15 мамыр. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 15 мамырда тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1922-2008) қазақтан шыққан тұңғыш ұшқыш қыз, штурман-атқыш, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері, Халық қаһарманы Хиуаз Қайырқызы ДОСПАНОВА дүниеге келді.

Атырау облысында туған. 1940 жылы Оралдағы №1 орта мектебін үздік бітірген.

Ұшқыштық өмір жолын Орал аэроклубында бастап, кейін соғысқа аттанады. Хиуаз Доспанова сол кездің өзінде теңдессіз ерлігі үшін «қанатты қыз» атанған. Хиуаз қызмет еткен полк Солтүстік Кавказ, Кубань, Қырым, Украина, Беларусь, Польша, Германия аспанындағы шайқастарға қатысқан. Қазақ қызы қан майданда 300-ден аса жауынгерлік операция орындап, аса маңызды жау шебін талқандайды. Соғыста әскери ұшақпен аспан төрінде ерлігімен танылған, ал соғыстан кейінгі бейбіт өмірде қайраткерлігімен дараланған қазақтың қаһарман қызы. 2008 жылы 21 мамырда Алматы қаласында 86 жасында дүниеден озды. Өжеттілігі мен ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы, Қызыл Ту ордендерімен және көптеген медальдармен марапатталған. Жеңістің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында соғыс ардагері, ұшқыш қыз Хиуаз Доспановаға Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілді. Атырау қаласында ескерткіш орнатылып, оның есімі бір көшеге берілген. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Атырау халықаралық әуежайына аты аңызға айналған ұшқыштың есімі берілді.

75 жыл бұрын (1947) Қазақстанның мемлекет және саясат қайраткері, дипломат Нұртай Әбіқайұлы ӘБІҚАЕВ дүниеге келді.

Алматы облысы Жамбыл ауданы Жамбыл ауылында туған. Свердловск қаласы (қазіргі Екатеринбург) Орал политехникалық институтын, Алматы Жоғары партия мектебін, РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.

1970-1972 жылдары – Кеңес Армиясының офицерлік құрамында қызметте. 1972-1976 жылдары – Алматы ауыр машина жасау зауытының инженер-конструкторы. 1976-1984 жылдары – партия-кеңес жұмысында. 1984-1990 жылдары – Қазақстан Министрлер кеңесі төрағасының және КП ОК бірінші хатшысының көмекшісі. 1990-1991 жылдары – Қазақ ССР Президенті аппаратының басшысы. 1991-1994 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті және Министрлер кабинеті аппаратының басшысы. 1994-1995 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті аппаратының басшысы. 1995-1996 жылдары – Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі, Швеция Корольдігі, Норвегия Корольдігі, Ирландия Республикасындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы. 1996-1998 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің бірінші көмекшісі. 1998-1999 жылдары – Қазақстан Республикасы ҰҚК төрағасы. 2000-2002 жылдары – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары. 2002-2004 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы. 2004-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы. 2007-2008 жылдары – Ресей Федерациясындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2008-2010 жылдары - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары. 2010-2015 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы. 2015-2017 жылдары ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі. Қазіргі қызметінде – 2018 жылдың маусымынан. Экономика ғылымдарының докторы, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі. Дипломатиялық рангі – Төтенше және Өкілетті Елші. Әскери атағы – генерал-майор. ҚР ҰҚК құрметті қызметкері.

ҚР Волейбол федерациясының президенті, ҚР Гольф ұлттық ассоциациясының президенті, Ұлттық жаратылыстану академиясының президенті. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», «Парасат», «Орден Дружбы» (Ресей), «Орден Почета» (Ресей) ордендерімен және медальдармен марапатталған.

64 жыл бұрын (1958) Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Әділғазы Сәдуақасұлы БЕРГЕНЕВ дүниеге келген.

Семей облысында туған. Семей қаржы-экономика техникумын (1976); Семей зоотехникалық-ветеринарлық институтын (1987) бітірген. Еңбек жолын Бородулиха ауданының салық инспекциясында бастап, сол жерден әскер қатарына шақырылды. Әскери қызметтен кейін ауданның кеңестік және партиялық органдарында қызмет етті. 1990 жылы ауданның салық инспекциясына жұмысқа ауысып, 1995 жылы Семей облысы бойынша салық полициясы облыстық басқармасының бастығы болды; Семей облысы әкімінің бірінші орынбасары, Семей облысы әкімінің міндетін атқарушы (1997); Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары (1997-1998); Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының әкімі (1998); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшлігінің ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы (1998-1999); Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары (1999-2003); Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы (2003-2007); Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары (2007-2008); Шығыс Қазақстан облысының әкімі (2008-2009); «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ басқарушы директоры, аппарат басшысы (2010-2017).

Қазіргі лауазымын 2017 жылғы қыркүйектен бері атқарып келеді.

«Құрмет» орденімен (2015); «Ерен еңбегі үшін» (2005), «10 жыл Астана» (2008) медальдарымен марапатталған.

57 жыл бұрын (1965) Қазақстан Республикасының мемлекет және саясат қайраткері Гүлшара Наушақызы ӘБДІҚАЛЫҚОВА дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын бітірген.

1987-1994 жылдары – Қызылорда облысының халықты әлеуметтік қорғау басқармасының аға инспекторы, бөлім бастығы. 1994-1995 жылдары – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі консультанты. 1995-2003 жылдары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, зейнетақымен қамтамасыз ету басқармасының бастығы, әлеуметтік қамтамасыз ету департаменті директорының орынбасары, әлеуметтік қамтамасыз ету және әлеуметтік көмек көрсету департаментінің директоры, зейнетақымен қамтамасыз ету және халықтың табысын реттеу департаментінің директоры. 2003-2005 жылдары – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі. 2005-2006 жылдары – «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы. 2006-2007 жылдары - Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі. 2007-2008 жылдары – Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы. 2008-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы қызметтерін атқарған. 2009-2012 жылдары – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі. 2012-2013 жылдары – Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі- Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы. 2013-2014 жылдары Премьер-Министрінің орынбасары. 2014-2019 жылдары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы болды; 02.2019-08.2019 аралығында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары болды. 2019-2020 жылдары ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты. 2020-2022 жж. – Қызылорда облысының әкімі болды.

«Парасат», ІІІ-ші дәрежелі «Барыс» ордендерімен, мерекелік медальдармен марапатталған.

38 жыл бұрын (1984) гимнасшы, көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, көркем гимнастикадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Әлия Мақсұтқызы ЖҮСІПОВА дүниеге келді.

Шымкент қаласында туған.

2000-2005 жылдары халықаралық жарыстардың жеңімпазы, әлем кубогы кезеңдерінің бірнеше мәрте жүлдегері, командалық және жекелеген есепте Пусанда өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері, Дохада алауы тұтанған Азия ойындарының жеңімпазы атанып, Азия чемпионатының 5 бірдей алтын медалін жеңіп алған. 2004-2008 жылдары Афина және Бейжіңде өткен Олимпиада ойындарына қатысқан. 2001 жылдан бері Әлия Жүсіпова Мәскеудегі көркем гимнастикадан олимпиадашылар дайындайтын орталықтың бас төрешісі атақты Ирина Винердің тәлімінде жаттыққан.

Гимнастикалық мансабын аяқтаған соң Шымкентте көркем гимнастика мектебін ашып, жаттықтырушылық қызметке кірісті.

«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Азияның абсолюттік чемпионы, әлем біріншіліктерінің бірнеше дүркін жеңімпазы, екі Олимпиада ойынының қатысушысы.


Соңғы жаңалықтар