150 мың отбасына 37 мың теңгеден астам сомаға мектеп формасы сатып алып беріледі - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда 150 мыңға жуық отбасы балаларын мектепке дайындау үшін мемлекеттен қаржылай көмек алып үлгерді. Бұл көмекті әлеуметтік осал санаттағы 440 мыңнан астам бала алады.

Бұл мәліметтерді бүгін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі таратты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, биылдан бастап министрлік материалдық көмек көрсету ережелеріне өзгерістер енгізді. Бұған дейін өңірлерде бөлінген сома 17-ден 40 мың теңгеге дейін болса, биыл бұл сома ұлғайтылып, кемінде 37 389 теңгені құрап отыр.

Сондай-ақ көмек көрсету тетігіне де өзгерістер енгізілді. Енді ата-аналарға мектеп формасын, аяқ киім, кеңсе тауарларын және т.б. балаларымен бірге таңдап, сатып алуы үшін жеке шоттарына ақша аударылады. Бұрын мұның барлығын әкімдіктер сатып алатын және ол тауарлардың өлшеміне, сапасына және т.б. байланысты мәселелер туындайтын.

Жалпыға бірдей білім беру аясында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, төтенше жағдайға тап болған оқушыларға және т.б. көрсетіледі.

«Көп балалы аналар көптен бері өз ұсыныстарын айтып келеді. Біз оны назардан тыс қалдырмадық. Енді ата-аналар банктегі шотына ақшаны тікелей алып, балаларға мектеп формасын, кеңсе тауарларын және аяқ киімін өздері таңдай алады. Бұдан былай бала ата-анасымен бірге таңдаған мектеп формасымен бара алады. Мұның артықшылығы осында. Бұған дейін сатып алумен әкімдіктердің қызметкерлері айналысатын. Жыл сайын өлшемдерге, сапаға байланысты проблемалар туындайтыны естеріңізде болар, тіпті балалар ол киіммен жүруге ұялатын. Қазір әкімдіктер белсенді түрде ата-аналардың шотына 37 389 теңгеден кем емес қаражатты аударып жатыр. Бұл ең төменгі сома. Бұрын 17, 20, 25 мың теңге бөлуі мүмкін еді. Кей аймақтар бұл сомадан артық бөліп жатыр, мысалы, Алматы 43 мың теңгеден. Бұл көмекті алатын 440 мыңнан астам баланың 150 мыңға жуығына ақша аударылды, қалғанына 20 тамызға дейін аударылуы керек», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Дулат Жекебаев.


Соңғы жаңалықтар