15 мыңнан аса қазақстандық шетелден әкелген көлігін ресми тіркеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бүгінде 35 мың өтінім мақұлданып, 15 мың азамат шетелдік көлігін заңдастырды. Өтінімдер жеке әрі мұқият қарастырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шетелдік автокөліктерді заңдастыру науқаны жалғасып жатыр. Бүгінде 35 мың өтінім мақұлданып, 15 мың азамат шетелдік көлігін ресми тіркеді. Бірақ кей азаматтар көлігін тіркей алмай, наразылық білдіріп жатыр. Еске сала кетейік, көлікті заңдастыру 1 шілдеге дейін жалғасады. Өтінімі мақұлданбаған азаматтарды сабырға шақырамыз. Өтінімнің әрқайсысы жеке әрі мұқият қарастырылып жатыр», - деді ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев.

Комитет басшысының айтуынша, көлік заңдастыру жұмысы бірқатар мемлекеттік және шетелдік органдардың бірлесуімен жүзеге асып жатыр.

«Атап айтқанда, автомобильді басқа елдегі тіркеуден шығару, кедендік тексеруден өтпеген және ешқандай мемлекетте есепте тұрмаған, яғни қосалқы бөлшек ретінде әкелінген көліктер бойынша нақты шешімдер қабылданады», - дейді ол.

Еске салайық, Қазақстан аумағына былтыр 1 қыркүйекке дейін шетелден әкелінген автокөліктерді заңдастыру акциясы жүріп жатыр.

Заңдастыру төлеміне келсек, 200 мың теңге мемлекеттік алым, 4 313 теңге паспорт бажы және мемлекеттік нөмір үшін 9 660 теңге төлеу қажет.

Сонымен қатар шетелдік көлік иелері утиль алымынан босатылады.


Соңғы жаңалықтар