Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 371.56 EUR 422.43
RUB 5.56 CNY 53.51

15 сәуір. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

2012 жылғы 15 сәуір 06:50
Поделиться:

АСТАНА. 15 сәуір. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2012 жылғы 15 сәуірге арналған күнтізбесін ұсынады.

15 СӘУІР, ЖЕКСЕНБІ

Пасха мейрамы - иудейлк және христиандық діни мереке. Пасха иудей дінінде еврейлердің Мысырдан кетуіне орай атап өтіліп, Мессияның келуін күту идеясымен ұштастырылады. Христиан дінінде Иса (ғ.с.) пайғамбардың «қайта тірілетін» күні ретінде тойланады. Көктемгі күн мен түннің теңесуінен соң алғашқы жексенбіде атап өтіледі.

ҚХДР-дағы күн мерекесі (Ким Ир Сеннің туған күні).

АҚШ-та салық күні. Бұл американдықтардың салық төлейтін күні емес, алдағы жыл үшін айлық жалақыларынан ұсталған жалпы салық міндеттемелерін келісудің жылдық мерзімі. Дәл осы күні салық төлеушілердің 5-тен 4-і артық төлеген салықтарын қайтарып алады. Американдықтар үшін мұндай Салық күні - нағыз мереке.

Ресейдiң радиоэлектронды күрестер бойынша маманының күнi. Бұл мереке 1904 жылдың 15 сәуірінде, орыс-жапон соғысы кезінде алғашқы рет жапон кемелерінің радиохабарламарын қасақана радиобөгеттермен бөгегені анықталған кезден бастау алады. Осы тарихи жайт Ресей Қарулы Күштерінде радиоэлектронды күрестің қалыптасуының және дамуының бастаушысы болды.

Босния мен Герцеговина Республикасы әскері күні. 1992 жылдан бастап Республика әскерiнiң негiзi қаланған күнi атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

87 жыл бұрын (1925) Қызылордада Қырғыз (Қазақ) АКСР Кеңестерінің V съезі басталды. Съезде Ахмет Байтұрсынұлының халыққа өзінің тарихи «қазақ» атын қайтару жөніндегі ұсынысы қаралып, қолдау тапты. «Қырғыз басқа, қазақ басқа екенін қазақ баласы тегіс білсе де бұл күнге шейін ештеңе демей, тымақтары салпиып келеді. Оны өткен замандардың ағымдары көтерсе де, қазіргі күнде ұлт атын жасыруды, ұлт тарихы ондай жаңсақтықты көтермейді», деп сөйлеген. Сонымен, Ахмет Байтұрсынұлының ұлт алдындағы тағы бір ұлы еңбегі - қазақты қайтадан қазақ атандырып бергені.

17 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасының Бельгия Корольдігінде Елшілігі ашылды.

6 жыл бұрын (2006) Түркия Республикасының беделді азаматтық ұйымдарының бірі Түркия жазушылар және өнер қайраткерлер қоғамы (ТҮРКСАВ) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты 2005 жылғы «Түркі әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» сыйлығымен марапаттады.

617 жыл бұрын (1395) Кавказдың Терек өзені бойындағы болған шайқаста Тоқтамыс ханның қолы Әмір Темір әскерінен жеңіліс тапты.

7 жыл бұрын (2005) Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар қызметіндегі тәртіп пен реттілікті нығайту жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.

7 жыл бұрын (2005) Лондонда Қазақстан Республикасы «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ-ның Ұлыбританиядағы өкілдігі ресми ашылу салтанаты өтті.

3 жыл бұрын (2009) Ақтөбелік режиссер Серік Айжановтың «Өмір сүруге тыйым» картинасы ойнақы фильмдердің Бүкілресейлік «Вяткадағы кездесулер» 6-фестивалінде бас жүлдеге ие болды.

Кинофестивальдің конкурстық бағдарламасына Ресей, Украина және Балтық бойы елдерінің 42 аймағынан 70-тен астам фильм қатыстырылды. Бұл картинаның ерекшелігі, Василь Быковтың «Сотников» деген әңгімесінің желісімен Ақтөбе облысында түсірілген, ондағы рөлдердің барлығында әуесқой әртістер ойнайды. Фильмнің режиссері, сценарий авторы және операторы бір адам, «Патриот-Sinema» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Серік Айжанов. Қазылар алқасы қазақстандық жалғыз картинаны жоғары бағалап, оған кинофестивальдің бас жүлдесін - «Алтын лада» мүсіншесі мен бірінші дәрежелі диплом беруге бірауыздан шешім қабылдады.

66 жыл бұрын (1946) Ұлы Отан соғысы жылдары Ақтөбе қаласына көшірілген поляк балаларына арнап ашылған балалар үйі, осында тәрбие алып жатқан 117 жасөспірімнің өз отанына қайтарылуына байланысты жабылды.

21 жыл бұрын (1991) Лондонда Еуропалық жаңару және даму банкінің ресми ашылу рәсімі өтті.

4 жыл бұрын (2008) тарихта алғаш рет «Шоқан Уәлиханов» атындағы қазақстандық яхта Атлант мұхитын шарлап өтті.

Яхта командасы үш апта ішінде Атлант мұхиты арқылы жер шарын шарлап шықты. Қазақстандықтар мұхитты арқылы өтуді 2008 жылғы наурыздың 25-інде Канар аралдарынан бастады. Орталық Азия Жағрафия қоғамының кеңсесіне сәуірдің 15-інде қазақстандық кеме Барбадос жағалауына келгенде жорықтың аяқталғаны туралы хабарлама келді. Экипаждың барлық төрт адамы да ІІІ дәрежелі Полярлы жұлдыз сыйлығына ұсынылды.

4 жыл бұрын (2008) Финдік Nokian Tyres автомобиль дөңгелектерін шығарушы Алматыда алғаш рет Vianor автомобиль дөңгелектері орталығын ашты.

Nokian Tyres (Финляндия) концерні негізінен жеңіл автокөліктер, жүк көлігі мен өнеркәсіпті техникалар үшін дөңгелектер шығарып, әзірлеумен айналысады.

Дәл қазіргі уақытта Nokian Tyres заводтары Нокиа, Лиекса (Финляндия) және  Всеволожскіде (Ресей) орналастырылған.

2 жыл бұрын (2010) Алматыда «Қазпошта» АҚ Жеңістің 65 жылдығына арналған пошта маркасын айналымға шығарды.

Маркада мәңгі алаудың аясында Мәскеу қаласын қорғау кезінде соғыста ерлік көрсеткен 28 панфиловшыларға арналған саябақтағы Даңқ мемориалы бейнеленген.

Төрт бояулы офсетті баспа әдісімен орындалған марканың номиналы - 32 теңге. Суретшісі - Данияр Мұхамеджанов.

61 жыл бұрын (1951) Лондонда бірінші рет «Әлем аруы» атты сұлулық байқауы өтті.

ЕСІМДЕР

109 жыл бұрын (1903-1953) орыс және дүниежүзілік классикалық көркем әдебиеттің таңдаулы туындыларын қазақ тіліне аударушылардың бірі ҚҰЛЫБЕКОВ Абдулла Баймұратұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында туған. Орта білім алып, халық ағарту саласында қызмет істеген. 1937 жылдан өмірінің соңына дейін Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы Марксизм-ленинизм институты Қазақ филиалының редакторы және Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы болған. Ол көркем аударма саласында В.Катаевтың «Мен еңбекші халық ұлымын», А.Сурковтың «Сталинградтан шалғайда», Даниэл Дефоның «Робинзон Крузо», Сервантестің «Дон Кихот», Стивенсонның «Қазына аралы», М.Горькийдің «Мещандар» атты шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.  

74 жыл бұрын (1938) Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жастар театрының актрисасы, Қазақстанның халық әртісі ӘШІРБЕКОВА Роза дүниеге келді.

Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданында туған. Қазақ академиялық драма театры жанындағы студияны бітірген. 1960 жылдан Қазақ балалар және жасөспірімдер театрында қызмет атқарады. Осы театр сахнасында сомдаған Ләззат (Т.Ахтанов «Махаббат мұңы»), Мәншүк (Ә.Тәжібаев «Монологтар»), Хадиша, Сейде (Ш.Айтматов «Арманым Әселім», «Бетпе-бет»), Шафақ (М.Кәрім «Ай тұтылған түн»), Гертруда (У.Шекспир «Гамлет»), Гиацинта (Мольер «Скапеннің айласы»), Иветта (Б.Брехт «Әйдік апай»), Аркадина (А.Чехов «Шағала»), Клеопатра Львовна (А.Островский «Адам аласы ішінде») секілді рөлдері оның шеберлігін танытты. 1980 жылдан «Ұлдың оралуы», «Майдан күндері» телефильмдеріне түскен. 

«Құрмет» орденімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

74 жыл бұрын (1938-2005) КСРО және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құрметті қызметкері, милиция генерал-майоры ДЕМЕСІНОВ Есен дүниеге келді.

Жамбыл облысының Жуалы ауданында туған. Алматы арнайы орта милиция мектебін, КСРО Ішкі істер министрлігі Қарағанды жоғары мектебін, Жоғары академиялық курсын бітірген. 1961-1968 жылдары - Жамбыл облысы Жуалы, Қордай аудандық ішкі істер бөлімінің жедел уәкілі, тергеушісі, аға жедел уәкілі. 1968-1978 жылдары - Қаратау қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, бастығы. 1978-1984 жылдары - Жамбыл облыстық атқару комитетінің Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары.1984-1985 жылдары - Қызылорда облыстық атқару комитетінің Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары. 1985-1997 жылдары Қызылорда облыстық ішкі істер басқармасының бастығы болған. 1997 жылы зейнет демалысына шыққан.

«Құрмет белгісі» орденімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған.

98 жыл бұрын (1914-2000) Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты СӘМӘДИ Зия дүниеге келді.

Алматы облысының Панфилов ауданында туған. 1931 жылы ата-анасымен Шығыс Түркістанға қоныс аударды. Мұнда ол білімін жетілдіре жүріп, Құлжа метебінің бірінде ұстаздық етті әрі «Іле» газетінде қызмет жасады. Қытай революциясы жеңгеннен кейінгі жылдарда  түрлі саяси-қоғамдық жұмыстар атқарды. Ол Синьцзян ұйғыр автономиялық ауданының мәденет министрі болып қызмет етіп, ұйғыр мәдениет қайраткерлерінің делегацияларын басқарып КСРО, Үндістан мемлекеттеріне барды. Синьцзян ұйғыр автономиялық ауданында Жазушылар одағын құруда зор еңбек сіңірді. Оның тікелей қатысуымен 1957 жылы Үрімжі қаласында тарихта тұңғыш рет ұйғыр жазушыларының съезі ашылды. 1961 жылдың қарашасында туған еліне оралды.

Алғаш ақындық өнерімен қалам ұстаған ол 1934 жылы «Раушан» атты драма жазды. Бұл шығармасын кейін өңдеп, «Қанды дақ» деген атпен қайыра шығарып, шетелдік ұйғырлар драматургиясының негізін қалады. 1936 жылы «Ғәріп пен Сәнәм» пьесасын шығарды. Қаламгердің «Маймхан» романы орыс тіліне аударылып, өзбек тілінде екі рет жарық көрді. Аталған шығарма бойынша «Айдаһар жылы» фильмі түсірілді. Көркем аударма саласында С.Мұқановтың «Қашқар қызы», Ғ.Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне» шығармаларын тәржімалады.

«Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.

83 жыл бұрын (1929-1995) жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республи­ка­сының еңбек сіңірген мә­дениет қызметкері ҚЫДЫРБЕКҰЛЫ Балғабек дүниеге келген.

Алматы облысының Жамбыл ауда­нында ту­ған. Қазақ мем­лекеттік универси­те­ті­нің журналистика факуль­те­тін бітірген.  1960-1987 жылдары «Со­циалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, бірінші орынбасары, бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы басқармасының төрағасы қызметтерін атқарды. Алғашқы фельетондар жинағы «Ешкімге айтпа» деген атпен  1962 жылы жарық көрді. «Шайтанның шатағы», «Қара сандық», «Маздаған шырақ», «Ұрының еншісі», «Ақпа құлақ», «Алатау», «Ақымақтың миы», «Түгел сөздің түбі бар», «Қым-қиғаш жылдар», «Қайран Ораз», тағы басқа кітаптары жарық көрді. Балғабек Қыдырбекұлы өз шығармаларында халық тарихын, ірі тұлғалар бейнесін сомдады. Қазыбек бек Тауасарұлының жазбалары деп саналатын қолжазбаны тауып, кітап етіп шығарды. Бі­лікті басшы, білгір ұйым­дастырушы ретінде басылым беделінің артуына лайықты үлес қосты. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Республика Жоғарғы Кеңесінің бірнеше дүркін депутаты болып сай­ланды. Оның еңбегі Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының  «Алтын Самұрық-2002» арнайы сыйлығымен атап өтіліді. Қаламгердің атында туған ауылы, Алматы қаласында көше және журналистикалық сыйлық бар.

«Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар дос­тығы» ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

73 жыл бұрын (1939) экономика ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, Жамбыл облысының құрметті азаматы БАЙГЕЛДІ Өмірбек дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын, КОКП ОК жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. 1974-1975 жылдары - Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының бірінші орынбасары. 1975-1984  жылдары - Жамбыл облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі. 1992-1995 жылдары - Жамбыл облысы әкімдігінің басшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі. 1995-2005 жылдары - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Сенат төрағасы, төрағаның бірінші орынбасары. 2005 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті  Сенатына қайта сайланған.

«Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет», «Отан», ордендерімен, ТМД елдерінің «Содружество» орденімен, бес медальмен марапатталған. Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен көтермеленген.

63 жыл бұрын (1949) физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымының докторы, профессор, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының, Халықаралық ақпараттану академиясының академигі ӘБДІМАНАПОВ Сәрсенғали Әбдіғалиұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Қазақстан Ғылым академиясы Математика және механика институтының аспирантурасын бітірген. Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы, аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, математика факультетінің деканы, оқу ісі жөніндегі проректоры, Ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі қызметтерін атқарған. 2000-2008 жылдары Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірінші проректоры, ректоры болған. 2002 жылы Халықаралық биографиялық орталығы (Кембридж) директорының орынбасары болып тағайындалған. С.Әбдіманапов туралы мәліметтер АҚШ-та, Ұлыбританияда жарық көрген беделді халықаралық биографиялық анықтамалықтарға енген. Ғалымның 200-ден астам ғылыми еңбегі, оның ішінде монографиясы, сөздігі, жоғары білім беруді жетілдіру мәселелеріне арналған  оқу құралдары жарық көрген.

«Құрмет»  орденімен марапатталған.

92 жыл бұрын (1920-1997) жазушы, аудармашы, Қазақстанның халық жазушысы БАҚБЕРГЕНОВ Сәуірбек дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан.

Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданында туған. Түркістан қаласындағы теміржолшылар мектебін, Түркістан педагогика училищесін бітірген.

Мәскеу қаласындағы әскери училищеде қызмет істеген. 1945 жылы «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер болған. 1950 жылы алғашқы повесі «Талғат» «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде жарияланған.

«Қарға тамған қан», «Қан тозаң», «Бөрте Шыңғыс ханның жұбайы», «Қайран шешем», «Золотая лопата» романдарының,  «Дина», «Менің досым», «Алтын күрек», «Адам және көлеңке», «Көлеңке», «Талғат», «Белгісіз солдат», «Жанғожин», «Барлаушылар» «Атжалында» «Мейірімді анам», «Адам және көлеңке», «Кентау», «Бозторғай», «Әнші бала», «13-нөмірлі ойыншы», «Біздің жігіттер», «Біздің колхозда болған еді», «Жол Алтынемел арқылы өтеді», «Қоянкөлге құлаған жұлдыз», «Мен сізді сүйемін», «Тараз көгершіндері», «Ақбоз атты ару» повестері мен әңгіме жинақтарының авторы.

Орыс жазушылары М.Горькийдің, А.Короленконың бірқатар әңгімелері мен ертегілерін қазақшаға тәржімалаған. Шығармалары беларусь, грузин, армян, қырғыз, татар, эстон, башқұрт тілдеріне аударылған.

1-дәрежелі Отан соғысы орденімен және көптеген медальдармен марапатталған.

47 жыл бұрын (1965) театртанушы, өнертану кандидаты, Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі ЖУАСБЕК Еркін Тілеуқұлұлы дүниеге келді.

Жамбыл облысы Байзақ ауданында туған.

Алматы театр-көркемсурет институтын (Қазақ ұлттық өнер академиясы), Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітірген.

1988-1990 жылдары - Әдебиет және өнер институтының театр және кино бөлімінің кіші ғылыми қызметкері. 1992-1998 жылдары Алматы театр және кино институтының оқытушысы. 1996-1997 жылдары - Мәдениет комитетінің театр және кино бөлімінің бастығы. 1999-2001 жылдары - неміс театрының директоры. 2001-2008 жылдары Қазақ академиялық драма театрының директоры қызметтерін атқарған. 2008 жылдан Қалибек Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі қызметін атқарады. 

116 жыл бұрын (1896-1938) қоғам және мемлекет қайраткері, күйші БӨКЕЙХАНОВ Ғабдол-Хакім Нұрмұхамедұлы дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасында дүниеге келген. Бөкей ордасындағы Жәңгір хан ашқан мектепті, Орал әскери училищесін, Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын бітірген. 1921-1922 жылдары Семей губерниялық атқару комитетінің және Семей, Ақмола губернияларының Ашыққандарға көмек көрсету комиссиясының төрағасы болған. 1925-1932 жылдары - Жер халкомының алқа мүшесі, Қарақалпақ атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазақ мақта комитеті төрағасының орынбасары. 1933-1937 жылдары КСРО мақта-трактор орталығы тресінің өкілі, Оңтүстік Қазақстан облысы Жер басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. 1937 жылы «халық жауы» деген жаламен тұтқынға алынып, 1938 жылы ақпанның 25-де атылды. Ол 1957 жылы толығымен ақталды. Ол дәстүрлі халық мәдениетінің қамқоршысы болған. А.В.Затаевичке қазақтың «Шалқыма», «Қос алқа», «Мерген», «Соқыр Есжан» күйлерін, «Екі жирен», «Атырау», «Қарашаш», т.б. жалпы саны 27 әнін жаздырып, Дәулеткерей, Салауаткерей және өзі тәрбиесін көрген Әлікей, Макар сынды халық композиторлары туралы құнды деректер берген.

66 жыл бұрын (1946) ақын, аудармашы, филология ғылымының кандидаты, Кафка атындағы Халықаралық сыйлықтың және «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Жыл Адамы - Алтын Адам» сыйлығының иегері САРИЕВ Шөмішбай Нағашыбайұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысы Арал ауданында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универститеті) бітірген. Еңбек жолын Қазалы аудандық «Ленин туы», Арал аудандық «Толқын» газеттерінен бастаған. Кейіннен «Қазақстан» баспасының редакторы, «Жұлдыз» журналы бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми, аға ғылыми қызметкері болған.

Алғашқы өлеңі 1974 жылы сол кездегі жас ақындардың «Балауса» өлеңдер жинағына енген. Ақынның «Ғашықтар жыры», «Бозжорға» авторлық бейнетаспалары және «20 ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы поэзиясы» атты монографиясы және қазақ, орыс тілдерінде он бес шақты кітабы жарық көрген. 300-ден астам өлеңдердің авторы. Ол Г.Гулиа, О.Берггольц, И.Абашидзе, С.Викулов, Ф.Алиева, тағы басқа ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударған. «Теңізден соққан жел» атты өлеңдер жинағы кітабын хинди тіліне Варьям Синх аударды.

61 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігі «ҚазАгроИнновация» акционерлік қоғамы Мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, агроном-ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы академиясының академигі,  Жетісай және Мақтарал аудандарының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ҮМБЕТАЕВ Ибадулла Изатуллаұлы дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай ауданында туған. Қазақ ауыл шаруашылық институтын (Қазақ ұлттық аграрлық университеті) және Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу мақта институтының аспирантурасын бітірген. 1972-1978 жылдары - Пахтаарал мақта шаруашылық тәжірибе стансасы зертханасының зерханашысы, ғылыми қызметкері, меңгерушісі. 1978-1979 жылдары - Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу мақта институтының аспиранты. 1979-1982 жылдары - Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас агрономы, аудандық партия комитеті бөлімінің меңгерушісі, совхоз директоры. 1982-1988 жылдары - Келес аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары,  аудандық агроөнеркәсіптік бірлестіктің төрағасы. 1988-1991 жылдары - Шымкент облыстық агроөнеркәсібі төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары, Бөген аудандық атқару комитетінің төрағасы. 1991-1992 жылдары - Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1992-1997 жылдары - Жетісай аудандық әкімшілігінің басшысы, әкімі, Мақтаарал су шаруашылық жүйесі басқармасының бастығы. 1997-1999 жылдары - Мақтаарал ауданының әкімі. 1999-2006 жылдары - Мақтаарал ауыл шаруашылық тәжірибе стансасының директоры. 2006-2007 жылдары - «Мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» еншілес мемлекеттік кәсіпорнының директоры қызметтерін атқарған. Қазіргі қызметінде 2007 жылдан бастап істейді. Бүкілодақтық ауылшаруашылығы жетістіктерінің (үш мәрте), «Еңбектегі ерлігі үшін», «Астана», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Ұлы Отан соғысы жеңісіне 60 жыл» медалдарымен, Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігінің дипломымен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрінің Құрмет грамотасымен, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің, аудандық , облыстық мәслихаттардың құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының,  А.Бараев атындағы мемлекеттік сыйлығының иегері. «Оңтүстік Қазақстан облысының жыл адамы» құрметті атағына ие болған.

 

Бөлісіңіз:
MURAǴAT