16 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2023 жылғы 16 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1932 жылы Б.Майлиннің «Келін мен шешей», К.Қырқымбаевтың «Келіншек» атты комедияларымен Жамбыл аудандық театры өз шымылдығын ашты. Театрдың алғашқы труппасы құрамында С.Атамқұлов, Ж. Абызбаев, С. Абызбаева, Ш. Сәкиев, М. Табанов, т.б. актерлер өнер көрсетті, ал режиссерлік жұмысты Р. Әбдірахманов, Ж. Арғынбаев атқарды. Аудандық театр 1940 жылы облыстық қазақ драма театры болып құрылды. 1945 жылы Абай есімі берілді.

1944 жылы Көкшетау облысы құрылды. Әкімшілік орталығы – Көкшетау қаласы. Оның аумағы сол кезде батыстан шығысқа 600 шақырымға жуық, солтүстіктен оңтүстікке 200 шақырымнан астам жерді алып жатты. Облыс 1997 жылы мамырдың 3-інде Солтүстік Қазақстан облысына қосылуына байланысты таратылды. 1999 жылы оның үш ауданы және Көкшетау қаласы Ақмола облысының құрамына енді.

1944 жылы Талдықорған облысы құрылды. Әкімшілік орталығы – Талдықорған қаласы. Облыс 1997 жылы Алматы облысына қосылуына байланысты таратылды. 2022 жылы, маусымның 8-інде Жетісу облысы құрылды, орталығы - Талдықорған қаласы.

1992 жылы жеке әскери құрылым және Қарулы Күштердің резерві ретінде Қазақстанның Республикалық ұланы құрылды. Бүгінде ол Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне кіреді, Нысандарды қорғау қызметі (Республикалық ұлан) деп аталады және мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету күштеріне жатады. Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 13 маусымдағы № 13 Жарлығымен нысандарды қорғау қызметі ерекше мақсаттағы күш болып қайта құрылды.

1998 жылы Ы. Алтынсарин атындағы Білім проблемалары ғылыми-зерттеу институтының атауы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы болып өзгертілді.

2009 жылы Алматыда «Алашорда» деректі фильмі таныстырылды. Фильмнің режиссері – қазақстандық танымал кинематографист Қалила Омаров. Фильм Қазақстан Республикасының ақпарат және мәдениет министрлігінің тапсырмасымен «Алаш» қозғалысының 90 жылдығына арналып түсірілген. 52 минуттық фильмнің сценарийін жазған – Болат Мүрсәлім, композиторы – Ақан Мұсақұлов.

2012 жылы Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы «Азалы кітаптың» 9-басылымын шығарды. «Азалы кі­таптың» бұл шығарылымы қызыл террор кезеңінде Алматы қаласы маңындағы «Жаңалық» қорымында жатқан жазық­сыз құрбандардың есімдерін жаң­ғыртуға арналды. Кітапта 1937-1946 жылдар аралығында атылып, Жаңалық ауылы маңындағы қорымға көмілген 4 121 адам туралы қысқаша мәліметтер берілді.

2012 жылы Нью-Йорк университеті жанындағы Ежелгі әлемді зерттеу жөніндегі институт ғимаратында «Көшпенділер және олардың байланыстары: Қазақстанның ежелгі өнері мен мәдениеті» («Nomads and Networks: The Ancient art and Culture of Kazakhstan») деген атаумен бірегей көрме ашылды.

2016 жылы халықаралық жеке құқықтар бойынша Гаага конференциясының жалпы істер және саясат кеңесінің отырысында Нидерланд Корольдігі Сыртқы істер министрлігінің өкілдеріне Қазақстан Республикасының Гаага конференциясына қосылуға ниет білдірген хаты тапсырылды. 2018 жылы Қазақстан астанасында Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі Астана процесінде кепіл елдердің сыртқы істер министрлері кездесті. Иран, Ресей, Түркия СІМ басшыларының кездесуі жақын болашақтағы үш жақты өзара ықпалдастықты айқындап, Сирия дағдарысын реттеу жөніндегі ынтымақтастықтың алғашқы жылында қол жеткізілген нәтижелерді талқылау мүмкіндігін берді.

2018 жылы Қазақстанның астанасында Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі Астана процесінің кепілгер елдерінің Сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті. Астанада алғаш рет өткен Иран, Ресей және Түркия СІМ басшылары деңгейіндегі кездесу алдағы уақытта үш жақты өзара іс-қимылды айқындауға және ортақ жұмыс уақытында Сириядағы жағдайды реттеу бойынша ынтымақтастықтың бірінші жылында қол жеткізілген нәтижелерді талқылауға мүмкіндік берді.

2018 жылы Қазақстандық «Анаға апарар жол» фильмі Нью-Йорктегі кинофестивальдің «Өмір жетістіктері» аталымында «Үздік көркем фильм» наградасын жеңіп алды. Кинофестиваль «Киноматографтағы әйелдер» тақырыбындағы форум аясында өтті. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен келген 100-ге жуық киноматографистер қатысты.

2019 жылы Норвегияда өткен Әлем кубогында қазақстандық спортшы Сергей Ткаченко трамплиннен шаңғымен секіруден Қазақстанның жаңа рекордын орнатты. Елдің ең жоғары жетістігі енді 199,5 метрді құрап отыр.

2021 жылы Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясы жанындағы Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Ұлттық комитеті ichLinks жобасының серіктес ұйымы атанды. Жоба - материалдық емес мәдени мұра туралы ақпарат алмасу және тарату үшін құрылған халықаралық цифрлық платформа.

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Онда ол саяси жүйені жаңғыртудың, экономиканың барлық салаларында реформаларды әзірлеу мен қабылдаудың басымдықтарына тоқталып, бірінші кезекте өңірлер мен елді әлеуметтік-экономикалық дамытудың өзекті мәселелерін қозғады.

2022 жылы Қарағанды техникалық университетінде профессор Николай Дриждің құрметіне мемориалдық тақта ашылды. Н.Дрижд Қарағанды көмір бассейнін дамытуға қосқан үлесі үшін көзі тірісінде көмір генералы атанған. 30-дан астам жыл өмірін тау-кен инженерлерін оқытуға арнаған. Техника ғылымдарының докторы, профессор «Пайдалы қазбалар кен орындарын игеру» кафедрасында жұмыс істеді. Сондай-ақ, университеттің Әдеп жөніндегі кеңесін басқарды.


Соңғы жаңалықтар