15 наурыз. Тұлғалар туған күн

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 15 наурыз күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

11 8 жыл бұрын (1905-1979) әнші-актер, режиссер, драматург, Қазақстанның халық әртісі Қанабек БӘЙСЕЙІТОВ дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Жастайынан ән салып, «әнші бала» атанған.

1920 жылдан қызметке араласа бастайды. Ауылдағы сауат ашу мектебінде оқытушы болған. Қазақ педагогикалық техникумын бітірген.

Осы техникумда оқып жүргенде, 1926 жылы техникум өнерпаздары қойған Ж.Шаниннің «Арқалық батыр» спектакліндегі Арқалық рөлін ойнап, актерлік талантын байқатады. 1927 жылы ұйымдастырылған жастар театрының режиссері болды. 1929 жылы Қазақ драма театрына қабылданды. Актерлік қызметімен қатар, пьесалар («Озбыр болыс», «Зәуре», «Тартыс», «Келіншек», т.б.) жазып, орыс жазушыларының бірнеше пьесасын қазақшаға аударды. Қазіргі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында М.Әуезов пен И.Коцыктың «Айман - Шолпанында» Арыстанның тұлғасын сахналады. Төлеген, Тарғын, Абай, Арыстан хан сияқты түрлі сипаттағы опералық образдарды сомдады. Ол Қазақ опера және балет театрының (Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры) алғашқы режисерлерінің бірі ретінде «Абай», «Қамар сұлу», «Қыз Жібек», «Дударай», «Даиси», «Евгений Онегин», «Князь Игорь» операларын сахнаға шығарды. Көптеген кинофильмдерде ойнап, драматургия саласында да жемісті еңбек етті. «Беу, қыздар-ай», «Ой, жігіттер-ай» комедияларының, «Достық жолымен» балетінің және «Айсұлу», «Алтын таулар» атты опералардың либреттоларын (Қ.Шаңғытбаевпен бірге) жазды. Оның «Құштар көңіл» кітабы қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді.

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.

6 5 жыл бұрын (1958) скрипкашы Қазақстанның халық әртісі, Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, ЮНЕСКО шешімімен «Әлем әртісі» құрметті атағына ие болған, Қазақстан және Бүкілодақтық Жастар одағы сыйлығының, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Чайковский атындағы халықаралық байқау лауреаттары қауымдастығының мүшесі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Қожабекқызы МҰСАҚОЖАЕВА дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Алматы мемлекеттік консерваториясын, Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1983 жылы Қазақ мемлекеттік филармониясының жеке дауыстағы орындаушысы болған. 1984-1997 жылдары Алматы мемлекеттік консерваториясында педагогикалық қызметпен шұғылданған. 1998 жылдан Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры. Ол «Солистер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрін ұйымдастырып, көркемдік жетекшісі болған. Мұсақожаевның репертуарында жеке скрипкаға арналған И.Бах пен Э.Изаидың сонаталары, В.Моцарт, И.Брамс, Г.Венявский, П.Чайковский, т.б. композиторлардың концерттік шығармалары, сондай-ақ Қазақстан композиторлары Е.Брусиловский, Ғ.Жұбанова, С.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев, М.Төлебаев, т.б. туындылары бар. Оның өнері үздік орындаушылық шеберлігімен әрі жоғары музыкалық талғамымен ерекшеленеді. 1976 жылдан концерттер берумен белсене айналысып, бірқатар шет елдерде өнер көрсеткен. Венгрияда, Югославияда, Болгарияда, Германияда және Норвегияда өткен Қазақстан мәдениеті күндеріне қатысқан. Ол скрипкашылардың халықаралық жастар байқауының, П.Паганини атындағы халықаралық байқауының дипломанты және скрипкашылардың халықаралық байқауының лауреаты, Жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивальдарының дипломанты болған.

6 1 жыл бұрын (1962) белгілі қазақстандық скрипкашы және дирижер Марат Сәметұлы БИСЕНҒАЛИЕВ дүниеге келді.

Күләш Байсейітова атындағы музыкалық училищенің скрипка класын бітірген, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры. 1988 жылы «Алтын алма» атты камералық концерт құрды. 1990 жылдан Англияда тұрады. Осы уақыттан бастап, концерт берумен белсенді айналысады. 1990 жылы Англия корольдігінің оркестрімен үлкен концерт өтікізіп, оның скрипкашылық өнері таныла түсті. Сол жылы «Наксос» фирмасының менеджері бірге жұмыс істеуді ұсынып, шартқа отырды. Осыдан кейін батыстың көптеген концерттік залдарының есігі айқара ашылып, әлемдік жетекші оркестрлерде өнер көрсетуге мүмкіндік туды. Ол белгілі «Карнеги Холл» және «Барбикен Холл», «Альберт Холл», «Гивен Хауз» залдарында өнерімен тамсандырды. Көптеген дискілері ағылшын журналы «Граммофонның» үздігі атанды. 1989 жылы Мәскеудегі «Мелодия» фирмасы да оның орындауындағы шығармаларды үнтаспаға жазды. Репертуарына 80 скрипкалық концерті мен 1,5 сағаттық камералық музыкаға арналған бағдарламалары енді. 1996 жылы Нью-Йорктің Барбикан Холында Англияның камералық оркестрімен бірге концерт берді.

4 2 жыл бұрын (1981) Еуразиялық экономикалық комиссияның Макроэкономикалық саясат департаментінің директоры Асқар Әбдісаттарұлы ЖАППАРҚҰЛОВ дүниеге келді.

М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «экономист» мамандығы бойынша бітірген (2006 жылы).

Қазақстан Республикасының президенттік «Болашақ» бағдарламасы бойынша Лестер Университетін (Англия) «қаржы экономикасының магистрі» мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 2001 жылы бастады, жекеше және мемлекеттік секторда әртүрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2011 жылғы желтоқсаннан бастап 2020 жылғы қазанға дейінгі аралықта Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінде жұмыс істеді. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің Макроэкономикалық болжау және модельдеу басқармасының бас сарапшысы және бастығы, Макроэкономикалық талдау және болжау департаменті директорының орынбасары, директорының міндетін атқарушы, Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті төрағасының орынбасары лауазымдарында болды.

2020 жылғы 10 қарашадан бастап Еуразиялық экономикалық комиссияның Макроэкономикалық саясат департаментінің директоры қызметіне тағайындалды.​

36 жыл бұрын (1987) Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Абзал Әлиұлы ӘБДІКӘРІМОВ дүниеге келді.

Түркістан облысында туған. Лондон King's колледжін (Ұлыбритания) бітірген (2007); Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (2009); IE Business School (Мадрид, Испания) (2010).

Еңбек жолы: «КААД и К» ЖШС менеджмент және маркетинг бөлімінің бастығы (2010-2012); «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС инвестициялық жобалар департаментінің менеджері (2012-2013); «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ инвестициялық жобалар басқармасының бас маманы (2013-2014); «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ инвестициялық жобалар департаментінің директоры (2014-2015); «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ кәсіпкерлік және инновациялар департаментінің жоба жетекшісі (2015-2016); Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің кеңесшісі (2016-2017); Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Өңірлерді талдау және бағалау департаменті директорының орынбасары (2017-2018 жж.); Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау департаментінің директоры (2018-2019); Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы (2019-2020); Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы (2020-2022).

2022 жылдың қаңтар айынан бастап қазіргі қызметінде.


Соңғы жаңалықтар