+7 (701) 759 90 19
USD 424.99 EUR 504.21
RUB 5.81 CNY 65.66
Jańalyqtar

15 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

2021 жылғы 15 маусым 07:00
Бөлісіңіз:
15 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2021 жылғы 15 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар
27 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі 26 шілде. Туған күн иелері 26 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік жел күні

Бұл айрықша мереке Еуропа жел энергетикасы қауымдастығының және Дүниежүзілік жел энергиясы жөніндегі кеңестің бастамасымен белгіленген. Мақсаты – жұртшылық назарын жел энергетикасының зор әлеуетіне аудару. Алғаш рет Еуропада 2007 жылы атап өтті. 2009 жылы бүкіләлемдік мәртебеге ие болды.

Дүниежүзілік қарт адамдарға қатысты зорлық-зомбылық туралы ақпарат тарату күні

Көптеген елдерде қарт адамдарға қатысты әртүрлі құқық бұзушылықтар бар, сондықтан мұндай бұзушылықтарды жою мәселесіне бүкіл халықаралық қоғамдастықтың назар аударғаны жөн. Осыған байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2011 жылы қарт адамдарға қатысты зорлық-зомбылық туралы ақпарат таратуға арналған дүниежүзілік күнді белгіледі және осы күні барлық БҰҰ-ға мүше елдерді егде жастағы адамдар туралы ақпараттар арттыруға бағытталған іс-шараларды өткізуге шақырды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1993 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Үндістан Республикасында Қазақстан Елшілігі ашылды.

1993 жылы мүгедектерге мемлекеттің қолдауын көрсету, олардың мәселелеріне назар аударту мақсатында, сонымен қатар БҰҰ Бас ассамблеясының ұсыныстарын ескере отырып Қазақстан Республикасындағы Мүгедектер күні бекітілді. Ол қазанның екіншісі жексенбісінде атап өтіледі.

1996 жылы Абай шығармаларының жинағы Иранда парсы тілінде басылып шықты.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Өкімімен Архив туралы Ереже бекітілді. ҚР Президентінің архиві – ҚР Президенті және оның Әкімшілігінің мұрағаттық қызметін қамтамасыз ету саласында республикалық мемлекеттік орган қызметін атқаратын мемлекеттік мекеме. Архивті ҚР Президенті Әкімшілігі басқарады.

2001 жылы «Шанхай бестігіне» Өзбекстан қосылды, нәтижесінде Қазақстан, Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан мен Өзбекстан басшыларының «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» құрылды.

2011 жылы Алматыдағы М.Айқымбаев атындағы Қазақ карантиндік және зоонозды жұқпалар ғылыми орталығының аумағында Орталық Азия елдерінде теңдесі жоқ Орталық референц-зертханасының 4 қабатты ғимаратының құрылысы басталды.

2011 жылы Брюссельде Қазақстан достарының Еуропалық клубының ашылу салтанаты өтті. Оған ҚР Парламентінің депутаттары, Еуропарламент және Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясының мүшелері, Еурокомиссияның, ЕО-тың басқа институттарының ресми тұлғалары, Бельгия Парламентінің депутаттары қатысты. Олар клубтың құрылуы қазақстан-еуропалық ынтымақтастықтың маңызды кезеңі екенін және екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

2012 жылы Алматы қаласында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар факультетінде Біріккен Ұлттар Ұйымының орталығы ашылды. Орталық ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі, еліміздің БҰҰ-дағы бірінші тұрақты өкілі, профессор Ақмарал Арыстанбекованың бастамасымен Қазақстанның БҰҰ-ға кіруінің 20 жылдығына орай және ҚР-дағы БҰҰ мен ҚазҰУ арасындағы Академиялық ықпал ету туралы меморандумға қол қойылғанына орай ашылды.

2012 жылы Астанаға ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болғанын растайтын сертификат табысталды.

2013 жылы Талдықорған қаласының көрікті жерлерінің бірінде ССРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұқан Төлебаевтың құрметіне ескерткіш ашылды.

2017 жылы Қазақстан Республикасының Халықаралық жеке құқық бойынша Гаага конференциясына қосылу рәсімі өтті. Нидерланды Корольдігінің Сыртқы істер министрлігінде ҚР Елшісі Мағжан Ілиясов Қазақстанға Гаага Конференциясының жарғысын қабылдау туралы хабарлап, қосылу туралы құжатты салтанатты түрде ұсынды.

2018 жылы Римде Астананың 20 жылдығын мерекелеу аясында алғаш рет «Қазақ хандығы – Алмас қылыш», «Жұлдыздар осылай пайда болды» және «16 қыз» сынды қазақстандық фильмдердің көрсетілімі ұсынылды. Итальян тілінде көрсетілген фильмдер римдіктер мен қала қонақтарының қазақ тарихына деген үлкен қызығушылығын тудырды. Оған қаланың тарихи орталығында орналасқан Casa del Cinema кинотеатрына лық толған көрермен дәлел болды.

2019 жылы Душанбеде Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) V саммиті басталды, оған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Мемлекет басшысы АӨСШК отырысында сөз сөйлеп, Саммит аясында Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен екіжақты кездесу өткізді. АӨСШК саммиті – Азия мен әлемде болып жатқан маңызды процестерді талқылау, жаһандық қауіп-қатерлерге уақтылы және лайықты жауап беру үшін бірлескен күш-жігерді шоғырландыру алаңы.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER

MURAǴAT