15 жасар атырулық спортшы джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атыраулық жасөспірім спортшы Болашақ Сүйекенов джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды. Оның жасы – 15-те, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірлік коммуникациялар қызметінен мәлім еткендей, атыраулық жасөспірім спортшы Болашақ Сүйекенов әлем чемпионатының алтын медаліне ие болды.

Бріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында 29 қазаннан бері джиу-джитсудан әлем чемпионаты өтіп жатыр.

Чемпионатқа 65 елдің 1 500 спортшысы жиналған. Оның ішінде Қазақстанның құрамасы да бар.

«Біз шәкірттерімізді көп уақыт бойы дайындадық. Әлем чемпионытына қатысу үшін күш-жігер, үздіксіз жаттығу, қажырлы еңбек қажет. Қазақстан құрамасында сынға түскен атыраулық спортшы Болашақ Сүйекенов әлем чемпионатында қарсыластарының бәрін ұтып, үмітімізді ақтады. Ол 38 келіде әлем чемпионы атанды. Оның жасы – 15-те. Әлі де ел намсысын қорғайтын спортшыларымыз бар», -дейді бас жаттықтырушы Айбар Есенғалиев.

Қазір бұл додада Қазақстан құрамасы жалпы есепте көш бастап тұр. Әлем чемпионаты 8 қарашаға дейін жалғасады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын атыраулық спортшы гір көтеруден әлем чемпионы атанғанын хабарлаған болатынбыз.

Он жылдан бері гір спортымен айналысатын Ришат Ғалиахметов биыл Азия чемпионатына қатысып, алтын медальді иеленген.

Ал, жақында Үндістанның Нью-Дели қаласында гір тасын көтеруден өткен әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.


Соңғы жаңалықтар