15 наурыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2023 жылғы 15 наурызға арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік тұтынушы құқығын қорғау күні

1961 жылғы 15 наурызда АҚШ Конгресінде президент Джон Кеннеди сөз сөйлеп, «тұтынушы» ұғымына анықтама беріп өтті. Сондай-ақ тұтынушылардың негізгі төрт құқығын атады: 1. Қауіпсіздік құқығы, 2. Таңдау құқығы, 3. Ақпарат алу құқығы, 4. Шағымдана алу құқығы. Кейін аталмыш төрт құқық әлемнің көптеген елдерінің заңнамасында көрініс тапты.

Халықаралық полиция қатыгездігіне қарсы күрес күні

Алғаш рет 1997 жылы атап өтілді. Оған монреалдық «Полиция қаталдығына қарсы әрекет ұжымы» және «Қара жалау» швейцариялық тобы бастамашылық етті.

Халықаралық ділмәрлық (сөз сөйлеу) күні

Осындай атаулы күнді белгілеу туралы идея алғаш рет 2015 жылы Афины демократия форумында канадалық саясаткер Саймон Гибсон көтерген. Ол қазіргі замандағы және тарихтағы шешендер, мықты сөз сөйлегендер туралы база жасаумен айналысып жүрген кезі екен. Сол жұмысы барысында ол бұқара алдында сөз сөйлейтіндердің әлемді жақсы жағына өзгерте алатын күші бар екенін түсініп, ендеше бұның атап өтуге лайықты күн болуы тиіс деген шешімге келген. Басты мақсат – өзекті тақырыпқа қатысты бұқара алдында сөз сөйлеудің әлемді өзгертуге, жекелеген адамдар тобының, тіпті тұтастай ұлттың өмірін өзгертуге болатынын халыққа көрсету.

Халықаралық итбалық шабақтарын қорғау күні

Жыл сайын әлемнің көптеген елдерінде атап өтіледі. Халықаралық жануарларды қорғау қоры IFAW-ның бастамасымен орнатылды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1922 жылы Павлодар қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 15 км жерде «Мойылды» курорттық санаторийі ашылды. Ол Құлынды даласында, тұзды Мойылды көлінің жағалауында орналасқан.

1991 жылы Қазақ КСР Президентінің Жарлығымен Наурыз мейрамы ресми мереке ретінде бекітілді.

1999 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «ҚР мемлекеттік құпияларын қорғау жөніндегі агенттігі туралы» Жарлығы шықты.

2002 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен активтері 3,3 млрд долларға бағаланған ірі акционерлік қоғамдардың бірі «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ құрылды.

2010 жылы Қазақстанда «Al Hilal» алғашқы ислам банкі ашылды. «Al Hilal» банкі Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің үкіметтері арасындағы келісім нәтижесінде құрылған. Исламдық қаржы жүйесін жүзеге асыру үшін еліміздегі Азаматтық және Салық кодекстеріне, банк қызметтерін қадағалайтын нормативтік-құқықтық актілерге бірқатар өзгерістер мен түзетулер енгізілді.

2014 жылы Мажарстан президенті Янош Адер белгілі қазақ суретшісі, «Қырым аралы» ғылыми-қалпына келтіру зертханасының негізін қалаушы және оның басшысы, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Суретшілер академиясының академигі Қырым Алтынбековты мәдени-тарихи мұраны сақтауға сіңірген зор еңбегі үшін «Рыцарлық Крест» орденімен марапаттады.

2016 жылы Бухаресте (Румыния) Еуропа конференциясы аясында Қазақстанның 20 000 теңгелік банкнотасы өңірлік банкноталар халықаралық конкурсында дизайны және қорғалу деңгейі бойынша үздік деп танылды. Жаңа банкнота - Қазақстан теңгелерінің арасында және әлемдегі ең жақсы қорғалған банкнота.

2016 жылы Алматыда Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры жанынан театр музейі ашылды. Онда театрдың негізін қалаушылардың қызметіне байланысты сирек кездесетін мұрағаттық фотоқұжаттар, өткен ғасырдың 40-шы жылдарында Абай атындағы МАОБТ-ында өнер көрсеткен белгілі әртістердің 15 театрлық костюмі ұсынылды. Эскиздер мен афишалар залында келушілер өткен ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап театрдың атақты қойылымдарының 40-тан астам раритетті афишасын, сондай-ақ костюмдер мен декорациялардың эскиздерін көре алады.

2017 жылы қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің суреті 1909 жылдан бері шығатын танымал Boxing News журналының бірінші бетіне басылды. Журналдың сол нөмірі былғары қолғап шеберінің америкалық Дэниэль Жейкобсқа қарсы Нью-Йорктегі MSG аренасында 18 наурызда өткен кездесуіне арналды.

2018 жылы ҚР Президенті Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеевті I дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

2018 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев Қазақстан Республикасында Өзбекстан жылының ашылғанын жариялады.

2018 жылы Наурыз мерекесіне орай Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Онда Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан мен Өзбекстан Республикасының Президенттері Орталық Азия халықтарын, сондай-ақ әлемнің барлық халықтарын құттықтай келе бейбітшілік пен береке, молшылық пен қуаныш, прогресс пен гүлдену тіледі.

2019 жылы Ташкент қаласында аймақ елдері Үкіметтері өкілдерінің қатысуымен алғашқы Орталық Азия экономикалық форумы (ОАЭФ) өтті. Қазақстан делегациясын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек бастады. Алғашқы ОАЭФ тақырыбы «Орталық Азиялық қауымдасу: өзара тиімді даму келешегі» болды.

2020 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 жаңа коронавирусын пандемия деп атауына байланысты, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағындағы азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында елде 2020 жылғы 16 наурызда, сағат 8:00-ден бастап 2020 жылғы 15 сәуір күнгі сағат 7:00-ге дейін төтенше жағдай енгізілді.

2021 жылы қазақстандық Иманбек Зейкеновтың (Imanbek) әнші Saint Jhn-ның Roses әніне жасаған ремиксі Грэмми музыкалық сыйлығын жеңіп алды. 63-ші Грэмми сыйлығымен марапаттау рәсімі Лос-Анжелесте өтті.

Грэмми — АҚШ Ұлттық дыбыс жазу өнері және ғылым академиясы жыл сайын беретін музыкалық сыйлық. Сыйлық академияның белсенді мүшелерінің дауыс беру нәтижелері бойынша беріледі. Олардың арасында суретшілер, музыканттар, продюсерлер, студия дыбыс инженерлері және дыбыс жазу әлемінің басқа да қайраткерлері бар.

2022 жылы Қазақстан құрамасы Амманда (Иордания) өткен бокстан жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында жеңіп алған медальдар саны бойынша көшбасшы атанды.

Қазақстандық боксшылар екі турнирде (жастар мен жасөспірімдер) барлығы 44 медаль жеңіп алды - 13 алтын, 14 күміс және 17 қола.


Соңғы жаңалықтар