ғ.д., профессор.

Қызылорда педагогикалық институтының оқытушысы, деканы, Қазақ мемлекеттік университеті Қызылорда филиалының директоры, Қызылорда гуманитарлық-заң колледжінің директоры, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған.

Төрт медальмен марапатталған. «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» құрметті атағы бар.





17 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 61 жыл
бұрын (1957) Павлодар облысы Баянауыл ауданының әкімі ҚАЙЫРГЕЛДИНОВ Оразгелді Әліғазыұлы дүниеге келген.

Павлодар облысында туған. Экономика және саясаттану мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын Железин ауданы «Кеңестік Қазақстан» кеңшарында бас экономист болып бастады, «Железинский» кеңшарында партия комитетінің хатшысы болып сайланды. 1991 жылдан 1996 жылға дейін - Железин аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, кеңшардың бас бухгалтері, мемлекеттік кооперативтің төрағасы, аудан әкімінің орынбасары, Железин ауданы агроөнеркәсіптік кешенінің бастығы. 1996 жылдан 2003 жылға дейін «Еңбекші» ШАШК директоры, одан соң «БАТ-RV» ЖШС директоры. 2003 жылдан 2007 жылға дейін Павлодар облысының Қашыр ауданын басқарды. 2007 жылдың қараша айынан бастап - Ақсу қаласының әкімі. 2011-2014 жылдары Павлодар қаласының әкімі. 2015 жылдың шілдесінен бастап осы уақытқа дейін Павлодар облысы әкімдігінің аппараты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекеменің басшысы болып қызмет атқарды.

2016 жылы Баянауыл ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.

«Кұрмет» ордені және «Қазақстан Республикасының  тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының  тәуелсіздігіне 20 жыл», «Павлодар облысына 75 жыл» медальдарымен марапатталған.


17 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 58 жыл
бұрын (1960) «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры ҚЫНАТОВ Марат Полатұлы дүниеге келген.

Шымкент қаласында туған. 1982 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын бітірді, инженер-технолог. Техникалық ғылымдардың кандидаты ғылыми дәрежесі бар (диссертация тақырыбы «Залалсыздандырылған фосфор-шлакты қуырушы» (1992). Біріккен Вен Институтында (1994 ж.) және Гарвард университетінде (1995 ж.) халықаралық тағылымдамадан және курстардан өтті.  

Еңбек жолы: Цемент зауытында ауысымды басқаратын шебер, аға инженер-технолог (1982-86 жж.); «Стройпроект», Алматы ҒЗИ ғылыми қызметкері (1986 -93жж.);  1993 ж. бастап 2003 ж. дейін ҚР Мемлекеттік комитетінің Монополиялы қызметті шектеу жөніндегі департаментінде маман, бөлім басшысы, директоры, Энергетика, индустрия және сауда министрлігінде департамент директоры, ҚР Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігінде департамент директоры, вице-министр лауазымдарында жұмыс атқарды. Қаржы ұйымдарында жұмыс тәжірибесі бар, 1995ж. - 1998 ж. ҚР Мемлекеттік Оңалту Банкінде бас маман, Департамент директоры, Басқарма Төрағасының орынбасары лауазымдарында жұмыс істеген. 2003 ж. бастап 2016 ж. дейін «KEGOC» АҚ Басқарушы директоры,  «ҚазҚуат» АҚ Басқармасының төрағасы (Мойнақ СЭС құрылысы, Шардара СЭС жаңғырту), «Жамбыл гидроэнерго» ЖШС директоры (жел, су, күн электростанцияларын ұйымдастыру), «Павлодар» АЭА Басқару компаниясы» АҚ Басқармасының төрағасы және «Инвестицияларды тарту бойынша агенттік» ЖШС директоры болып істеді. 

Қазіргі лауазымын 2016 жылдың қыркүйегінен бері атқарып келеді. 


17 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 46 жыл
бұрын (1972) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастырушылық-аумақтық даму бөлімінің мемлекеттік инспекторы ИМАНДОСОВ Мұрат Самұратұлы дүниеге келген.

Қызылорда облысында туған. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін экономист, әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін заңгер мамандықтары бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолы: Қазалы ауданы бойынша салық инспекциясының маманы, инспектор, бөлім бастығы, аудандық салық комитеті төрағасының орынбасары (1994-2003); Шиелі аудандық салық комитетінің төрағасы (2003-2005); Қызылорда облысы бойынша салық комитеті төрағасының орынбасары (2005-2006); ҚР Индустрия және сауда министрлігі Бәсекелестікті қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша монополияға қарсы басқармасының бастығы (2006-2008); ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша, сондай-ақ, аталған агенттіктің Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша инспекцияларының бастығы (2008-2010); ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігінің Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша инспекциясының бастығы (2010-2011); Қызылорда облысы Қазалы ауданының әкімі (2011-2013); Қызылорда облысы Қармақшы ауданының әкімі (2013); Қызылорда облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасының бастығы (2013-2016).

Қазіргі қызметін 2016 жылғы сәуірден бері атқарып келеді.

 


17 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 44 жыл
бұрын (1974) «Назарбаев Қорының» президенті, Nazarbayev University қамқоршылық кеңесінің мүшесі СӘРІНЖІПОВ Аслан Бәкенұлы дүниеге келген.

Экономика ғылымдарының кандидаты, жоғары білімді әкімшілендіру саласындағы Пенсильвания Университетінің докторы (АҚШ). Қазақ мемлекеттік экономикалық университетін, Оклахома университетін (АҚШ), Вена дипломатиялық академиясын тәмамдады. Сонымен қатар, Гарвард университеті Кеннеди атындағы мемлекеттік саясат мектебінде тағылымдамадан өткен.

1996 жылы еңбек жолын Орталық Азия мемлекетаралық кеңесі Атқарушы комитетінің референті болып бастады. 1997 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратына ауысты. 1998-2002 жылдары Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінде экономикалық мәселелер жөніндегі атташе қызметін атқарды (Вашингтон). 2002-2007 жылдары Дүниежүзілік  банктің Орталық Азия бойынша инфрақұрылымдарды, қаржылық және жеке нарықтарды дамыту департаментінің жобалар үйлестірушісі. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуге қатысты. 2007-2009 жылдары ҚР Үкіметінің және Ұлттық банктің жанындағы «Ұлттық талдау орталығы» АҚ Басқармасы төрағасының орынбасары қызметін атқарып, экономикалық даму, қаржы және білім салаларына жетекшілік жасады.  2009-2013 жылдары - «Назарбаев университеті» дербес білім беру ұйымы Атқарушы кеңесінің төрағасы болды. «Назарбаев Университеті» білім мектебінің қауымдастырылған профессоры. «Назарбаев Университеті» ДББҰ-ның құрылғанынан бастап қамқоршылық кеңесінің мүшесі. 

Қазіргі қызметін 2016 жылғы ақпаннан бері атқарып келеді.

2012 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған.

 


17 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 39 жыл
бұрын (1979) Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің жауапты хатшысы ҚОЖАХМЕТОВ Жанат Мұратұлы дүниеге келген.

Қарағанды облысында туған. Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер-халықаралық саясат мамандығымен бітірген (2000).

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржы бақылау комитетінің бас маманы (2001-2002); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жүйелі зерттеулер орталығының сарапшысы, аға сарапшысы (2002 - 2004); «Инжиниринг және технологиялар трансфертi орталығы» АҚ президентінің кеңесшісі (2004 - 2005); ҚР Бәсекелестікті қорғау агенттігі төрағасының орынбасары (2008 - 2010); Мемлекеттік инспектор, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Мемлекеттік бақылау және аумақтық ұйымдастыру жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары (2010 - 2014);  ҚР Тұтынушыларды қорғау агенттігінің жауапты хатшысы, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі, «Нұр Отан» орталық аппаратының басшысы лауазымын атқарған.

Қазіргі қызметін 2016 жылғы мамырдан бері атқарып келеді.

«Кұрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.


17 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 124 жыл
 бұрын (1894-1971) кеңестік мемлекеттік және саяси қайраткер, КСРО басшысы «1953-1964) ХРУЩЕВ Никита Сергеевич дүниеге келді.

 

 

 

 

 

 

 

 


Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:
Онлайн қызметкерлер
Редактор
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
Редактор
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
Мұрағат