17 ота жасалып, 160 науқасқа кеңес берілді – ПІБ Медорталығының Шымкенттегі күндері

None
Фото: udp-rk.kz
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Медициналық орталық күндерін өткізудегі басты мақсат – дәрігерлер мен педагогтердің біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу, медициналық туризмді дамыту, деп хабарлайды ҚазАқпарат Президент Іс Басқармасының ресми сайтына сілтеме жасап.

Осы аптада ҚР Президенті Іс Басқармасы Медорталығының күндері аясында елордадағы аурухана мен Орталық клиникалық ауруханасының, «Оқжетпес» емдеу-сауықтыру кешенінің, Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының, Жоғары технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының мамандарынан, сондай-ақ «Қарлығаш» балабақшалар желісінің педагогтерінен жасақталған делегация Шымкент қаласына барды.

Медициналық орталықтың өңірлердегі күндерін өткізудегі басты мақсат – дәрігерлер мен педагогтердің біліктілігін арттыру, тәжірибе алмасу, медициналық туризмді дамыту.

Үш күн ішінде Медорталық ауруханаларының дәрігерлері 160-қа жуық тегін консультациялық көмек берді. Қала тұрғындарын жоғары білікті аритмолог, генетик, онколог және онкохирург, гастроэнтеролог, пульмонолог, нейрохирург және кардиохирург мамандар қабылдады. Олар күрделілігі әртүрлі 17 операция жасады.

Шымкент сапарының бағдарламасында дәрігерлер мен мұғалімдерге арналған тренингтер мен шеберлік сабақтары да қамтылған болатын. Соның аясында Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығының делегациясы №1 қалалық клиникалық аурухана дәрігерлерімен кездесу өткізді.

ҚР ПІБ Медорталығының «Қарлығаш» балабақшасының өкілдері Шымкент қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдардың қызметкерлеріне дөңгелек үстел ұйымдастырды. Кездесуде елордалық педагогтер оқыту әдістері мен балалардың денсаулығын сақтауға және жақсартуға қатысты тәжірибелерімен бөлісіп, «Білім беру сапасын бағалауда ECERS-3 шкаласын қолдану» тақырыбында семинар-тренинг, «Инновациялар саласындағы инновациялар» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді.

Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы қаланың медициналық ұйымдарының бас дәрігерлері мен орынбасарларына эпидемиологиялық және азық-түлік қауіпсіздігі бойынша, ауруханада инфекцияның алдын алу және бақылау жайында тренингтер мен шеберлік сабақтарын өткізді.

Іс-шараның соңғы күнінде ҚР ПІБ Медициналық орталығы мен Шымкент қаласының әкімдігі, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы және Santo фармацевтикалық компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Еске салсақ, ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығы биыл еліміздің барлық өңірлерімен арада әріптестік байланысты нығайта түсуге баса мән беріп отыр. Бұл қадам Медорталықтың Ақтөбе облысындағы күндерін өткізуден бастау алды.
Соңғы жаңалықтар