USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

15 желтоқсан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

2016 жылғы 15 желтоқсан 06:50
Бөлісіңіз:
15 желтоқсан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2016 жылғы 15 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.

15 желтоқсан БЕЙСЕНБІ

Украин сот қызметкерлерінің күні. 2000 жылғы 8 желтоқсандағы Украин Президентінің Қаулысымен бекітілген.

Халықаралық шай күні. Халықаралық шай күнін атап өту шешімі 2004 жылы Мумбайда (Үндістан) және 2005 жылы Порту Алегриде (Бразилия) өткен Дүниежүзілік қоғамдық форум ішінде көптеген халықаралық ұйымдарда және кәсіподақтарда бірнеше рет талқыланғаннан кейін қабылданды.

Тиісінше, мерекені шай өндіру басты орындардың біріне айналған елдерде атап өтіледі, бұлар - Үндістан, Шри-Ланка, Бангладеш, Непал, Қытай, Вьетнам, Индонезия, Кения, Малайзия, Уганда, Танзания.

Кәсіби міндетін атқару барысында қаза тапқан журналистерді еске алу күні

Бұл еске алу күні 1991 жылдан бері Ресей журналистер одағында тойланып келеді. Ресейде бұл күні соғыс кезеңінде және бейбіт уақытта адал әрі жылдам ақпарат беру мақсатында қаза тапқан талантты тілшілер, фотографтар, телеоператрларды еске алады.

Заменгоф күні

Эсперанто тілін ойлап тапқан Людвиг Заменгофтың туылған күніне орай бекітілген. Сондай-ақ, Эсперанто күні деп те аталады. Бұл мерекелік күні эсперантшылар ХХ ғасырдың 20 жылдары тойлай бастады, ал бұндай ұсынысты венгриялық Дьюла Баги жасады.

Нидерландыда патшайым күні

Жыл сайын 1954 жылы Нидерланды Корольдігінің Хартиясы (Статута) қол қойғандығына орай тойланады. Бұл мереке нидерландылықтардан басқа Аруба, Кюрасао және Синт-Мартенде тойланады. Нидерланды корольдігінің хартиясы еуропалық Нидерланды мен Арубаны, Кюрасао мен Синт-Мартенді біріктіретін федеративтік мемлекеттер үшін конституция болып саналады.

АҚШ-тағы Билль құқығын бекіту күні

1791 жылдан бері АҚШ Конституциясына алғашқы 10 өзгеріс енгізілгеннен бастап тойланады. Онда сөз бостандығы, баспа, діни тәу ету, жиындар жайлы өзгерістер енгізілді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

65 жыл бұрын (1951) КСРО Министрлер кеңесінің № 4943 қаулысымен Алматы қаласында «Қазақ экология және климат ғылыми-зерттеу институты» РМК құрылды. Кейіннен атауы «Жасыл даму» АҚ болып өзгертілді. «Жасыл даму» АҚ басты міндеті - қоршаған ортаның жағдайын сақтап, қалпына келтіріп және сапасын жақсарту жұмыстарын қамтамасыз ету.

36 жыл бұрын (1980) «Заветы Ильича» атты газет шықты. Алғашқы жылы оның тиражы - 5200 данаға жеткен. Павел Ильич Оноприенконың басшылығындағы журналистер ұжымы басылымды лезде танымал етті. Сексенінші жылдардың соңында газет таралымы 30 мың данаға жеткен. 1998 жылы 8 маусымда «Екібастұз дауысы» Екібастұз қалалық газетінің редакциясы» деп қайта тіркелді.

21 жыл бұрын (1995) баспасөз беттерінде Елбасы Н.Назарбаев қол қойған «Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» және «Қазақстан Республикасы Президенті мен жергілікті әкімшілік басшыларына уақытша қосымша өкілеттіліктер беру туралы» Заңдар жарияланды.

21 жыл бұрын (1995) Жамбыл қаласында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан Республикалары басшыларының Мемлекетаралық кеңесі өтті. Кеңес ұйғарымымен Қорғаныс министрлері кеңесі туралы ереже бекітіліп, ол аймақтың қауіпсіздігі, әскери ынтымақтастық саласындағы бүкіл мәселелерді қарайтын болып шешілді.

17 жыл бұрын (1999) Президент Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясын бекітті.

15 жыл бұрын (2001) Қазақстан Республикасының «Азаматтық авиацияны мемлекеттік реттеу туралы» Заңы жарық көрді.

11 жыл бұрын (2005) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің тарихында алғаш рет әйел азамат полковник атағын алды. Қорғаныс министрінің бұйрығымен ҚР Қорғаныс министрлігі Бас клиникалық госпиталінің гинекологиялық бөлімінің бастығы Гүлфарида Байділдаеваға медицина қызметінің полковнигі атағы берілді.

11 жыл бұрын (2005) Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының Атасу кентінде Атасу-Алашаңқай мұнай құбыры желісінің тазарту құрылғысы іске қосылды. Мұнай желісінің №1-ші ысырмасын Қытай мұнай-газ корпорациясының президенті Чэн Гон мырза мен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ президенті Ұзақбай Қарабалин ашты.

11 жыл бұрын (2005) Орал қаласында Қазақстан халықтары кіші ассамблеясы шығарған «Жемісті он жыл: бақыт басы - бірлік, байлық басы - тірлік» атты кітаптың таныстырылымы болып өтті.

Қос тілдегі әдемі безендірілген жинақта Қазақстан халықтары кіші ассамблеясы мен оның құрамына кіретін мәдени-ұлттық орталықтар мен бірлестіктердің сан қырлы қызметі туралы материалдар топтастырылды.

11 жыл бұрын (2005) Оңтүстік Қазақстанның Сарыағаш ауданында жаңа теміржол терминалының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті.

«Сарыағаш» стансасы Өзбекстан шекарасынан 3 шақырым жерде орналасқан. Өткел арқылы Ресей мен Орталық Азияны байланыстыратын, Иран мен Қытайға дейінгі баратын көптеген бағыттар өтеді. Стансада құрамаларды жасақтау, жүктерді ресімдеу, кедендік және санитарлық бақылау және басқа да операциялар жүргізуге арналған заманауи құралдар орнатылған. Теміржолдың үстінен жүк көтергіштігі 80 тоннаға жететін үлкен автокөлік көпірі салынған.

9 жыл бұрын (2007) Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбеде тәжік-ауған шекарасында қаза болған қазақстандық жауынгерлерге арналған монумент ашылды.

Душанбенің орталығында орналасқан монументте 35 қазақстандық жауынгердің есімі қашалып жазылған.

9 жыл бұрын (2008) Ақтөбеде Әбілқайыр хан даңғылында Тәуелсіздік монументі ашылды - Алматыда Республика алаңында орналасқан ескерткіштің кішірейтілген көшірмесі. Ескерткіш мешіт пен «Нұрдәулет» сауда орталығының қасында орналасты, ақтөбелік кәсіпкер Ербол Байжарқыновтың қаражатына ашылды. Постамент мәрмәрдан жасалған, барыстағы алтындалған «Алтын адам» денесі металл мен керамикадан жасалған. Ескерткіштің биіктігі 20 метрден асады.

43 жыл бұрын (1973) Нью-Йорк қаласында композитор Роберт Уилсонның «Иосиф Сталиннің өмірі» атты ең ұзақ операсы қойылды. Ол 13 сағат 25 минутқа созылды.

6 жыл бұрын (2010) Түркістанда тарихи-мәдени этнографиялық орталық ашылды.

4,600 шаршы метр алаңмен үш қабатты ғимаратта экспозициялық зал, конференц-зал, шеберханалар, зерттеу жұмысына арналған ғиараттар бар. Орталық міндеті - Түркістан тарихын зерделеу және оның Қазақстан тарихындағы рөлі болып табылады.

6 жыл бұрын (2010) Петропавл қаласында қалалық мәслихаттың XXХII кезектен тыс сессиясы өтті, оның аясында Петропавлдың екі саябағына белгілі қазастандық қайраткерлердің атауын беру мәселесі қаралады.

Біріне Шоқан Уәлиханов, екіншісіне Үкілі Ыбырайдың есімі. Бұл саябақтарда оларға арнап ескерткіш орнатылды.

6 жыл бұрын (2010) алыс стансаларда және разъездерде тұратын халыққа медициналық көмек көрсету, теміржолшылар мен олардың отбасы мүшелеріне медқызметтерді қамтамасыз ету мақсатында құрылған «Жәрдем» консультативтік-диагностикалық медициналық пойыз таныстырылды.

6 жыл бұрын (2010) Қостанайда «Құқық және экономика мәселелері» халықаралық журналының алғашқы нөмірі басылып шықты. Бұл журналдағы мақалалар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарияланған.

5 жыл бұрын (2011) Қазақстан футбол федерациясы УЕФА судьялық конвенциясының толыққанды мүшесі атанды.

5 жыл бұрын (2011) Қазақстанда ЕурАзЭҚ бас хатшысы Тайыр Мансұровтың «Нұрсұлтан Назарбаевтың іске асырылған еуразиялық жобасы» кітабының шығару құрметіне жаңа пошта маркасы айналымға шықты.

5 жыл бұрын (2011) елордалық шебер Иван Жданов Қазақстанның Тәуелсіздік күніне орай қазақша ет салуға арналған әлемдегі ең үлкен табақ әзірледі. Оның диаметрі 4 метрді құрады.

Ол негізінен ағаштан жасалып, шеті қазақи оюларымен безендірілген.

4 жыл бұрын (2012) Әзербайжандағы танымал газеттердің бірі саналатын «Бакинский рабочий» басылымында «Қазақстан Тәуелсіздігінің күні - Қазақстан Республикасының ұлттық мерекелерінің бірі» тақырыбында Қазақстанның егемендік алғалы бері жеткен жетістіктері жазылған мақала жарық көрді.

2 жыл бұрын (2014) Қызылорда облысында Қорқыт ата мемориалдық кешенін қайта жөндеу жұмыстары аяқталды.

Кешенге озық технологиялар, материалдар пайдаланылды. Қазақстандық белгілі сәулетші Бек Ыбыраевтың жобасы бойынша декоративті элементтермен безендірілді.

Бір жыл бұрын (2015) ҚР Ұлттық мұражайында Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының тұрақты көрмесі ашылды. Залда қойылған ұлттық валюталардың тиындары мен банкноттары халықаралық наградалармен бірнеше рет марапатталып, әлемдегі ең үздік ақша ретінде танылған.

16 жыл бұрын (2000) ЧАЭС 3 энергетикалық блогы тоқтатылды. Чернобыль атом электр станмсасының жұмысы толықтай тоқтатылды.

ЕСІМДЕР

106 жыл бұрын (1910-1981) Қазақстанның қоғам және саяси қайраткері БЕКТАСОВ Әшімбек Жүнісбекұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Омбы жұмысшылар факультетін, Бүкілодақтық Коммунистік (Большевиктер) партиясы Орталық комитеті жанындағы Жоғары үгітшілер мектебін, Талдықорған ауылшаруашылығы техникумын бітірген.

1933-1935 жылдары - Семей облыстық партия комитетінің нұсқаушысы. 1935-1937 жылдары - Қазақ КСР Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы. 1937-1938 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының міндетін атқарушысы, Арыс аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1938-1940 жылдары - Қазақ КСР Егіншаруашылығының халық комиссары. 1940-1942 жылдары - Қазақ КСР Су шаруашылығының халық комиссары. 1943-1945 жылдары - Ақмола облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1945-1947 жылдары - Қызылорда бөгеті құрылысының бастығы. 1947-1948 жылдары - Талдықорған елді мекендері бойынша егінді анықтау жөніндегі ауданаралық мемлекеттік инспектор, Талдықорған облыстық мелиоративті жайылым тресті кеңсесінің бастығы. 1948-1949 жылдары - Талдықорған облыстық шикізат дайындау бөлімінің бастығы. 1949-1950 жылдары - Талдықорған облыстық мелиоративті жайылым тресті кеңсесінің бастығы. 1950-1952 жылдары - Талдықорған облыстық мал шаруашылығын дайындау басқарушысының орынбасары. 1952-1953 жылдары - Талдықорған облыстық «Росткаучук» кеңсесінің бастығы. 1953-1956 жылдары - «Казгипроводэлектро» бірлестігі директорының орынбасары. 1956-1961 жылдары - Республикалық Халық шаруашылығы көрмесінің директоры. 1956-1957 жылдары Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары қызметтерін атқарған. 1961 жылдан зейнеткерлік демалыста болған.

«Мәди» атты кітабы жарық көрген.

1-дәрежелі Отан соғысы орденімен және медальдармен марапатталған.

103 жыл бұрын (1913-1990) ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Павлодар қаласының құрметті азаматы, Ұлы Отан соғысының ардагері БЕКХОЖИН Қалижан Нұрғожаұлы дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. 1938 жылдан соғысқа аттанғанға дейін Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің баспасында, Қазақстан Жазушылар одағында, Тіл және әдебиет институтында, соғыстан кейін Тіл және әдебиет институтында, Қазақстан Жазушылар одағында жұмыс істеді. 1949 жылдан шығармашылық жұмыста болды. Алғашқы лирикалық туындыларында замандастарының қиындыққа толы күрделі өмірін жырлады. «Орман қызы», «Кек», «Ақсақ құлан», «Александр Невский», «Жиырма сегіз», «Мариям Жагорқызы», «Тұрлаулы тағдыр», «Сері күйші» атты поэмалардың авторы. Ол «Қазақ совет әдебиеті» атты орта мектепке арналған оқулықты жазуға қатысты. Пьесалары республикалық, облыстық театрларда қойылды. «Ұлан асу» пьесасы қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінің қолбасшысы Абылай ханның ерлік жолына арналған. Көркем аударма саласында А.Пушкин, М.Горький шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған. Бекхожиннің өлеңдері мен поэмалары ТМД елдері халықтарының тілдеріне аударылып, кеңінен танылған.

Екі рет «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталған.

93 жыл бұрын (1923-1912) филология ғылымының кандидаты, доцент, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі РАЙЫМБЕКОВ Әбулақап дүниеге келді.

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында туған. Қазақ мемлекеттік универитетінің филология факультетін және аспирантурасын бітірген. Жезқазған аудандық «Қызыл кенші» газетінің әдеби қызметкері, жауапты хатшысы, редактордың орынбасары, республикалық «Лениншіл жас» газетінің әдеби қызметкері, Жезқазған кенішінің шахтері, орта мектептің, кәсіптік училищенің мұғалімі қызметтерін атқарған. 1966-1971 жылдары - Ташкенттегі Низами атындағы педагогикалық институттың оқытушысы.
1971-1976 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері. 1980 жылдан Қазақ мемлекеттік университетінің доценті болған. Ақынның «Тау ұлы», «Жездария», «Жұмысшы мәртебесі», «Құштар көңіл», «Құрыш білек» атты өлеңдер мен поэмалар жинақтары, «Қазақ поэзиясындағы жұмысшы бейнесі», «Жұмысшы мәртебесі» атты монографиялары жарық көрген.

92 жыл бұрын (1924-2002) актриса, Қазақстанның халық әртісі БӘКІРОВА Шолпан дүниеге келді. Талдықорған қаласында туған. Талдықорған қазақ драма театрының, Қызылорда облыстық қазақ драма театрының актрисасы қызметтерін атқарған. М.Әуезовтің «Еңлік - Кебегінде» Еңліктің, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Көкланның, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш - Баян сұлуында» Баян, «Ақан сері - Ақтоқтысында» Ақтоқты, Ш.Айтматовтың «Ана - Жер-анасында» Толғанайдың, М.Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» Таңқабикенің, У.Шекспирдің «Король Лирінде» Гонерильяның рөлдерін орындаған.

87 жыл бұрын (1929-2013) кескіндемеші, Қазақстанның халық суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері ЫСМАЙЫЛОВА Гүлфайрус Мансұрқызы дүниеге келді. Алматы қаласында туған. Алматы көркемсурет училищесін, Санкт-Петербор И.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын бітірген. Алматы көркемсурет училищесінің оқытушысы, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының бас суретшісі қызметтерін атқарған. А.Сәтбаевтың «Ақбөпе», Л.Степанов пен Н.Тілендиевтің «Дорога дружбы», С.Мұхамеджановтың «Жұмбақ қыз», Е.Рахмадиевтің «Алпамыс», Е.Брусиловскийдің «Қозы-Көрпеш - Баян сұлу», Дж.Пуччинидің «Богема», «Чио-Чио-сан», Дж.Вердидің «Аида» опералары мен балеттеріне, «Қыз Жібек» фильміне декорациялар жасаған. «Қазақ вальсі. Шара Жиенқұлованың портреті», «Ғ.Мүсіреповтің «Ақын трагедиясы» пьесасындағы Ақтоқты рөліндегі Шолпан Жандарбекованың портреті», «Қыз Жібек рөліндегі Күләш Байсейітованың портреті», «Халық шебері», «Дина Нүрпейісованың портреті», «Ә.Қастеевтің портреті», «М.Әуезовтің портреті», «С.Мұқановтың портреті» атты көптеген портреттердің, натюрморттардың авторы. «Тарлан» сыйлығының иегері. «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Парасат» ордендерімен марапатталған.

null 78 жыл бұрын (1938) филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі ОРАЗАЕВ Файзолла Мұртазаұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының аспирантурасын бітірген. 1958-1962 жылдары «Лениншіл жас» газетінің, «Мәдениет және тұрмыс» журналының әдеби қызметкері болып жұмыс істеген. 1962-1966 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясының аға редакторы. 1969-1970 жылдары - «Жұлдыз» журналы сын бөлімінің меңгерушісі. 1970-1979 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері. 1979-1995 жылдары - Қазақ мемлекеттік университеті журналистика тарихы кафедрасының меңгерушісі. 1995 жылдан Алматы халықаралық журналистика институтының, 2000 жылдан Халықаралық мамандықтар университетінің ректоры. 1995 жылдан Қазақстан Республикасы Гуманитарлық ғылымдар академиясының президенті қызметін атқарған. Ғалымның «Қазақ театрының тарихы» (І-ІІ том), «Стиль сыры», «Уақыт және қаламгер», «Жастық шақ театры», «Басты тұлға» кітаптары жарық көрген. Көркем аударма саласында М.Горький, П.Қадыров, У.Хашимов, А.Станюковичтің шығармаларын аударған.

78 жыл бұрын (1938) ақын, Қазақстан Журналистер одағының А.Байтұрсынов атындағы жүлдесінің иегері, Бұхар жырау және Асқар Тоқмағамбетов мүшәйраларының жүлдегері ОСПАН Сейфолла дүниеге келді.

Қызылорда облысының Тереңөзек ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөлімін бітірген. «Жазушы», «Рауан», «Қазақстан» баспаларының корректоры, редакторы, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, «Қазақфильмнің» аудармашысы әрі редакторы, «Ара-Шмель» журналының бөлім меңгерушісі, халықаралық «Түркістан» газетінің меншікті тілшісі қызметтерін атқарған. «Қалақай», «Не жаман?», «Балақойған», «Жалбыз», «Жазғы жауын», «Бақытқа хат», «Құндызым, менің жұлдызым», «Ар мен ән», «Жанарымда жан сырым», «Көңіл сәулесі», «Самала» өлеңдер мен поэмалар жинақтарының, «Мұңлық - Зарлық», «Асан мен Үсен», «Аяз би» пьесаларының авторы. Көркем аударма саласында Ә.Жәмидің жыр жинағын, сегіз томдық «Мың бір түннің» 12 мың жолдық поэзиясын, А.Тверскойдың Н.Хикмет жайлы «Босфор үстіндегі ән» атты өмірбаяндық кітабын және кино саласында 60 шақты фильмді, оның ішінде тұтастай өлеңмен жазылған «Рүстем - Зораб», «Сияуыш туралы аңыз» фильмдері жырларын, қырғыздың «Айчурек» операсы либреттосын қазақшалаған. Жекелеген шығармалары шет ел тілдеріне аударылған.

Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хатымен, «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған.

69 жыл бұрын СӘРСЕМБАЕВ Марат Алданғорұлы - Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі дүниеге келді.

Марат Алданғорұлы Сәрсембаев 1947 жылы 15 желтоқсанда Талдықорған (қазіргі - Алматы) облысы Андреев (қазіргі - Алакөл) ауданының Екпінді ауылында дүниеге келген. № 1 Андреев орыс орта мектебін (қазір - Қабанбай ауылы) 1965 жылы бітірген. 1969 жылы Алматы шет тілдері институты (қазір - Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар мен әлем тілдері университеті) ағылшын тілі факультетін, 1973 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазір - Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті) тәмамдаған.

«Қазақстан және Орта Азия тарихындағы халықаралық құқық мәселелері (XV ғасырдан бастап бүгінгі күнге дейін)» тақырыбындағы докторлық диссертацияны 1994 жылы Мәскеу қаласында Ресей Академиясының Мемлекет және құқық институтында халықаралық құқық секторында қорғаған. «Одақтас республикалардың егемендігі мен халықаралық құқық субъектілігі (Қазақ КРС-інің мысалында буржуазиялық тұжырымдамаларды сынау)» тақырыбындағы кандидаттық диссертацияны 1978 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу халықаралық қатынастар мемлекеттік институтында халықаралық құқық мамандығы бойынша қорғаған. Оның тікелей ғылыми жетекшілігімен халықаралық құқық бойынша 26 адам заң ғылымының кандидаты және 30-дан астам адам халықаралық құқық магистрі болды.

М.А. Сәрсембаевтың қазақстандық, шетелдік және халықаралық құқық бойынша, ішкі және сыртқы саясат мәселелері бойынша Қазақстанда, Ресей Федерациясында, Австрияда, Ауғанстанда, Ұлыбританияда, Германияда, Израильде, Польшада, Румынияда, АҚШ-та, Түркияда, Жапонияда қазақ, орыс, ағылшын, дари, иврит, корей, неміс, поляк, румын, түрік, француз, жапон тілдерінде жарияланған 500-ден астам ғылыми еңбектері бар.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің, Ресей халықаралық құқық бірлестігі атқару комитетінің мүшесі.

М.А.Сәрсембаевтың саналы өмірінің маңызды бөлігі ғылыми-педагогикалық қызметке арналған: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ол 1973-2000 жылдары жұмыс істеген (заң факультетінің деканы, халықаралық құқық кафедрасының меңгерушісі), «Дәнекер» халықаралық құқық және халықаралық бизнес институтының ректоры болды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Заң институтының директоры болды. Сол университеттің профессоры ретінде «Халықаралық жария құқық мәселелері», «Еуропа құқығы», «Инвестициялық құқық» курстарынан дәріс оқыды, сондай-ақ халықаралық-құқықтық мамандығы студенттеріне ағылшын тілінде халықаралық жария құқықтың толық курсынан дәріс оқыды. Қазақ гуманитарлық-заң университетінің профессоры ретінде, халықаралық құқық және халықаралық көші-қонның құқықтық мәселелері бойынша курстардан дәріс оқыды.

Астанада Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы халықаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеген; қазіргі уақытта - саяси мемлекеттік қызметші мәртебесінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.

«Мәскеу халықаралық құқық журналы», «Қазақстан халықаралық құқық журналы», «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жаршысы», «Д.А. Қонаев атындағы Университеттің жаршысы» журналдарының редакциялық алқаларының мүшесі.

66 жыл бұрын (1950) экономика ғылымдарының докторы,
«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Басқармасының Төрағасы ЕСІМОВ Ахметжан Смағұлұлы дүниеге келді.

Алматы облысы Қаскелең ауданында туған Қазақ ауыл шаруашылық институтын, Ресей Қоғамдық ғылымдар Академиясын бітірген.

1990-1992 жылдары - Қазақ КСР Мемлекеттік агроөнеркәсіптік комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1992-1994 жылдары - Алматы облысы әкімшілігінің басшысы. 1994-1996 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары. 1996-1998 жылдары - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы, Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары - Инвестиция жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы. 1998-2001 жылдары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкмішілігінің басшысы, Бенилюкс елдеріндегі (Бельгия Корольдігі, Нидерланды Корольдігі және Люксембург Ұлы Герцогтігі) Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі. 2001-2002 жылдары - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрі. 2002-2004 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрі. 2004-2006 жылдары - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары. 2006-2008 жылдары Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылық министрі қызметтерін атқарған. 2008 жылдан - Алматы қаласының әкімі қызметін атқарған.

2008 жылдан - «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалының төрағасы.

2015 жылдың 9 тамызынан - «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының» АҚ Басқарма Төрағасы болып тағайындалды

«Құрмет белгісі», «Парасат», «Отан», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев», "Сіңірген еңбегі үшін" кавалерлік крест ордендерімен, медальдармен марапатталған.

65 жыл бұрын (1951) "Нұр Отан" партиясының хатшысы ТҰРЫСБЕКОВ Зауытбек Қауысбекұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. Қазақ химия-технологиялық институтын және Алматы жоғары партия мектебін бітірген.

1973 жылдан - Қазақ химия-технология институтының оқытушысы - комсомол ұйымының хатшысы. 1977 жылдан Қазақстан ЛКЖО Шымкент облыстық комитетінің «Спутник» халықаралық жастар туризмі бюросының төрағасы. 1979 жылдан Қазақстан ЛКЖО Түлкібас аудандық комитетінің бірінші хатшысы. 1980 жылдан - Қазақстан КП Түлкібас аудандық комитетінің екінші хатшысы, аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1990 жылдан - Түлкібас аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1991 жылдан - халық депутаттары Түлкібас аудандық кеңесінің төрағасы. 1992 жылдан - Түлкібас ауданы әкімшілігінің әкімі. 1992 жылғы мамырдан Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігі әкімінің орнбасары, 1993 жылға мамырдан - бірінші орынбасары, 1993 жылғы желтоқсаннан - әкімі. 1995 жылдан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі. 1997 жылғы желтоқсаннан - ҚР Көші-қон және демография агенттігінің төрағасы. 1999 жылғы қаңтардан - ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігі Ұйымдастыру-бақылау бөлімінің меңгерушісі. 2000 жылдан - ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы. 2003 жылдан - ҚР ішкі істер министрі. 2005 жылдан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы. 2007 жылдан - ҚР-ның Өзбекстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі. 2009 жылғы тамыздан - ҚР-ның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі. Ал 2012 жылғы сәуірден ҚР-ның Украинадағы Төтенше және Өкілетті елшісі, ҚР-ның Молдова Республикасындағы төтенше және Өкілетті елшісі қызметін қоса атқарған.

«Құрмет» орденімен 4 медальмен марапатталған.

null 58 жыл бұрын (1958) композитор, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі ҚАНАПИЯНОВ Ерұлан Мұсаханұлы дүниеге келді.

Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірген соң оқытушылық және қоғамдық жұмыстармен айналысқан. 90-шы жылдардың басынан кәсіпкерлікпен шұғылданып, «Жиһаз» ашық акционерлік қоғамының президенті, «Алтын-Тас» директоры болып жұмыс істеген. Н.Құлсариевпен бірлесіп, Арал экологиясы тақырыбына арналған «Тақыр» рок-операбалетін құрған. 2001 жылы «Река времен» деп аталатын авторлық музыкалық альбомы жарық көрген. Альбомға эстрадалық оркестрде ойналатын 9 музыкалық пьесасынан басқа «Арсенал» ансамблі орындайтын шығармалары енген. Қазір «Қазақстан - Австралия» қауымдастығының және «Алтын-Адам» қорының президенті, «Приз традиций» Халықаралық Фестивалінің бас директоры қызметтерін атқарады.


184 жыл бұрын (1832-1923) француз инженері, Париждегі оның құрметіне аталған мұнараның авторы Александр Густав ЭЙФЕЛЬ дүниеге келді.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Ақбөпе Әбдрасул

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT