+7 (701) 759 90 19
USD 389.98 EUR 434.01
RUB 6.10 CNY 55.04
Jańalyqtar

16 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

2019 жылғы 16 наурыз 07:00
Бөлісіңіз:
16 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2019 жылғы 16 наурызға арналған күнтізбені ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Республикалық Ұлан құрылған күн

1992 жылғы 16 наурызда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Алматы облысы Қаскелең ауданының Красный Восток кентінде орналасқан Ішкі әскерлердің шұғыл мақсаттағы жеке бригадасы негізінде Қазақстан Республикасының Республикалық Ұланы құрылды.

Оның міндетіне: мемлекеттік билік және басқармалардың жоғарғы органдарының, Президенттің, Парламент пен Үкімет басшыларының көлік құралдарын ел аумағында және сырт жерлерде күзету; ҚР Мемлекеттік туы мен Мемлекеттік елтаңбасының эталондарын күзету; шетел мемлекеттері басшыларын күтіп алу, шығарып салу кезінде, ҚР мейрамдары мен салтанаттарында жоралғылық рәсімдерді орындау; мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздікке әсер ететін құқық бұзушыларды тоқтату; ҚР аумағында Конституцияға қарсы сипаттағы қарулы және басқа да әрекеттерді тоқтату; ҚР заңдарында көзделген тәртіпте төтенше жағдай режімі кезінде іс-шаралар жүзеге асыру кіреді.

Сонымен қатар гвардия Елбасы және басқа да күзетілетін тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, тізбесін ҚР Президенті бекітетін аса маңызды нысандарды, ғимараттар мен қызметтік үй-жайларды күзетеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1932 жылы Б.Майлиннің «Келін мен шешей», К.Қырқымбаевтың «Келіншек» атты комедияларымен Жамбыл аудандық театры өз шымылдығын ашты. Театрдың алғашқы труппасы құрамында С.Атамқұлов, Ж.Абызбаев, С.Абызбаева, Ш.Сәкиев, М.Табанов, т.б. актерлер өнер көрсетті, ал режиссерлік жұмысты Р.Әбдірахманов, Ж.Арғынбаев атқарды. Аудандық театр 1940 жылы облыстық қазақ драма театры болып құрылды. 1945 жылы Абай есімі берілді.

1944 жылы Көкшетау облысы құрылды. Әкімшілік орталығы - Көкшетау қаласы. Оның аумағы сол кезде батыстан шығысқа 600 шақырымға жуық, солтүстіктен оңтүстікке 200 шақырымнан астам жерді алып жатты. Облыс 1997 жылы мамырдың 3-інде Солтүстік Қазақстан облысына қосылуына байланысты таратылды. 1999 жылы оның үш ауданы және Көкшетау қаласы Ақмола облысының құрамына енді.

1944 жылы Талдықорған облысы құрылды. Әкімшілік орталығы - Талдықорған қаласы. Облыс 1997 жылы Алматы облысына қосылуына байланысты таратылды.

1998 жылы Ы.Алтынсарин атындағы Білім проблемалары ғылыми-зерттеу институтының атауы Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім академиясы болып өзгертілді.

2009 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктерінің жоғарғы наградасы - Заид орденімен марапатталды.

Заид ордені Біріккен Араб Әмірліктерінің негізін қалаған шейх Заид бен Сұлтан әл-Нахайянның құрметіне бекітілген марапат. Ол екiжақты қатынастардың дамуына ерекше үлес қосқан шет мемлекеттерiнің басшыларына табыс етіледі.

2009 жылы Алматыда «Алашорда» деректі фильмі таныстырылды.

Фильмнің режиссері - қазақстандық танымал кинематографист Қалила Омаров. Фильм Қазақстан Республикасының ақпарат және мәдениет министрлігінің тапсырмасымен «Алаш» қозғалысының 90 жылдығына арналып түсірілген. 52 минуттық фильмнің сценарийін жазған - Болат Мүрсәлім, композиторы - Ақан Мұсақұлов.

2012 жылы Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы «Азалы кітаптың» 9-ыншы басылымын шығарды. «Азалы кі­таптың» бұл шығарылымы қызыл террор кезеңінде Алматы қаласы маңындағы «Жаңалық» қорымында жатқан жазық­сыз құрбандардың есімдерін жаң­ғыртуға арналды.

Кітапта 1937-1946 жылдар аралығында атылып, Жаңалық ауылы маңындағы қорымға көмілген 4 121 адам туралы қысқаша мәліметтер берілді.

2012 жылы Нью-Йорк университеті жанындағы Ежелгі әлемді зерттеу жөніндегі институт ғимаратында «Көшпенділер және олардың байланыстары: Қазақстанның ежелгі өнері мен мәдениеті» ("Nomads and Networks: The Ancient art and Culture of Kazakhstan") деген атаумен бірегей көрме ашылды.

2016 жылы халықаралық жеке құқықтар бойынша Гаага конференциясының жалпы істер және саясат кеңесінің отырысында Нидерланд Корольдігі Сыртқы істер министрлігінің өкілдеріне Қазақстан Республикасының Гаага конференциясына қосылуға ниет білдірген хаты тапсырылды.

2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысының тарих-өлкетану музейінде «Дархан дарын» көрмесі ашылды. Көрменің басты экспонаты Ғ. Мүсіреповтің «Ұлпан» романының қолжазбасының үзіндісі болды. Мүсірепов кітаптарының барлығын төте жазумен, қара қарындашпен жазған. «Ұлпан» романының қолжазбасы жалпы 240 бет.

2018 жылы «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жарық көрген «Қазақ фотошежірешілері: тарих, дерек, өнер» фото энциклопедиясы шықты. Жинақта қоғам санасын фото арқылы эстетикалық талаптарға, мемлекеттік мүддеге, ұлттық мұратқа жұмылдыра білген қайраткерлердің шығармашылығы жан-жақты баяндалған. Онда Ахмет Байтұрсынұлы түсірген фотосуреттерден бастап, есімі елге танымал авторлардың соңғы жарты ғасырда таспалаған атақты туындылары енгізілді.

2018 жылы Талдықорғанда гір спорты бойынша Қазақстан чемпионатында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Меруерт Сүлейменова 63 келі салмақ дәрежесінде «Жұлқа көтеру» жаттығуында гір тасын 152 рет көтеріп, Қазақстан рекордын орнатты.

2018 жылы Қазақстан астанасында Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі Астана процесінде кепіл елдердің сыртқы істер министрлері кездесті. Иран, Ресей, Түркия СІМ басшыларының кездесуі жақын болашақтағы үшжақты өзара ықпалдастықты айқындап, Сирия дағдарысын реттеу жөніндегі ынтымақтастықтың алғашқы жылында қол жеткізілген нәтижелерді талқылау мүмкіндігін берді.

2018 жылы Қазақстандық «Анаға апарар жол» фильмі Нью-Йорктегі кинофестивальдің «Өмір жетістіктері» аталымында «Үздік көркем фильм» наградасын жеңіп алды. Кинофестиваль «Киноматографтағы әйелдер» тақырыбындағы форум аясында өтті. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен келген 100-ге жуық киноматографистер қатысты.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Бакытжан Ербасов
Бакытжан Ербасов
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT