15 жастағы оқушының өлімі: Мектеп басшылығы мен мұғалім жауапқа тартылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында эстафета кезінде көз жұмған 15 жастағы мектеп оқушысының өліміне қатысты Көкшетау қалалық білім бөлімі жүргізген қызметтік тексерістің қорытындысы шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, 2019 жылғы мамырдың 17-де сағат 12:30-да Бурабайдағы «Звездный» балаларды сауықтыру орталығында «Алау» облыстық әскери-спорттық ойындар эстафетасы кезінде 15 жастағы мектеп оқушысы көз жұмған еді.

«Эстафета кезінде Көкшетау қалалық №4 орта мектебінің 9-сынып оқушысы мәреге жетпей есінен танып құлады. 2003 жылғы жасөспірімге бірден алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Кейін Щучинск қаласындағы аудандық ауруханаға жеткізілді. Ауруханада ес жимастан 13:01-де қайтыс болды», - деген болатын облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі ҚазАқпарат тілшісінің сауалына.

Артынша осы оқиғаға байланысты Көкшетау қалалық білім бөлімі қызметтік тексеріс жүргізді. Бүгін облыстық білім басқармасы сол қызметтік тексерістің қорытындысын шығарды.

«Аталған фактіге байланысты қалалық білім бөлімі тексеріс жүргізді. Оның барысында алғашқы әскери дайындық мұғалімі М.Д.Исмағамбетов өзінің қызметтік жағдайын пайдаланып, мектеп директоры мен әкімшілігін хабардар етпей, жарысқа қатысушы Александр Новичихинды өз еркімен Диас Тайжановқа ауыстырғаны анықталды. Сонымен қатар, жалған құжаттар әзірлеп, осы жарыстарға Д.Тайжановты қатыстырған. Білім бөлімінің 2019 жылғы 13 мамырдағы №199 бұйрығына қосымшада Тайжанов Диас болмаған. Қызметтік тергеу қорытындысы бойынша әкімшілік тарапынан әлсіз бақылау үшін мектеп директоры Б.Хасеиноваға «қатаң сөгіс», директордың оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ж.Кубринаға «сөгіс» тәртіптік жазасы жарияланды. ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағы 14-тармақшасына сәйкес және педагогикалық этика ережелерін сақтамауға байланысты алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі М.Исмағамбетовпен еңбек шарты бұзылды», - деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметі ҚазАқпарат тілшісіне.

Айта кетейік, қазіргі кезде осы оқиғаға байланысты ішкі істер органдары тарапынан да тергеу жүріп жатыр.

Соңғы жаңалықтар