+7 (701) 759 90 19
USD 389.86 EUR 435.32
RUB 6.12 CNY 55.12
Jańalyqtar

16 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылғы 16 сәуір 07:00
Бөлісіңіз:
16 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2019 жылғы 16 сәуірге арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік дауыс күні

Бұл күн 1999 жылы АҚШ және Еуропа отоларингологтары мен логопедтерінің (American Academy for Otolaryngology - Head and Neck Surgery) мұрындық болуымен және медицина докторы, португалиялық Марио Андреаның бастамасымен дүниеге келген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1990 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің № 148 қаулысымен Қарағанды облыстық филармониясына Қали Байжановтың есімі берілді.

2000 жылы Халықаралық «Абай» клубы «Аманат» журналын шығарды. «Аманат» - Қазақстандағы әлем халықтарының әдебиетін жариялайтын журнал, таралымы 7,5 мың болды. Журналдың 1 мың экземпляры Америкаға, 1500-і Шығыс Еуропа мен Ресейге жеткізіліп тұрды.

2004 жылы «ҚазАқпарат» ХАА Қазақстанда алғаш рет қазақ тіліндегі жаңалықтарды латын әліпбиінде тарата бастады.

Сол тұстағы агенттіктің қазақ редакциясының бас редакторы Жарылқап Бейсенбайұлының бастамасымен қазақ тіліндегі жаңалықтар сайт бетінде латын әріпімен таралды. Латын әліпбиіне академик Әбдуәли Қайдар жасаған нұсқа негізге алынды.

Агенттіктің компьютерлік технология мамандары - Павел Фоменко мен Егор Холявко Әбдуәли Қайдар жобасының бір-екі әріпіне ғана өзгеріс енгізіп, латын нұсқасын жасап, іске қосты.

«Бұл идеяның әуелде өмірге келуіне - атажұрттың әр хабарына сусап, ынтығып отырған шет елдердегі қандастарымызға Қазақстан жаңалықтарын қалай жеткізсек деген жанашырлық мүдде түрткі болды. Сырттағы қазақтардың көбі, әсіресе Қытайдағы қалың қазақ төте араб жазуын, ал Еуропа, Түркиядағы қандастарымыз латыншаны пайдаланатындықтан, біз қолданып жүрген кирилл әрпін танымайды. Іргедегі Өзбекстан да бірден латыншаға көшіп кеткендіктен, ол елдегі қазақтың кейінгі толқыны өз-өзінен латын әрпінде сауат аша бастады. Демек, шеттегі қандастарымыз үшін Қазақстан хабарларын агенттік сайты арқылы латын әрпінде жеткізіп тұру тиімді болатыны анық. Осы мақсатпен агенттіктің компьютерлік технология мамандарына қазақ тіліндегі жаңалықтарды автоматты түрде тікелей латыншаға ауыстыратын бағдарлама жасауға тапсырыс беріліп, ол сынақтан өтіп, кем-кетік жерлері түзетілгеннен кейін, 2004 жылғы сәуірдің 16-нан бастап, латынша сайтымыз толыққанды іске қосылып кеткен еді», - деп жазады Жарылқап Бейсенбайұлы бұл туралы естелігінде.

2017 жылдың 12 сәуірінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы латын әліпбиіне қатысты мәселені қайтадан күн тәртібіне шығарды. Осы мақалада Елбасы Үкіметке қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауды тапсырған еді. 2017 жылдың 26 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығы шықты. Ал 2018 жылдың 19 ақпанында Жарлыққа енгізілген өзгерістер негізінде жаңа әліпби нұсқасы бекітілді.

Осылайша, «ҚазАқпараттың» 2004 жылдың 16 сәуірінен басталған латын әрпіндегі сайт ашу бастамасы 2018 жылдың қараша айына дейін жалғасып тұрды. 2018 жылы қарашаның 20-сынан бастап «ҚазАқпарат» агенттігі қазіргі бекітілген латын әліпбиі нұсқасы бойынша жаңалықтар таратуға көшті.

2005 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысты.

2007 жылы Қазақстан мен Куба арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың бекітілгеніне 15 жыл толуына байланысты Кубаның Қазақстандағы Елшісі Тересита Капоте Камачо Қазақстанның жазушысы Роллан Сейсенбаевты латын-американ әдебиетін насихаттаудағы қосқан үлесі үшін «Достық» орденімен марапаттады.

2009 жылы Бейжіңдегі Дяоюйтай мемлекеттік резиденциясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты Қытайдың Олимпиада комитетінің жоғарғы сыйлығымен марапаттау рәсімі болып өтті.

Қытайдың Ұлттық Олимпиадалық комитетiнiң құрмет белгісі 2008 жылдың тамызында бекітілген және олимпиадалық қозғалыстың дамуына, спорт пен салауатты өмiр салтына өз үлестерін қосқаны үшін берiледi.

2013 жылы «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясы» АҚ Біріккен Ұлттар Ұйымының жаһандық шартына қосылды.

2015 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түрік Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті.

Нұрсұлтан Назарбаев мен Реджеп Тайып Ердоған сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, транзиттік-көлік және мәдени-гуманитарлық салада байланыстарды тереңдету жолдарын қарады.

2018 жылы Бейжіңде China Outbound Travel Market-2018 көрмесінде Қазақстан стендінің ресми ашылу салтанаты болды. Көрмеде Қазақстанның ұлттық стенді экотуризм, этнотуризм, City break, MICE туризм, шопинг, транзиттік турлар сияқты Қазақстанның туризм саласындағы қыруар мүмкіндіктері туралы айтылды.

Kazakh Tourism компаниясы ұйымдастырған ұлттық стендтің өзегі әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің суреті тұрған фотозона болды. Онда әншінің Шеньчжэн қаласында өтетін концертіне билет ойнатылды.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059

MURAǴAT