15 томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» тұсаукесері өтеді

None
None
АСТАНА. 22 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Ертең, 23 желтоқсанда ҚР Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті 10 000 данамен шығарылған 15 томдық «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» тұсаукесер рәсімін өткізеді.

Сөздік Қазақстанның тарихында алғаш рет шығарылып отыр. Бұған дейін 30 жыл бұрын қазақ тілінің 10 томдық түсіндірме сөздігі шыққанын ескерсек, сөздіктің еліміздің мәдени-рухани өміріндегі маңыздылығы айрықша. Сөздікте барлығы 150 156 лексикалық бірлік қамтылып, лексикографиялық саралаудың барысында 166 мыңнан астам сөздің мағынасы ашып көрсетілген. Мұнда жұртшылықтың бәріне бірдей жалпы қолданыстағы зат, құбылыс, оқиға атаулары, адамның әр алуан сезім күйлерін бейнелейтін сөздер, субъективті мәнді бағалауыштар, т.б. әдеби тіл аясындағы лексика-фразеологиялық бірліктер сөзтізбеде қамтылып, жалпыхалықтық тілде қолданыла бермейтін термин сөздер, кәсіби сөздер, жергілікті сөздер тобы сараланып, іріктеліп алынған. Сонымен қатар медицина, қаржы, нарық экономикасы, құқықтану салалардың терминдері де енгізілген.

Тұсаукесер рәсіміне белгілі тілші-ғалымдар, терминология саласындағы мамандар, қоғам қайраткерлері, жазушылар, тіл жанашырлары қатысады.

Сөздік он мың данамен шығарылып, республиканың барлық облыстарындағы білім мекемелері мен кітапханаларға тегін таратылғалы отыр.

Соңғы жаңалықтар