15 жасар ақмолалық ерекше күтімдегі балаларға арналған республикалық фестивальде екінші орын алды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Жақсы ауданы Запорожье ауылының тұрғыны – 15 жастағы Медет Серікпаев ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған «Шекарасыз өмір» республикалық фестивалінің күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақмола облыстық білім басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға арналған «Шекарасыз өмір» республикалық фестивалін қорытындылады. Оған республиканың барлық өңірінен 101 қатысушы, сондай-ақ төрт топтық ұжым өтініш білдірген болатын. Балалар келесі номинациялар бойынша жарысты: вокалдық орындау – жеке ән айту, вокалдық ұжым, ыммен ән айту; би орындау, оның ішінде арбамен билеу; көркем шығармашылық – кескіндеме, портрет, графика, фотоөнер, сәндік-қолданбалы шығармашылық; техникалық өнертабыстар және компьютерлік әзірлемелер, робототехника. Республикалық байқаудың қорытындысы бойынша «Компьютерлік әзірлемелер, робототехника» номинациясы бойынша Жақсы ауданының Запорожье ауылынан келген 15 жастағы Медет Серікпаев екінші орынға ие болды.

«Немереміз Медеттің республикалық деңгейдегі байқаудың күміс жүлдегері атанғанына өте қуаныштымыз. Ұйымдастырушылар мен Медеттің мұғалімдеріне алғыс білдіремін. Соңғы уақытта мемлекет ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға баса назар аударуда. Біз нәтижесін көріп жатырмыз. Балаларымыздың дамуы керек», – дейді баланың әжесі.

Жақсы ауданының білім бөлімі үш жыл бұрын балаға компьютер әперіп, интернет өткізген болатын. Техниканың арқасында ол енді достарымен тілдесіп, жаңа нәрселерді үйрене алады.

Айта кетсек, фестивальге Ақмола облысынан облыстық кезеңнің алты жеңімпазы қатысып, бақ сынады.

Соңғы жаңалықтар