АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2016 жылғы 16 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады. 16 желтоқсан ЖҰМА
Қазақстан Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні
25 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңға қол қойды. Қазақстанның Мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды.
Бахрейн мемлекетінің Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1971)
Бахрейн - екі теңіз корольдігі Катар мен Сауд Арабиясы аралдарының арасындағы Парсы бұғазының оңтүстік жағын ала орналасқан, 33 аралдан тұратын мемлекет. Тәуелсіздік алғанға дейінгі 100 жылдықта Ұлыбританияның отары болды. Мемлекет басшысы - әмір. XVIII ғасырдың соңынан бастап, Бахрейнді Әл-Халифа әулеті басқарып келеді. Негізгі табыс көзі - мұнай.
Қазақстан Республикасы мен Бахрейн арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы мамырдың 28-інде орнатылды.
Әзербайжан ТЖМ қызметкерлерінің күні
2005 жылғы 16 желтоқсанда Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің Жарлығымен ӘР ТЖМ құрылды.
Тайландта ұлттық спорт күні
Жыл сайын атап өтіледі. Мереке 1986 жылы мемлекеттік күнтізбеде пайда болды. Мерекеге Тайланд спорт өміріндегі маңызды оқиғаның бір жылдығы себеп болды. Король Пумипон Адульядет желкен спорты бойынша алтын медаль ұтты.
ОАР-да татуласу күні
Бұл мемлекеттік мереке жыл сайын тойланады. Аталмыш мереке ОАР-да 1994 жылы апартейд аяқталғасын - достасу мен ұлттық бірлікті нығайту мақсатында пайда болған.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
30 жыл бұрын (1986) Қазақстан Компартиясы ОК пленумы жедел шақырылып, Орталық комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевты қызметінен босатты. Оның орнына осыған дейін Ресейдегі Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Г.Колбин қойылды. Осылайша, Қазақстанды басқару мәселесі тағы да көне әдіс бойынша сырттан шешілді.
25 жыл бұрын (1991) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінде салтанатты түрде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылданды.
25 жыл бұрын (1991) «ҚазАқпарат» (ҚазТАГ) алғашқы болып әлемге Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланғанын хабарлады.
22 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өз резиденциясында ЕуроОдақ Комиссиясының (КЕС) Қазақстандағы тұрақты өкілі Роберт Кремердің сенім грамотасын қабылдады.
Елбасы Алматыда ЕуроОдақ өкілдігінің ашылуы Қазақстан мен Еуропа арасындағы экономикалық, саяси байланыстардың дамып, еуропалық серіктестермен сауда-саттық, іскерлік қатынастардың жолға қойылуына едәуір көмек көрсетеді деп атап өтті.
21 жыл бұрын (1994) Ақын Мұхтар Шахановқа «Қырғыз Республикасының ел ақыны» атағы берілді.
20 жыл бұрын (1996) Алматыдағы Республика алаңында Тәуелсіздік монументінің ашылу салтанаты болды.
20 жыл бұрын (1996) Алматыда бесжұлдызды «Анкара» қонақ үйінің ашылу салтанаты өтті. Аталған шараға Қазақстан мен Түркияның Президенттері қатысты.
19 жыл бұрын (1997) Қазақстанның Ұлттық банкі ұлы жазушы М.Әуезовтің 100 жылдығына арналған құны 20 теңгелік металл естелік шақаларын айналымға шығарды.
16 жыл бұрын (2000) Алматыда Абылай ханға ескерткіш ашылды. Ескерткіш авторы, мүсінші - Нұрлан Далбаев.
Абылай хан, Әбілмансұр (1711-1781) - қазақ ханы. Арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары қазақ елінің негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай - Жәңгір ханның бесінші ұрпағы.
12 жыл бұрын (2004) Семейде қазақтың хас батыры Қаракерей Қабанбайға ескерткіш тұрғызылып, салтанатты түрде ашылды.
11 жыл бұрын (2005) Бейжіңде Қытай банкі мен Қазақстанның Халық банкі арасындағы банк ынтымақтастығы туралы келісімге қол қойылды.
Келісімге қол қоюдағы мақсат - екі елдің жетекші банктері арасында өзара тиімді және іскерлік ынтымақтастықты әрі қарай күшейту.
11 жыл бұрын (2005) Жамбыл облысы Қаратау қаласында Ұлбике ақынға арналған ескерткіш ашылды.
Жанкелдіқызы Ұлбике (1825-1849) - қазақтың әйгілі ақын қызы, майталман айтыскер, жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы. Оның мол мұрасынан бүгінгі ұрпаққа жеткені мың шумақтай өлең. Бұл жиырмаға тарта айтыстары мен санаулы ғана көңіл-күй толғаулары. Ұлбикенің асыл мұрасын жинауға М.Көпеев, Ә.Диваев, В.Радлов сияқты әйгілі фольклор жинаушылар айрықша ыждаһатпен ден қойған. Ұлбикенің шығармаларын В.В. Радлов Петербург қаласында бастырып, кейін орыс және неміс тілдеріне аударып жариялады. Бейіті Жамбыл облысына қарасты Талас өзенінің бойында.
9 жыл бұрын (2006) Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Жалпақтал ауылында өткен ғасырдың қырқыншы жылдары жұмыс атқарған «Қазақ халқын құтқару ұйымы» («Союз спасения казахского народа») атты жастар ұйымын құрушылардың аты жазылған ескерткіш тақта ашылды. Қозғалыстың 14 белсенді жастарының аты жазылған ескерткіш тақтаның ашылу салтанатында туыстары мен жақындары қатысты. Одақтың басқарушысы Ғұбайдолла Әнесов 1941 жылы желтоқсанда тұтқындалып, ату жазасына кесілген, қалған қатысушылары ұзақ мерзімге түрмеге қамалды. Жалпақтал көшелерінің біріне Ғ.Әнесовтың аты берілді.
9 жыл бұрын (2007) Софияда Олжас Сүлейменовтың танымал «Аз и Я» кітабының болгар тіліндегі аудармасының таныстырылымы салтанатты түрде болып өтті.
Болгар оқырманы түркі және славян мәдениеттерінің өзара кірігу феноменін түсіндіріп, ежелгі жазба ескерткіштерінің тарихына қалам тартқан, лингвистикадағы жаңа - түркі-славистика бағытының негізін қалаған автормен танысты.
7 жыл бұрын (2009) Ереванда Қазақстанның Армениядағы Елшілігі армян тіліне аударылған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандық жол» кітабының ресми таныстырылымын өткізді.
7 жыл бұрын (2009) Прагада келісімшарт-құқықтық базаны кеңейту және жекелеген салалардағы ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі Қазақстан мен Чехияның сыртқы істер министрліктерінің арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
6 жыл бұрын (2010) Венада ҚР-ның Австриядағы елшілігі және ЕҚЫҰ жанындағы біздің еліміздің тұрақты өкілдігі Қазақстан тәуелсіздігі күніне және Республиканың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы аяқталуына байланысты салтанатты қабылдау өткізді.
6 жыл бұрын (2010) Алматыда БАҚ арасындағы «Отандық өндіруші» республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. «ҚазАқпарат» ұлттық компаниясы «Сапа және жеделдігі үшін» аталымында жеңімпаз болды.
5 жыл бұрын (2011) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында «Мәңгілік Ел» салтанатты аркасының ашылу салтанатына қатысты.
5 жыл бұрын (2011) Ғаламтордағы танымал іздеу сайттарының бірі Google Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен құттықтады.
4 жыл бұрын (2012) Алматыда атақты әнші, КСРО халық әртісі «Бибігүл Төлегенова туралы кітап жарық көрді.
2 жыл бұрын (2014) белгілі қазақстандық драматург және жазушы Дулат Исабеков Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты атанды. Марапаттау салтанаты Лондон қаласындағы Британ Парламентінің ғимаратында өткізілді.
2 жыл бұрын (2014) Бакуде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Еуразия жүрегінде» атты кітабы әзербайжан тілінде жарық көрді.
2 жыл бұрын (2014) «Балапан» арнасында «EXPO-2017» мультсериалы басталды.
Бір жыл бұрын (2015) хоккейден Қазақстан құрамасы «Жылдың үздік командасы» номинациясымен басты награданы иеленді. ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті ұйымдастырған спорт марапаты Алматы қаласында өткен.
117 жыл бұрын (1899) Британия тумасы Альфред Эдвардс «Милан» футбол клубының негізін қалады. Бүгінде «Милан» - әлемдегі титулды футбол клубтарының бірі.
94 жыл бұрын (1922) Варшавадағы көрмеде Польшаның алғашқы президенті Габриэль Нарутовичті экстремист атып кетті. Ол президенттік орынтақта небары бес күн отырды.
70 жыл бұрын (1946) Парижде 85 адам жұмыс істейтін және 6 миллион франк жарна қоры бар Кристиан Диор сән үйін ашылды.
ЕСІМДЕР102 жыл бұрын (1914-1986) филология ғылымдарының докторы, профессор Халаби Мұхитұлы САЙКИЕВ дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданында туған. А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университет) бітірген. 1946-1961 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) оқытушысы, проректоры, факультет деканы, Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиеті институтының директоры. 1962-1986 жылдары - Қазақ мемлекеттік университетінің орыс тілі кафедрасының меңгерушісі. Ғалым орыс, қазақ тілдерін салыстыра, орыс тілінің граматикасын зерттеді. Орта және жоғары оқу орындарына арналған орыс тілі оқулықтарының авторы.
87 жыл бұрын (1929) әнші, КСРО және Қазақстан халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Ахметқызы ТӨЛЕГЕНОВА дүниеге келді.
Семей қаласында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын (Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген. Өнер жолын көркемөнерпаздар үйірмесінен бастаған. 1951-1971 жылдары - Қазақ радиосының, Қазақ мемлекеттік филармониясының әнші-солисі. 1971-1979 жылдары - Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әнші-солисі. 1979 жылдан - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы вокал кафедрасының профессоры. Әншінің репертуарында қазақтың халық әндері, Қазақстан композиторларының шығармалары бар. Өзінің концерттік-орындаушылық өнерін шеберліктің жоғары сатысына көтеріп, классикалық дәрежеге жеткізді. Қазақ опера өнеріне де елеулі үлес қосты. Таңдаулы партиялары: Жібек (Е.Брусиловский «Қыз Жібек»), Қарлығаш (А.Жұбанов және Л.Хамиди «Абай»), Гүлбаршын (Е.Рахмадиев «Алпамыс»), Джильда, Виолетта (Дж.Верди «Риголетто», «Травиата»). Ол «Дала қызы», «Біздің сүйікті дәрігер», «Бұл Шұғылада болған еді», «Тақиялы періште», «Балалық шағымның аспаны» фильмдерінде өз замандастарының тұлғасын жасады. Гастрольдік сапармен Канадада, Францияда, АҚШ-та, Италияда, Швецияда, Египетте, Алжирде, Сирияда, Үндістанда болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 7-9-шақырылымдарының депутаты. Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен марапатталған. Астана қаласының құрметті азаматы.
86 жыл бұрын (1930-2004) ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Ізтілеу ӘБУҒАЛИЕВ дүниеге келді.
Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін (әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген.
1953-1975 жылдары - Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, директорының орынбасары, директоры. 1995 жылдан Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық аграрлық зерттеу орталығының академик-хатшысы қызметтерін атқарған.
Негізгі ғылыми еңбектері Қазақстанда қант қызылшасының тұқымын өсіруге және селекциясына, аймақтық егіншілік жүйесін жасауға арналған. Оның 250-ге жуық ғылыми еңбегі бар. 10 авторлық куәлік пен патенттің иегері.
2 рет Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталған.
80 жыл бұрын (1936-2010) кеңестік және қазақ театр және кино актері, КСРО халық әртісі Фарида ШӘРІПОВА дүниеге келді.
Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келді. Қытай киностудиясы түсірген «Хасен-Жәмила» көркем фильмінде басты рөлді орындап, өнерімен танылған ол 1955 жылы атамекені Қазақстанға оралды.
1959 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітіріп, М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрына қабылданды.
Жарты ғасырдан астам уақыт бойы осы театрда үздіксіз өнер көрсетті. Сахнада қазақ және әлем классиктерінің драмалық туындыларында, осы заманғы қойылымдарда басты рөлдерді шеберлікпен орындап, ұлттық театр өнерінің жаңа сапалық биікке көтерілуіне үлкен үлес қосты.
Фарида Шәріпова кино саласында да жемісті еңбек етті. Ол әйгілі режиссерлер Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықов, Әзірбайжан Мәмбетов, Леонид Агранович түсірген көптеген танымал фильмдерде ойнады. Дубляж саласына да көп еңбек сіңірді.
Фарида Шәріпова өнерлі жастарды тәрбиелеу ісіне жете көңіл бөлді. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында көрнекті актер Ы.Ноғайбаев екеуінің шығармашылық шеберханасында шыңдалған жастар бүгінде еліміздің театрларында жемісті еңбек етіп жүр. Фарида Шәріпова мәдениет пен өнердегі еңбегі үшін Қазақ КСР халық әртісі, КСРО халық әртісі құрметті атақтарын, Қаз КСР Мемлекеттік сыйлығы мен КСРО Мемлекеттік сыйлығын, ҚР «Парасат» орденін иеленді.
72 жыл бұрын (1944) «Қазақфильм» (қазіргі - Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ) киностудиясының режиссері және қоюшфы-суретшісі Ғани Ахметбекұлы ҚЫСТАУОВ дүниеге келді.
Алматы қаласында туған. Алматы театр-көркемсурет училищесін бітірген, Ленинград мемлекеттік театр, музыка және кино институтының көркемсурет факультетінде оқыды.
«Алпамыс бартыр», «Бұлбұл», «Аңшылық», «Айдаһар аралы», «Дүние кезек», «Ақсақ құлан», «Қасқырдың қалыңдығы» анимациялық фильмдерінің тең авторы. «Қазына», «Қадырдың бақыты», «Соңғы бұғы», «Жекпе-жек» және басқа да анимациялық фильмдердің авторы. «Орталық Азияның үздік фильмдері» бағдарламасына қатысты (Токио, Киото). «Анкара» халықаралық кинофестивалында, «Пусан-2000»-де фильмдері арнайы көрсетілді.
«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медалімен марапатталған. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
41 жыл бұрын (1975) Ралат Болатқанұлы БОЛАТҚАН - Алматы гарнизондық әскери сотының судьясы дүниеге келді.
226 жыл бұрын (1790-1865) бельгиялықтардың тұңғыш королі ЛЕОПОЛЬД I дүниеге келді.
128 жыл бұрын (1888-1934) сербтер, хорваттар және словендер королі Александр I КАРАГЕОРГИЕВИЧ дүниеге келді.
84 жыл бұрын (1932) орыс кеңес композиторы Родион Константинович ЩЕДРИН дүниеге келді.