17 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 17 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

null

17 қазан. СӘРСЕНБІ

Кедейшілікті жою жолындағы халықаралық күрес күні

Бұл күн «АТД-Eourth World» атты француз қайырымдылық қозғалысының және БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Хавьер Перес де Куэльярдың бастамасымен атап өтіледі.

ОҚИҒАЛАР

1981 жылы Алматының миллионыншы тұрғыны Бауыржан Қадырсызов дүниеге келді. 29 желтоқсанда партия басшыларының, еңбек ұжымдары өкілдерінің, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен неке сарайында баланы салтанатты тіркеу рәсімі өтті. Сәби дүниеге келген жас отбасына «Алматы қаласының миллионыншы тұрғыны» естелік медалі, қаланың символдық кілті мен жаңа пәтердің кілті табыс етілді.

1992 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында қазақ халқының отаршылдық езгіге қарсы ұлт-азаттық күресінің көшбасшыларының бірі Жанқожа батырға ескерткіш орнатылды.

2001 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекеттік басқаруды жетілдіру туралы Жарлыққа қол қойды. 

2004 жылы 17-18 қазанда Душанбеде Орталық Азия ынтымақтастығы (ОАЫ) ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының отырысы өтті.

2008 жылы 17-19 қазан күндері Түркия Республикасы Ризе қаласының университетінде Махмуд Қашқаридың туғанына 1000 жыл толуына арналған «Ата сөздігіміз, рухани кенішіміз» халықаралық симпозиумы болып өтті.

2008 жылы Астанада «Ортақ әлем: әр түрлілік арқылы прогреске» Халықаралық форумы өтті. 56 елдің СІМ басшылары мен 10-нан астам халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Форумның басты мақсаты - мұсылман әлемі мен Батыс арасындағы жағымды қарым-қатынастарды қалыптастыру және нығайту.

2009 жылы Қазақстанның Германиядағы жылының аясында Берлинде ҚР елшілігінің және Франкфурттегі бас консульдықтың қолдауымен, Франкфурт кітап жәрмеңкесінде Олжас Сүлейменовтің «Жер шегіндегі бір минуттық үнсіздік» кітабы неміс басылымының таныстырылымы өтті.

«Жер шегіндегі бір минуттық үнсіздік» кітабының таныстырылымында автор Олжас Сүлейменов қауымды өз туындыларымен қысқаша таныстырып өтіп, өлеңдерінен үзінді оқыды.

2011 жылы Алматыда қазақ композиторы, Халық Қаһарманы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіші ашылды.

2012 жылы Ақтөбеде құны 223 млн. еуроны құрайтын рельс-арқалық зауытының құрылысы басталды. Зауыт Ақтөбенің индустриялық аймағында орналасқан.

2013 жылы Астанада тұңғыш рет «Astana International Auto Salon-2013» халықаралық автокөлік көрмесі өтті.

2013 жылы АҚШ-та қазақ әдебиетінің «Ұлы даланың әңгімелері: қазіргі қазақ әдебиетінің антологиясы» атауымен бірінші қазақ әдебиеті антологиясының таныстырылымы өтті. Шарада сөз сөйлеген Қазақстан елшісі Қайрат Омаров қазақтың жазушылары мен ақындарының таңдамалы шығармалары енген аталған басылымның жоғары мәдени бағасын атап өтті.

2013 жылы Қарағандыдағы «Kaz-metiz» ЖШС-нің зауытында тау-кен қазу және металлургия өнеркәсібі, энергетикалық және құрылыс секторы үшін болат арқандарды шығару желісі іске қосылды.

Жобаның құны - 905 млн. теңге, соның ішінде 650 млн. теңге - қарыз қаражат. Желінің өндірістік қуаттылығы - жылына 5000 тонна.  

2014 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаев «Азия-Еуропа» форумының Х саммитіне қатысты. Басты тақырыбы «Орнықты даму және қауіпсіздікті нығайту жолындағы жауапты серіктестік» деп аталатын форум жұмысына 50-ге жуық елдің мемлекет және үкімет басшылары қатысты. Қазақстан Орталық Азиядан осы форумның мүшесі мәртебесіне ие болған бірден-бір ел болып саналады.    

2014 жылы «AlmatyInvest 2014» ІІ Халықаралық инвестициялық форумы өтті. Оның барысында 560 млн. долларға жуық сомасына бірқатар меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды.

2016 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Кенен ауылдық округінде «Тұлғалар тұғыры» атты мемориалдық кешен ашылды. «Тұлғалар тұғыры» ескерткіші Қордай жерінен шыққан белгілі тұлғалар Өтеген батыр, Кебекбай шешен, Ноғайбай би және Кенен Әзірбаевқа арналып тұрғызылды.

Соңғы жаңалықтар