15 жастағы Жібек Құлымбетова Ресейде өткен турнирде грэпплингтен әлем чемпионы атанды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 15 жастағы Жібек Құлымбетова Ресей Федерациясының астанасында өткен турнирде грэпплингтен Әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

World championship grappling/grappling GI Moscow 2021 турнирінде 44 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша финалға шыққан Жібек Құлымбетова ресейлік қарсыласын 8:4 жеңіп кетті.

Жеңіс жолында ол үш жекпе-жек өткізді.

«Қарсыластардың бәрі мықты болды. Әсіресе финалда ауыр айқас болды. Қарсыласымды «тұншықтыру» тәсілі арқылы ұту мүмкіндігі болған. Бірақ ол сытылып кетті. Соңғы сәтке дейін барымды салғанымның арқасында жеңіске жеттім. Сол үшін қуанып тұрмын. Турнирге мұқият дайындалдық. Тіпті салмақ тсатауға тура келді. Енді ес жиып алған соң қайта жаттығуға кірісем», - деді әлем чемпионы.

Ол сондай-ақ, ата-анасына, бапкері Нұрсұлтан Орынбасаровқа, Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевқа және барша қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Турнирге әлемнің тоғыз елінен келген балалар, жасөспірімдер мен ардагерлер қатысқан болатын.

Жібек Құлымбетова Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Sagadat batyr – QTT» клубының сапында және Алматы облысы Іле ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің атынан өнер көрсетеді. Жақында ол Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында джиу-джитсудан төртінші мәрте әлем чемпионы атанды.



Соңғы жаңалықтар