16 жасар қазақстандық парадзюдошы Альфия Тілекқабыл Азия чемпионатында топ жарды

None
Фото: Пара дзюдо федерациясының баспасөз қызметі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парадзюдодан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына үшінші алтын түсті. Екінші жарыс күнінде 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қазақстандық Альфия Тілекқабыл жеңімпаз атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан парадзюдо федерациясыныңмәліметінше, ол көзі мүлдем көрмейтін спортшылар санатында (J1) белдесті.

Айналмалы жүйе бойынша күрескен ол чемпиондық атаққа дейін Дилорам Диханова (Қазақстан) мен Хосиотхан Позильжонованы (Өзбекстан) жеңді.

Айта кетерлігі, 16 жасар Альфия үшін бұл - алғашқы Азия чемпионаты. Ол парадзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасына биыл қосылған.

Парадзюдодан Азия біріншілігі Астана қаласында Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтіп жатыр.

Алғашқы жарыс күнінде қазақстандық Даяна Федосова (-57кг, J2) мен Ерғали Шамей (-73кг, J1) чемпион атанса, Ақмарал Науатбек (-52 кг, J2) күміс, Олжас Оразалы (-73 кг, J2) қола медаль еншілеген болатын.

Париж паралимпиадасы алдындағы ресми чемпионатта спортшылар J1 (көзі мүлдем көрмейтін) және J2 (көзі нашар көретін спортшылар) санаты бойынша бақ сынауда.

Құрлықтық дода 30 сәуірге дейін жалғасады.


Соңғы жаңалықтар