150-дей атыраулық отбасы баспаналы болды

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Тәуелсіздік күні қарсаңында Атырау қаласының Береке шағын ауданда салынған үйлердің пәтер кілттері табыс етілді. Іс-шараға облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов қатысып, тұрғындарды қоныс тойымен құттықтады, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

144 пәтер «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған көп қабатты тұрғын үйден берілді. Баспаналы болғандардың басым көпшілігі мемлекет қамқорлығы санатына жататын аз қамтылған және көпбалалы отбасылар мен жетім балалар.

«Мемлекет басшысы халықтың аз қамтылған тобын баспанамен қамтуға ерекше көңіл бөлуді тапсырған еді. Биыл ұзақ жылдар қиналып келген біраз жерлесіміз баспаналы болды. Бұдан тыс жыл аяғына дейін ұзақ уақыт кезекте тұрған азаматтар мен апатты жатақхана тұрғындарының біразын жаңа үйлерге көшіреміз. Жерлестерімізді қуанышқа кеңелту жұмыстары баспанаға мұқтаж отбасылардың мәселесі толық шешілгенге дейін жалғасады»,- деді өңір басшысы Махамбет Досмұхамбетов.


Жыл басынан бері кезекте тұрған 363 отбасы жаңа қонысқа ие болған. Бұның сыртында апатты үйлер мен жатақханаларда тұратын 481 отбасы да баспаналы болған.

«Мен 2008 жылдан бері үй кезегінде тұрғанмын, бүгін қуанышты сәтті бастан өткерудемін. Карантин жағдайында талаптарды қатаң сақтай отырып, Елбасының тапсырмасын жүзеге асырып, құрылыс жұмыстарын тоқтатпай, баспанамен қамтып отырған облыс әкім Махамбет Досмұхамбетовке сондай-ақ қала әкіміне шексіз алғысымды білдіремін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз баянды болсын!»,- деді жаңа қоныс иесі Қонысқали Саттығұлов.

Сондай-ақ, биыл қауіпті жағдайдағы 10 үйдің тұрғындары пәтерлі болып, Қарабатан елді-мекеніндегі 24 отбасы Жұлдыз ықшам ауданындағы жаңа үйлерге көшірілгенін де айта кетеу керек.


Осылайша жыл басынан бері мыңға жуық атыраулық баспаналы болды. Ал жыл соңына дейін апатты үйлер мен жатақхана тұрғындарына тағы да 332 пәтер беріледі деп жоспарланып отыр.



Соңғы жаңалықтар