16 желтоқсанда Астанада өтетін бокс кешінде қазақстандықтар кіммен жұдырықтасады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның танымал боксшылары Тәуелсіздік мерекесі күнінде Астанадағы бокс кешінде өздерінің кезекті жекпе-жектерін өткізеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Кештің алғашқы жекпе-жегінде бұған дейін ешкімнен жеңіліп көрмеген Абылайхан Құсайынов (тоғыз кездесудің тоғызында жеңіске жеткен) пен Максим Мороз (Украина) кездеседі. Мороз үшін бұл кәсіби бокстағы алғашқы айқас. 64 келі салмақ дәрежесіндегі жекпе-жек 6 раундтан (әрқайсысы 3 минуттан) тұрады.

Екінші болып рингке Асхат Уәлиханов пен украиналық боксшы Ярослав Юров шығып, 66 келі салмақтағы жеңімпазды анықтайды. Қазақстандық боксшы үшін Юровқа қарсы жекпе-жек - профидегі алтыншы жұдырықтасу. Бұған дейін ол 5 рет айқасып, біреуінде ғана жеңіліп қалған. 25 жастағы Ярослав Юров кәсіпқой бокс алаңына екі рет шығып, екі кездесуін де жеңіспен аяқтаған. Бұл жекпе-жек те 3 минуттан тұратын 6 раундқа есептелген.

62 келі салмақ дәрежесіндегі жұдырықтасу да қызықты болмақ. Онда отандасымыз Айдар Шәрібаевтың (7 жекпе-жек, 6 жеңіс, 1 жеңіліс) қарсыласы - 37 жастағы тәжірибелі боксшы Артем Айвазиди. Украиналық боксшы бұған дейін 25 кездесу өткізіп, оның 11-ін жеңіспен аяқтаған.

Суперауыр салмақта «Дәулет» спорткешенінің рингіне еліміздің намысын қорғауға Руслан Мырсатаев (2008 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы, Бүкіләлемдік бокс сериясында «Астана Арланс» құрамындағы жеңімпаз) шығады. Сегіз раундтан тұратын жекпе-жекте Мырсатаев (профи-рингтегі 5 кездесуін жеңіспен аяқтаған) кәсіби бокста екінші кездесуін өткізетін Павло Кроленкомен (Украина) жұдырықтасады.

Ал 52 келі салмақ дәрежесінде WBC Asia чемпионы атағы үшін кештің басты кездесуі «Қазақ жауынгері» атанып кеткен Елшат Нығметоллаұлы (15 жекпе-жек, 15 жеңіс) мен жеңіліп көрмеген әзербайжандық боксшы Фарид Әлиев (5 жекпе-жек, 5 жеңіс) арасында өтеді.

Еске сала кетейік, кәсіби бокс кеші Qazaq Promoutions промоутерлік компаниясының бастамасымен 16 желтоқсан күні «Дәулет» спорткешенінде өтеді.

Айта кетейік, «QAZAQ promotions» промоутерлік компаниясының негізін қалаушы, танымал кәсіпқой боксшысы Қанат Ислам. «QAZAQ promotions» Американың ірі промоутерлік компанияларымен бірлесіп, үлкен бокс кештерін ұйымдастыруға бағытталған.

Бүгін Қанат Ислам Алматы қаласы әкімінің қабылдауында болды.

Авторы Альберт Ахметов

 

Соңғы жаңалықтар