15 мамырдан бастап банктер несиенің пайыздық мөлшерлемелерін бірдей шрифтімен жариялауға міндеттеледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 15 мамырдан бастап елімізде қарыздар мен микрокредиттерге төленетін жылдық тиімділік сыйақысының мөлшерлемесін ресімдеудің жаңа қағидалары қолданылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Fingramota.kz сайтының жазуынша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 20 ақпанда қабылдаған қос қаулы қаржылық қызмет тұтынушылардың құқықтарын қорғау ісін күшейтіп, қарыз алушыларға банктен алатын борышы мен салатын салымының толық құны туралы сенімді ақпарат алуға мүмкіндік бермек.

Аталған құжаттар алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 60 күн өткен соң қолданысқа енгізілуі керек. Бұл 15 мамырға дөп келіп отыр.

Осылайша, банктер мен микроқаржы ұйымдары клиентпен жасайтын келісімшарттың мәтінінде және жарнама мәтінінде жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі мен номиналды сыйақы мөлшерлемесін бірдей мөлшердегі қаріптермен, көрсетіп жазуы керек. Яғни, мөлшерлеме туралы мәліметтер адам автоматты түрде назар аудармайтындай ұсақ шрифтермен берілмеуі қажет.

«Қызметтер бойынша сыйақы шамасы туралы ақпаратты тарату, оның ішінде оны жариялау кезінде, клиенттермен жасалатын, компьютерлік техника құрылғыларының көмегімен жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі басқа сыйақы мөлшерлемелерімен бір сөйлемде басып шығарылатын шартта цифрмен ЖТСМ-ді мөлшері мен ресімделу стилі (курсив, қою, түспен белгілеу) бойынша басқа сыйақы мөлшерлемелерімен бірдей көрсететіні айтылған. Егер жалпы шарттар шартта кесте түрінде көрсетілсе, ЖТСМ басқа мөлшерлемелер көрсетілгеннен кейін келесі жеке жолда (бағанда) көрсетіледі», - деп жазылған қаулыда.

Бұл жердегі жылдық тиімділік сыйақысының мөлшерлемесі борышкер несиенің негізгі сомасынан бөлек төлейтін артық көрсеткіштердің бәрін анық көрсететін шама екенін ескеру қажет.

Ал номиналды мөлшерлеме – қарызды пайдаланғаны үшін комиссиялар мен басқа төлемдерден тыс ай сайын есептелетін сыйақы мөлшерлемесі.

«Қарыз алушы кредит алу сомасын, есептелген сыйақыны (номиналды мөлшерлемені) қайтарумен ғана емес, сондай-ақ қарызға қызмет көрсетуге байланысты өзге де комиссияларды, төлемдерді төлеумен де байланысты екенін түсінуі қажет», - делінген ресми түсіндірмеде.

Бұл қаулылар банктер мен микроқаржы ұйымдары жарнама мен келісімшарт мәтінінде номиналды мөлшерлеме мен жылдың тиімділік сыйақысының мөлшерлемесін түрлі ширфтімен беру арқылы, артық төлейтін соманың шынайы мөлшерін жасыруға жол бермеу үшін қабылданып отыр.


Соңғы жаңалықтар