17 мың орын керек – Елорда әкімі мектептің жетіспеушілігі жайлы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордадағы мектептің жетіспеушілігіне қатысты жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда елордада 108 мектеп бар. Оның 87-сі мемлекеттік мектеп болса, қалғаны жеке және одан бөлек 4 республикалық мектеп бар. 1 қыркүйекте мектеп табалдырығын 24 мың бала аттайды деп күтіп отырмыз. Салыстыру үшін айта кетейін: өткен жылы бірінші сыныпқа 18 мың бала барған болатын. Өзіңіз естіп отырғандай, оқушылардың саны көбейіп барады. Сол себепті, 17 мың орыннның жетіспейтіні байқалады», - деді Алтай Көлгінов Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, бұл мәселенің шешімін табу үшін алдағы бес жылда Нұр-Сұлтанда 37 мектеп салынуы тиіс.

«Біздің болжам бойынша, 1 қыркүйекте үш ауысымды 8 мектеп болады. Сондықтан, елорданы дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, алдағы бес жылда 37 мектеп салуымыз керек. Бірақ, бұл ретте республикалық бюджетке ғана иек артып отыру жарай қоймас. Жақында инвестициялық кеңесте 11 жеке мектепті қолдадық. Ол мектептер жеке инвестициялардың есебінен салынады. Яғни, қадам-қадам сайын мәселе шешімін табуы тиіс. Осы жылы 1 қыркүйекке дейін 8 мектеп, 5 қосымша нысан және 3 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бұл 5 мың орынды жабуға септігін тигізеді», - деді ол.

Шаһар басшысы өз сөзінде атап өткендей, мәселені бірден шешу мүмкін емес.

«Фактының аты факт – 17 мың орын жетіспейді. Сондықтан, бір айдың ішінде бәрі шешіле салмайды. Бәрі жоспарға сай жүруі тиіс. Бәрі адамға байланысты емес, шынайы жағдайлар бар. Елордаға адамдар көптеп көшуде. Миграциялық және демографиялық сальдо оң нәтижені көрсетіп отыр. Қазірдің өзінде елордада 1,1 млн адам тұрады. Қала халқы тез өсіп келеді», - деді Көлгінов.

Соңғы жаңалықтар