15 жыл бұрын «ҚазАқпарат» латын әліпбиінде жаңалықтар тарата бастаған еді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ақпарат құралы - мемлекеттік идеологияның құралы. Тіл мәселесі, ұлттың рухани дамуы, ғылым мен білімді насихаттауда да бұқаралық ақпарат құралының орны ерекше екені белгілі. Руханият, ғылым мен білім тұрғысынан алғанда - Қазақстандағы латын әліпбиіне көшу мәселесі де осындай аса маңызды қадамның бірі болды. Қазір латын әліпбиін ешқандай саяси саудаға салмай, оның таза прагматикалық шешім екенін айтып жатудың өзі артық. Өйткені, бүгінгі әлем - латын әліпбиінің әлемі. Ғылыми жетістіктер де, бірінің орнын бірі шапшаң басып жатқан технология жаңалықтары да латын әліпбиімен жазылып, таралуда. Бұндай бағыттың айқындығын алғаш аңғарып, Қазақстанда латын әліпбиін іс жүзінде енгізуге тұңғыш қадам жасаған «ҚазАқпарат» агенттігі болатын. Агенттік осыдан дәл 15 жыл бұрын, 2004 жылдың 16 сәуірінде алғаш рет латын нұсқасын іске қосып, қазақ тілінде жаңалықтар тарата бастады. Бұны жүз жылдық тарихы бар агенттіктің Тәуелсіздік кезеңіндегі жаңа сапаға көтерілген қадамы деп қараған жөн. Екінші жағынан, бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру бағытындағы жұмысқа дайындықтың бір бөлігі десе де болар еді.

Ал осындай маңызды қадам қалай жүзеге асты?

Қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыру мәселесі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ күн тәртібіне шығып, баспасөзде көтеріліп жүрді. Осы тақырыпта алғашқы мақаланың бірін 1991 жылдың 24 қаңтарында «Ана тілі» газетіне «Латын әліпбиінің болашағы зор» деген атпен академик Әбдуәли Қайдар жариялады. Онда қазақ тілді кирилл жазуын латын әрпімен алмастырудың ғылыми негіздері баяндалды.

Кейіннен бұл идеяны «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы іс жүзіне асырды. Сол тұстағы агенттіктің қазақ редакциясының бас редакторы Жарылқап Бейсенбайұлының бастамасымен қазақ тіліндегі ақпараттар елімізде тұңғыш рет тікелей латыншаға аударылып, жаңалықтар сайт бетінде латын әріпімен тарала бастады. Бұл айтулы күн 2004 жылдың 16 сәуірінің еншісіне жазылыпты.

«Бұл идеяның әуелде өмірге келуіне - атажұрттың әр хабарына сусап, ынтығып отырған шет елдердегі қандастарымызға Қазақстан жаңалықтарын қалай жеткізсек деген жанашырлық мүдде түрткі болды. Сырттағы қазақтардың көбі, әсіресе Қытайдағы қалың қазақ төте араб жазуын, ал Еуропа, Түркиядағы қандастарымыз латыншаны пайдаланатындықтан, біз қолданып жүрген кирилл әрпін танымайды. Іргедегі Өзбекстан да бірден латыншаға көшіп кеткендіктен, ол елдегі қазақтың кейінгі толқыны өз-өзінен латын әрпінде сауат аша бастады. Демек, шеттегі қандастарымыз үшін Қазақстан хабарларын агенттік сайты арқылы латын әрпінде жеткізіп тұру тиімді болатыны анық. Осы мақсатпен агенттіктің компьютерлік технология мамандарына қазақ тіліндегі жаңалықтарды автоматты түрде тікелей латыншаға ауыстыратын бағдарлама жасауға тапсырыс беріліп, ол сынақтан өтіп, кем-кетік жерлері түзетілгеннен кейін, 2004 жылғы сәуірдің 16-нан бастап, латынша сайтымыз толыққанды іске қосылып кеткен еді», - деп жазады Жарылқап Бейсенбайұлы бұл туралы естелігінде. Осылайша, агенттіктің компьютерлік технология мамандары - Павел Фоменко мен Егор Холявко академик Әбдуәли Қайдар жобасының бір-екі әріпіне ғана өзгеріс енгізіп, латын нұсқасын жасап, іске қосты.

Агенттік нұсқасы кейіннен «ҚазАқпараттың латыншасы», «ҚазАқпарат нұсқасы» деген бейресми атауға да ие болды. Осылайша «ҚазАқпараттың» латынша сайты дүниеге келісімен бұл бастама көпшіліктің зор қолдауына ие болды. Ол қазақ тілді сайт оқырмандары санын күрт арттырды.

2017 жылдың 12 сәуірінде жарияланған Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы латын әліпбиіне қатысты мәселені қайтадан күн тәртібіне шығарды. Онда Елбасы: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекше­лік­теріне байланысты» деп Үкіметке қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауды тапсырды. Кейіннен Нұрсұлтан Әбішұлы бұл істі тікелей өзі қадағалап отыратынын мәлімдеді. 2017 жылдың 26 қазанында Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығы шықты. Ал 2018 жылдың 19 ақпанында Жарлыққа енгізілген өзгерістер негізінде жаңа әліпби нұсқасы бекітілді.

Қазіргі кезде қазақ әліпбиінің латын таңбасындағы бірыңғай стандартты нұсқасын түбегейлі жүйелеу, жаңа емле ережелерін қалыптастыру, латын әліпбиіне үйрететін мамандар мен мектеп оқулықтарын дайындауға кірісу жұмыстары кезең-кезеңімен қолға алынып атқарылып жатыр. Елімізде 2025 жылға қарай іс қағаздары, мерзімді басылымдар, оқу құралдары, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастау жүзеге аспақ.

Осылайша, «ҚазАқпараттың» 2004 жылдың 16-сәуірінен басталған латын әрпіндегі сайт ашу бастамасы 2018 жылдың қараша айына дейін жалғасып тұрды. 2018 жылы қарашаның 20-сынан бастап «ҚазАқпарат» агенттігі қазіргі бекітілген латын әліпбиі нұсқасы бойынша жаңалықтар таратуға көшті.

«ҚазАқпараттың» латын нұсқасын іске қосуы шын мәнінде агенттік дамуының жаңа кезеңіне жасалған қадам болды. Өйткені, содан бес жыл өткеннен кейін 2009 жылдың қазан айында «ҚазАқпарат» араб әліпбиіндегі «төте жазу» үлгісі бойынша жаңалықтар тарату нұсқасын іске қосты. Бұл да Қазақстанда алғаш жүзеге асқан жоба еді. Әсіресе Қытайдағы қалың қандастарымыздың сұранысын қанағаттандырған осы жоба агенттіктің халықаралық қызметіндегі келесі сатысы болды десек артық айтқандық емес. Ал осыдан араға тағы бес жыл салып «ҚазАқпарат» қытай тілі редакциясы ашылды. Сүйтіп, 2004 жылдың 16-ы сәуірінде қолға алынған идея ҚазАқпараттың халықаралық қызметін сәтімен жүзеге асыруға септігін тигізді.

Түйіндей айтқанда, осыдан он бес жылғы «ҚазАқпарат» ХАА жүзеге асырған бастама Елбасының «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына дейінгі дайындықтың бір парасы болды деп айта аламыз.

Соңғы жаңалықтар