15 жылдық саяхат, ұшатын объект, Тарбағатай петроглифтері: Саяхатшы тәжірибесін бөлісті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ғұмыр жолының 10 жылын заңгер қызметіне арнаған Алмас Сетербаев бұл күнде кеңседегі жұмысымен қош айтысып, отбасымен саяхаттауды қолға алған. Оның еліміздің түкпір-түкпірі мен әлемнің ең әсем жерлерін аралап жүргеніне 15 жылға жуық уақыт болған. Ол ҚазАқпарат тілшісіне табиғаттағы тылсым құбылыстар, шетелдіктердің қонақжайлығы және елімізде ішкі туризмді дамыту жайында сұхбат берді.

Алмас Сетербаев – Agrotravel компаниясының басшысы, Қазақстан агро және ауылдық туризм қауымдастығы президентінің орынбасары, NOMAD 4x4 автосаяхатшылар клубын ұйымдастырушылардың бірі.

45 КҮНДІК САЯХАТ

- Алмас аға, әңгімемізді туып-өскен жеріңіз бен қызмет жолыңыз туралы тоқталып өтуден бастасақ...

- Мен ШҚО Үржар ауданы Жаңатілек ауылында туып-өскенмін. 1993 жылы Талдықорған қаласына заңгер мамандығы бойынша білім алуға кетіп, сол қалада заңгерлік жолым басталды. Кейін әскери борышымды өтегеннен кейін Ақмола облысындағы Атбасар қаласында, Жарқайың ауданының Державин қаласында, Ерейментауда, Аршалыда, 2007 жылы елордада заңгер болып қызмет еттім. Осы салаға ғұмырымның 10 жылын арнадым.

- Заңгерлік қызметпен қош айтысып, саяхаттауды қолға алуыңызға не түрткі болды?

- Менің балалық шағым Тарбағатай тауының бөктерінде, керемет табиғат аясында өтті. Әкем аңшы, жылқышы болған. Омарта шаруашылығымен де айналысқан. Жаным еркіндікті қалайды. Кеңседе отырып жұмыс істеген көңіліме жақпайтын. 2007 жылы шаңырақ көтеріп, өз еркіммен жұмыстан шықтым. 2 жыл бойы отбасыммен ел ішінде саяхаттадым. Отбасын құрғалы сенбі, жексенбі күндері табиғат аясына шығуды әдетке айналдырғанбыз.

- Сонда демалыс күндері қалада сирек боласыздар ма?

- Иә. Қазір ең ұзақ демалысымыз туралы қызық әңгіме айтып берейін. Күндердің бір күнінде жұбайым қарағандылық тұрғынға көлігін сатқан еді. Жаз айының бір бейсенбісінде түскі ас ішіп отырғанда ол «Көлікті сатып алушыларға қысқы дөңгелектерді береміз деп едік. Естен шығып кетіпті ғой», деді. Сатып алушылардан ұят болмасын деп дөңгелектерді Қарағандыға өзіміз апарып береміз деп шештік. Отбасымды көлікке отырғызып, жолға шықтық.

Мақсат – дөңгелектерді табыстап, ары қарай Балқаш көліне барып, шомылып қайту еді. Үйден сол кеткелі мол кетіп, Балқаштан ары Талдықорғанға, Жаркентке бардық. Одан ары Алакөлге, Семейге барып, үйге қайтып оралғанша 45 күн қалай өтіп кеткенін білмей қалдық. Мұндай қызық жағдай жиі болып тұрады.

Мысалы, қазір сізге сұхбат бергеннен кейін досымның отбасымен бірге екі көлікпен Шымкентке жолға шығамыз. Ары қарай Түркістанға, Ақмешіт үңгіріне барамыз. Келесі демалыс күндері Қызылорда жаққа кетеміз. Ол жаққа баруымыздың басты себебі – ержетіп қалған балаларымыз Қазақстанның барлық өңірінде болғандарын, тек сол жаққа барып көрмегендерін айтуы болды. Сол жаққа барып, балаларға көрсетіп қайтуымыз керек.


МАҚСАТ - БІР ЖЕРДЕН ЕКІНШІ ЖЕРГЕ ЖЕТУ ЕМЕС

- Үнемі жолда болудың қызығы да, қиындығы да аз емес болар?

- Жалпы, жолда ұзақ жүреміз. Мысалы, Алматыға жылдам бардық дегеннің өзінде жолда ең азы 2 күн, ең ұзағы 1 апта жүреміз. Жолда тоқтап, әсем табиғатты тамашалап, тіпті далада қонып қаламыз. Мақсат – бір жерден екінші жерге жету емес, мақсат – жол жүру. Елорда мен Алматының ортасында Бектау шатқалы бар. Ол Балқаштың маңындағы жолдан 5 шақырымдық жерде орналасқан. Елорда мен Алматының арасында жол жүретіндердің 90%-ы ол жердің бар екенін білмейді. Жазық далада тауы да, тасы да, шомылатын суы да, тіпті орманы бар алқап бар. Керемет емес пе?! Ол жерге неге тоқтап, қонып қайтпасқа?

- Бір барған жеріңізге екінші мәрте қайта атбасын бұрған кезіңіз болды ма?

- Бір барған жерге бірнеше рет бара беремін. Әр барған сайын алатын әсер де әртүрлі болады. Мысалы, биыл елордадан 200 шақырым жердегі Бестөбе шатқалы мен Сілеті су қоймасына 10 рет бардым. Барған сайын әр қырынан танимын. Жазық далада саяхаттау мен тауда саяхаттаудың айырмашылығы бар. Таудың әр жағындағы биігіне шыққан сайын айналаңды жаңа бейнеде көресің. Таудың биіктігіне байланысты көрініс те өзгеріп отырады. Ал жазық далада шеті де, шегі де жоқ кеңістікке қарап, көкжиекке көз жүгіртіп, терең тыныс алып қайтасың.

- Пандемияға байланысты саяхаттауды азайтқан боларсыз?

- 2020 жылдың наурызынан бері пандемия болып, қол-аяғымыз «байланып» қалды. Соған қарамастан биыл қаңтар айында Қостанайға 2 рет, Солтүстік Қазақстанға 2 рет, Алматыға, және Ақмола облысының біраз жеріне барып қайттым.

ТАРБАҒАТАЙДЫҢ АШЫЛМАҒАН СЫРЫ КӨП

- Саяхат – қаншалықты шығыны көп хобби?

- Біреулер саяхаттау үшін көп қаражат керек екенін айтса, енді бірі бала-шағасы кішкентай болғандықтан саяхатқа шыға алмайтынын айтады. Мұның бәрі – сылтау. Саяхатқа шығуға көп қаражат қажет емес. Мысалы, 45 күндік саяхатқа шыққан кезде Daewoo маркалы көлікпен жүрдік. Саяхаттаған кезде барған жерімізде туыстар болса – туыстарға, достар болса – достарға, қонақүйлерге немесе далада – табиғат аясына қонамыз. Өзімізбен бірге тамақ жасайтын азық-түлік, аспаптарымызды алып жүреміз. Кенжем 1 жасқа толған кезде туған күнін «Ербол – саяхатшы» деген атаумен өткіздік, себебі ол 1 жасқа толғанға дейін Қазақстан ішіндегі саяхаттарын қопағанда 6 мемлекетте: Қытай – Қырғызстан – Армения – Азербайжан – Грузия - Қарабақта болып, соның бесеуін көлікпен жүріп өткен.

- Еліміздің түкпір-түкпірінде саяхаттап қайттыңыз. Қай жерлер есіңізде ерекше сақталып қалды?

- Елімізде керемет жерлер көп. Тарбағатай тауының ашылмай жатқан қыры қаншама?! Ол жақтың петроглифтері әлі зерттелмеген. Қаншама сарқырамасы бар. 2020 жылы NOMAD 4x4 автосаяхатшылар клубымен бұл тауды аралаймыз деп жоспарлаған едік. Індетке байланысты кейінге қалды. Биыл рұқсат берілсе – барып-қайтып, кеңінен насихаттаймыз. Бала кезімде Тарбағатай тауының бөктерінде аттың бойы көрінбейтіндей шөп өсетін. Катонқарағай мен Алтай тауының арасындағы 100-200 шақырымда жазық дала да, орман да, тау да, су да – бәрі бар. Бұл да бір Жаратқанның кереметі емес пе? Өзім Шығыс Қазақстанның тумасы болғандықтан сол жаққа жиі барғым келіп тұрады. Жылына бір рет Ұлытауға саяхаттап қайтамын.

- Саяхат барысында қандай қызықты оқиғалар болып тұрады?

- Саяхат кезінде қызық оқиға көп болады. Күзде ұл-қызыммен бірге Ұлытауға барып, ол жақта достарыммен кездестім. Қайтар кезде әркім өз жолымен кетті. Мен елордаға төте жолмен жеткім келіп, жазық далада адасып кеттім. Көлігім де қызып-суып, бұзыла бастады. Біз кезде Қорғалжын тасжолын көргендей болдым. Сол жолға жетуге асықтым. Жолға шыққан кезде көлікті тоқтатып қойсам, қайтадан от алмай қала ма деп – тоқтамастан қалаға қарай зуылдадық.

Жол бойында ақ дастархан жайып, ковбой бас киімін киіп алып шай ішіп отырған екі жігітті көрдім. Олардың қасында ақ түсті көлік тұр. Қасынан зуылдап өте шықтық. Ішімнен «Бұл расымен адамдар ма, әлде көз алдыма елестеп отыр ма?» деп ойладым. Қалаға келген соң жолда көргенімді әлеуметтік желідегі саяхатшылар тобына жаздым. Ол жігіттер де сол топта отыр екен. Екі аптадан кейін олармен кездесіп, таныстым.

- Сіз табиғат аясында да қона беретініңізді айттыңыз. Айдалада қонғанда бойыңызды қорқыныш билемей ме? Табиғат аясында тылсым құбылыстарға куә болған кезіңіз болды ма?

- Құстардың үніне құлақ түріп, самал желге тербеліп ұйықтаған керемет әсер сыйлайды. Табиғат аясында ішкен шайдың дәмі де ерекше. Ересек өмірімде ондай тылсым дүниелерді көрмедім. Балалық шағымда омартада қонып жүрген кезде ұшатын объектілерді көп көретінмін. Оны мен ғана емес, омартада қонатын адамдардың бәрі көретін.

«Бүгін мына жақтан ұшып келді. Кеше мына бағытқа ұшып кеткен» деп талқылап отыратынбыз. Қолымда фотоаппарат, видеокамера болса да соны түсіріп алуға батылым жетпеді. Ол қасымызға келіп қонған кезде айнала жап-жарық болып кететін. Енді сол жерге барып, тағы да қонып қайтқым келіп жүр.

ЖАҚСЫ КӨРІП АЙНАЛЫСҚАН ІС ТАБЫС АЛЫП КЕЛЕДІ

- Шетелге де жиі саяхаттайсыз. Қазіргі уақытта Қазақстанның ішкі туризмін дамытуды қолға алып жатқаныңызды білемін. Неге ішкі туризмді таңдадыңыз?

- Шетелдерде 1-2 рет жұмыс барысымен, ал қалған уақытта саяхаттап бардым. Пандемияның алдында Қытайға саяхаттап қайттым. Жалпы Қытайда 10 рет саяхаттадым. Шетелдік туризмді қолға алу – ол өте табысты жұмыс, бірақ мен Қазақстанның ішкі туризмін дамытқым келеді. Біздің елдің табиғаты ешбір шетелдің табиғатынан артық болмаса, кем емес. Қызмет көрсету мәселесі, әрине, сын көтермейді, бірақ мұның бәрі уақыттың еншісіндегі дүние. Бастысы – табиғатымыз ғажайып!

Қазақстанның ішкі туризмін дамытуға кедергілер көп, бірақ ішкі сана-сезімім туған жерімнің табиғатын әлемге паш еткісі келіп тұрады. Қандай қиындық болса да еңсеруге дайынбыз. Мұны біз қолға алмағанда кім алуы керек? Қазақстанның ішкі туризмін дамытуға үлес қосып жатқан 1-2 Ресей азаматын білемін. Олар еліміздің табиғатына ғашық болып, арнайы көшіп келген. Осы бағыттағы жұмыстарды шын көңілдерімен атқарып жатыр.

- Сіздің бұл хоббиіңіз уақыт өте келе негізгі жұмысыңызға айналып кетті. Туризм саласы қашаннан бастап сіз үшін табыс көзіне айналды?

- Жақсы көріп айналысқан ісің түптің түбінде саған табыс алып келеді. Мысалы, менің саяхаттап жүргеніме 15 жыл болса, бұл саланың маған табыс алып келгеніне 2 жыл болды. Мысалы, кейбіреулер экиспедицияға шақырады. Жолды жақсы білетіндіктен олардың қасында бағыт-бағдар беріп жүрем, сол үшін ақы аламын. Мен NOMAD 4x4 автосаяхатшылар клубының ұйымдастырушыларының бірімін. Биыл бұл клубтың құрылғанына 6 жыл болады. Бұл клубқа қазақстандық қана емес, шетелдік саяхатшылар да мүше.

АГРО ЖӘНЕ АУЫЛ ТУРИЗМІ – БОЛАШАҒЫ ЗОР БАҒЫТ

- Ішкі туризмді дамыту бағытында қандай жобаларды қолға алдыңыздар? Бір күндік саяхат құны қандай?

- 1 жыл бұрын ішкі туризммен айналысатын туристік компания құрдық. Сондай-ақ, 1 жыл бұрын Қазақстан агро және ауылдық туризм қауымдастығын аштық. Ал бұл саланы зерттеп жүргенімізге 5-6 жыл болып қалды. Агро және ауылдық туризмнің не екенін қазақстандықтарға түсіндіріп, бөлек деңгейге көтердік деп ойлаймын. Бұл саланы біз бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көп насихаттадық. Студенттермен де жұмыс істеп, оларға осы бағытты қалай дамытуға болатыны туралы дәріс оқып жатырмыз. Жергілікті халыққа да ауыл туризмі дегеннің не екенін түсіндіріп, бағыт берудеміз. Биыл Ақмола облысы, Солтүстік Қазақстан облысы және Шығыс Қазақстан облысында агро және ауыл туризмін дамытуды қолға алғалы отырмыз.

Саяхат құны орта есеппен – 10 мың теңге. 10 мың теңгеге тамаша табиғат аясында болып, ауыл өмірімен танысып, тамақтанып, ойлас-пікірлес адамдармен танысып қайту деген керемет емес пе?

- Ауыл және агротуризмнің артықшылығы, ерекшелігі қандай?

- Агротуризмнің артықшылығы – 12 ай бойы үздіксіз жұмыс істей береді. Үкіметтегілер туризм бағытын дамыту керектігін айтқанмен, бірі жаздық туризмді, енді бірі қыстық туризмді дамытуды қолдайды. Ал біздің мақсат – жыл бойы үзіліссіз жұмыс істеу. Шетелден келген азаматтарға қызығы – еліміздің ауыл-аймағындағы өмір. Оларға өздері күнделікті көріп жүрген зәулім үйлер қызық емес.

Ал біздің еліміздегі қай ауылды алып қарасаңыз да кемінде 1-2 этнос бар. Яғни, бір ауылға келу арқылы қазақтың салт-дәстүрін көріп, татарлардың дастарханынан дәм татып, немістердің өнерін тамашалап қайта алады. Бұл – ауыл тұрғындары үшін керемет мүмкіндік. Олар туристерге ауылдың тыныс-тіршілігін көрсетіп, қолөнер бұйымдарын, табиғи өнімдерден жасалған тағамдарын сатып – табыс табады.

Қазіргі уақытта туристерді Ақмола, Солтүстік Қазақстан облысы маңындағы ауылдарға апарып жүрміз. Айыртау ауданындағы, Имантау ауылына күзде де, қыста да туристерді апардық. Туристердің арқасында ауыл тұрғындары тосап, тұздалған жеміс-жидектері мен бал өнімдері жаңа жылға дейін өткізіп жіберді.

АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ ӨНЕРІН ТАБЫС КӨЗІНЕ АЙНАЛДЫРА АЛАДЫ

- Ауыл туризмін дамыту барысында кімдерден қолдау көріп отырсыздар?

- Біз жұмысымызды әкімдіктен көмек сұрау арқылы атқармаймыз, себебі олар бұл саланы дамытуды қолдайтынын айтқанмен, іс жүзінде қолдау көрмейміз. Ауылдастарына жанашырлықпен қарайтын әкім саусақпен санарлық. Мысалы, Ереймантау ауданы, Торғай ауылының әкімі ауылдастарына жанашыр адам. Ол туристерді өзі күтіп алып, өзі шығарып салады. Ауылдағы әлеуметтік жағдайы нашарлау тұрғынның үйіне апарып, оған туризм бағытында кәсібін дөңгелетіп жіберуге көмек беруімізді сұрайды.


- Ауылда он саусағынан бал тамған, жеті қырлы, бір сырлы азаматтар көп шығар.

- Әр ауылда ерекше кейіпкерлер бар. Мысалы, Имантауда Ілияс есімді омарташы тұрады. Ол өмірлік қиын жағдайға тап болып, өлім азынан қалған. Кемтар болса да омарта шаруашылығымен айналысып жүр. Бұрын мұғалім болған екен. Қара күзде оған туристерді апаратынымызды айтқанда бойын қорқыныш биледі. Бұл шаруашылық туралы қалай айтып, жұмыс барысын қалай көрсетерін білмеді. Бірақ туристер барған кезде біз келіскендей 10-15 минут емес, 1 сағат сөйлеп, бар білгенін керемет түсіндіріп, көрсетіп берді. Біз оған апта сайын туристер апаратын болдық. Оның жүрегінде үміт оты пайда болды. Омарта шаруашылығын кеңейтуге шешім қабылдап, қазір онлайн режимде курстардан өтіп, оқып жатыр. Мұндай мысалдар көп.

ШЕТЕЛДЕГІ ҚЫЗЫҚТАР

- Шетелге саяхаттаған кезде қызық оқиғалар көп болған шығар. Ол жаққа барғанда не көріп, не түйгеніңіз жайлы айтып беріңізші.

- Негізі қазақ халқы – қонақжай халық екені айтылады ғой, бірақ мен қонақжайлық дегеннің не екенін Грузияға барғанда білдім. 10 жыл бұрын сол жаққа отбасыммен қыдырып бардым. Тбилисиден Батумиге автобуспен жолға шықтық. Балаларым орындыққа отырған кезде аяқтарын созып, әрқайсысы екі орындықтан иемденіп, созылып жатты. Қалған адамдар отырды. Жолда қол көтерген адамдарға автобус тоқтамады.

Ішімнен «Неге жолаушыларға тоқтамайды. Олар кірсе балаларым бір орын босатып берер еді ғой» деп ойладым. Ақыры жүргізушіден неге тоқтамай жүріп бара жатқанын сұрадым. Сонда ол «Сіздер – қонақсыздар. Балаларыңыз жолдан шаршап қалмасын, аяғын созып, демалып алсын деп ойладық. Балаларыңыз алаңсыз жата берсін» дейді. Бұл жағдай маған өте үлкен әсер қалдырды.

Тағы бір жағдай: Тбилисиде қонақ үйден шығып, супермаретке бармақ болдық. Такси тоқтатып тұр едік, сол жақтың бір тұрғыны «Осы аялдамаға автобус келеді. Отырасыз да, келесі аялдамадан түсіп қаласыздар» деді. Біз №18 автобусқа отырып, супермаркетке баруымыз керектігін айттық. Жүргізуші келесі аялдамадан өтіп, оңға бұрылып, екі квартал жоғары көтеріліп, супермаркеттің дәл алдына келіп, бізді түсіріп кетті. Супермаркеттен шыққан соң екі квартал төмен түсіп, аялдама қасына келіп, №18 автобусты күттім.

Мақсатым – ол негізі қай бағытпен жүретінін көру еді. Бір кезде №18 автобус келді, ары қарай ешқайда бұрылмай, түзу өтіп кетті. Сонда жүргізуші біздің қонақ екенімізді біліп, сыйлағандықтан супермаркеттің дәл алдына апарып тастағанын түсіндім. Міне, нағыз қонақжайлылық деген осылай болады екен.

Мысалы, Бакуде жұбайым екеуміз дәмханалардың біріне кешкі ас ішуге бардық. Дәмханаға кірсек бір жігіт шай ішіп отыр екен. Бізді көре салып «Ой, келгендерің қандай керемет болды! Мен жалғыз шай іше алмай отыр едім! Сендерді осында Құдай жіберді» деп қуанды.

Таныса келе ол біздің Қазақстаннан келгенімізді біліп, таңға дейін қалада такси жалдап тұрып қыдыртты. Көлігі жоқ екенін, таксимен қыдыртуға тура келгені үшін кешірім сұрады. Ертеңінде базарға апарып, түрлі-түрлі сыйлықтар алып берді және ұшаққа дейін өзі шығарып салды. Өзі кәсіпкер де емес, қарапайым мұғалім екен. Осы жағдайды ешқашан ұмытпаймын.

Тағы бір мысал, Түркияның туристер көп жүрмейтін таулы аймағына қыдырып бардық. Ол жаққа барғанда «Қазақстан» деген жазуы бар футболка киіп алғанбыз. Жергілікті тұрғындар біздің қазақстандық екенімізді көргенде қасымызға келіп келіп амандасып, бауырлас халық екенімізді айтып, бәрі кезек-кезек қонаққа шақыра бастады. 1 күнде 27 дәмхана, үйге барып, шай іштік. Ертеңінде таң атысымен сол жақтан «қашып» кеттік. Осы елдерге барғанда мен қонақжайлылық дегеннің не екенін түсіндім. Қазіргі уақытта туристермен жұмыс істеген кезде оларды ақша беретін адам емес, қонақ ретінде қабылдаймыз.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!



Соңғы жаңалықтар