165 жаңа автобус сатып алынады – Қарағанды облысының әкімі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірде автобус паркін жаңарту жоспары және ONAY! электронды билет жүйесін енгізудің артықшылықтары туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Автобус паркін жаңарту бойынша үлкен жоспарларымыз бар. Биыл 165 жаңа автобус сатып аламыз. Оның 33-і серіктес қалалармен маршруттарда жұмыс істейтін болады. Барлық автобустар отандық өндіруші – Саран қаласындағы QazTehna зауытынан сатып алынады», - деді Қарағанды облысының әкіміОрталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша 2021 жылдың соңында енгізілген ONAY! электронды билет жүйесі қоғамдық көлік жолаушыларының өмірін айтарлықтай жеңілдетті. ONAY! Қарағанды автобустарында да, облыс орталығын серіктес қалалармен байланыстыратын маршруттарда да жұмыс істейді. Жүйе билеттеу процесін ашық және жариялы етуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге қалааралық маршруттарда жол жүру құны екі есе арзандады.

«Қарағанды агломерациясының 30 мыңнан астам тұрғыны үшін, атап айтқанда, күн сайын облыс орталығына келетіндер үшін бұл жақсы қолдау мен үнемдеу болды. Билеттеу жүйесімен Қарағандыдан Теміртау, Шахтинск, Саран, Абай қалаларына, сондай-ақ Шахан және Топар кенттеріне маршруттар қамтылды. 1 мамырдан бастап Қарағандыда 7 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға тегін жол жүруді қамтамасыз еттік. Жақын арада электрондық билеттендіруді енгізу мәселесі Балқаш пен Теміртауда пысықталатын болады», - деді Ермағанбет Бөлекпаев.


Соңғы жаңалықтар