16 наурыз. Туған күн иелері

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 16 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

null

145 жыл бұрын (1874-1938) ағартушы-педагог, Алаш қозғалысына қатысушы Төлеген ИМАНҒАЗИЕВ дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысында туған. 1887-1890 жылдары Гурьев уезіне қарасты 2 кластық болыстық мектебін, Орал қалалық орыс-қазақ училищесін бітірген. 1890-1894 жылдары Орынбор орыс-қазақ мектептері мұғалімдері мектебін алтын медальмен тәмамдаған. 1917-1918 жылдары Ақпан төңкерісінен соң жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін құру, земстволық оқу-ағарту ісін жолға қою ісіне белсене араласып, Батыс Алашорда оқу-білім комитетіне мүше болды. 1918-1929 жылдары Қаратөбеде өткен ІІІ Орал болыстық қазақ съезінің делегаты, Алаш милициясының Ойылдағы мектебінде мұғалім қызметтерін атқарды. 1929-1938 жылдары Жақсыбай орталау мектебінде жағрафия, орыс тілі және еңбекке баулу пәндерінен сабақ берді. 1937 жылы бұрын болыс болып, Батыс Алашорда қызметіне қатысқаны үшін, «діни қайраткерлер Қ.Қуанышқалиев, Х.Нұрмұхамедовпен байланыс жасады, панисламизмді насихаттаушы, белсенді Алашордашыл» деген айыппен тұтқынға алынды. 1938 жылы атылып, 1991 жылы ақталды.

81 жыл бұрын (1938-2012) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Мейірхан Мүбәрәкұлы ӘБДІЛДИН дүниеге келді.

Ресей Федерациясының Алтай өлкесінде туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Ленинград мемлекеттік университетінің аспирантурасын бітірген. 1966-1970 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Астрофизика институтының кіші, аға ғылыми қызметкері. 1970 жылдан Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры, университет ректоры болған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері салыстырмалық және гравитациялық теорияның күрделі мәселелерін шешуге арналған. Эйнштейннің жалпы салыстырмалық теориясындағы денелер қозғалысы проблемасын зерттеген, денелердің ілгерілемелі және айналмалы қозғалысының релятивистік теңдеулерін негіздеген. Эйнштейннің гравитация теориясы механикасының мәселелерін зерттеудің жаңа әдістерін дамытып, жалпы салыстырмалық теориясы негізінде денелер қозғалысының адиабаттық теориясын жетілдірген. Дененің меншікті айналысы жөніндегі мәселелерді зерттеуде гидродинамикалық аналогияны қолдану идеясын ұсынған.

80 жыл бұрын (1939-2004) жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалдарбек НАЙМАНБАЕВ дүниеге келді.

Қазіргі Түркістан облысының Мақтаарал ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1960-1970 жылдары қазіргі «Жас Алаш» газетінің редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. 1970-1976 жылдары - «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде») журналының бас редакторы. 1976-1984 жылдары - Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы. 1986-1987 жылдары - Республикалық авторлар құқығын қорғау агенттігінің директоры. 1987-1988 жылдары - «Ара-Шмель» журналының бас редакторы. 1988-1991 жылдары - «Жазушы» баспасының директоры. 1991-1996 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1992 жылдан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқасы төрағасының бірінші орынбасары болған. Ол Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары ретінде шетелдегі қазақтардың тыныс-тіршілігіне қатысты проблемаларды республиканың басшы билік органдарына жеткізіп, олардың ойдағыдай шешілуіне атсалысты. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. Қаламгердің «Даңқ тұғырында», «Қоштасқым келмейді», «Бастау», «Сол бір түн», «Үміт өткелі», «Беймаза қонақ», «Аптап», «Шілде», «Көктөбе», тағы басқа кітаптары жарық көрген.

70 жыл бұрын (1949-2003) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шалтай СМАҒҰЛОВ дүниеге келді.

Алматы облысының Балқаш ауданында туған. Новосібір мемлекеттік университетін, КСРО ҒА Теориялық және қолданбалы механика институтының аспирантурасын бітірген. 1972-1984 жылдары аралығында Ресейдің жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу мекемелерінде қызмет істеген. Осы кезеңде ол академик Н.Яненконың жетекшілігімен әлемдік математика ғылымында әлі шешімін таппаған күрделі мәселе - Навье-Стокс проблемасын зерттеуді бастады. Осы проблеманы теориялық және қолданбалы тұрғыдан зерттеу әдісін дәлелдеп, ұсынды. Бұл әлемдік математика ғылымына «Смағұлов теоремасы» деген атпен үлкен жаңалық ретінде енді. 1984 жылы арнайы шақыртумен Қазақ мемлекеттік университетінің математика факультетіне жұмысқа ауысқан ғалым 1996-2001 жылдары Қазақстан Республикасы Механика және математика ғылыми-зерттеу институтының директоры, 2001-2003 жылдары Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінің деканы болды. Смағұлов есептеу математикасы, математикалық модельдеу, математиканың физикадағы теңдеу теориясы мәселелерін зерттеп, осы ғылым салалары бойынша қазақстандық ғалымдар мектебін қалыптастырды. Ғылымның көкейтесті мәселелеріне арналған 120-дан аса ғылыми еңбегі, соның ішінде 8 монографиясы жарияланды. «Ресейдің еңбек сіңірген инженері». Сондай-ақ «Вычислительные технологии», «Математический журнал», т.б. арнаулы ғылыми басылымдардың алқа мүшесі-кеңесшісі болып, бірнеше халықаралық конференцияларда баяндама жасады. 2004 жылы Алматы облыстық мектеп-интернатқа Смағұловтың есімі берілді.

36 жыл бұрын (1983) Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Ерланқызы БЕКТҰРОВА дүниеге келді.

Кентукки университетін (АҚШ), Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін тәмамдаған, мемлекеттік басқару магистрі.

Еңбек жолын 2002 жылы ҚР Қаржы министірлігінің жетекші маманы болып бастады. Әр жылдары ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің жетекші маманы, ҚР Индустрия және сауда министрлігінің бас маманы, ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінде бөлім басшысы, басқарма басшысы және департамент директоры болып істеген.

2006 жылдан бері «Астана қаласы Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы» ММ басшысы қызметін атқарған.

Қазіргі лауазымында - 2016 жылдың мамырынан.

Соңғы жаңалықтар