+7 (701) 759 90 19
USD 426.77 EUR 509.95
RUB 5.89 CNY 66.34
Jańalyqtar

15 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

2021 жылғы 15 мамыр 07:00
Бөлісіңіз:
15 мамыр. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2021 жылғы 15 мамырға арналған күнтізбені ұсынады.

Ұқсас жаңалықтар
20 маусым. Туған күн иелері 19 маусым. Туған күн иелері 19 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Дүниежүзілік астрономия күні

Бұл күн - сәуір айының ортасынан мамыр айының ортасына дейін, айдың бірінші ширегіне жақын тұсында атап өтіледі. Атаулы күн кәсіби қызметі астрономиямен байланысты адамдарды және аспан денелерін байқауды хоббиге айналдырған энтузиаст астрономдардың құрметіне арналған. Астрономия күнін атап өту идеясын Солтүстік Калифорния астрономиялық қауымдастығының президенті Даг Бергер ұсынған. Ол бұл жайында алғаш рет 1973 жылы айтып, мерекеге орай қалалардың ең көп аудандарында жолаушылар аспанды көре алатын телескоптар орнатуды ұсынды. Біртіндеп мереке АҚШ-қа, содан кейін әлемнің басқа елдеріне таралды. Оның ұраны «Біз адамдарға астрономия әкелеміз» деген сөздер болды.

Халықаралық отбасы күні

1993 жылдан бастап, БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес жыл сайын атап өтіледі. Бұл күнді белгілеу – отбасындағы көптеген проблемаларға елдегі қоғамның назарын аудара түсу мақсатын көздейді. БҰҰ сарапшыларының пікірі бойынша, бір отбасындағы негізгі құқықтарға көз жұма қарау, ондай проблемаларды елемей, құқықты белден басу – тұтастай адамзаттық отбасына да қауіп төндіре түседі.

Халықаралық климат күні

1992 жылы Халықаралық қауымдастық парникті газдардың ауаға таралуымен байланысты қауіпті мойындай отырып, БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі конвенциясына қол қою туралы уағдаласты.

Мәдениет бостандығы күні

Жыл сайын мамырдың үшінші сенбісінде атап өтіледі. Бұл халықаралық күнді 2012 жылы Digital Freedom Foundation коммерциялық емес ұйымы іске қосты. Компания технология арқылы білімге еркін қолжетімділікті насихаттайды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1989 жылы Алматыда қазақтың ұлы ғалымы, ағартушы, шығыстанушы, тарихшы, этнолог, географ, фольклортанушы Шоқан Уәлихановтың ескерткіші ашылды. Ескерткіш авторлары – мүсінші Хакімжан Наурызбаев пен сәулетші Шота Уәлиханов.

1992 жылы Ташкентте Қазақстан, Армения, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан мемлекеттері арасында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылды. Әзербайжан келісімге 1993 жылғы 24 қыркүйекте, Грузия 1993 жылғы 9 қыркүйекте, Беларусь 1993 жылғы 31 желтоқсанда қол қойды. 1999 жылғы 2 сәуірде Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан президенттері келісімнің мерзімін келесі бесжылдыққа ұзарту туралы хаттамаға қол қойды. Алайда Әзербайжан, Грузия және Өзбекстан оның мерзімін ұзартудан бас тартып, Өзбекстан сол жылы Демократия және экономикалық даму ұйымына қосылды. ҰҚШ-нің 2002 жылғы 14 мамырда Мәскеуде өткен сессиясында ұйымды толыққанды халықаралық ұйымға - Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) айналдыру туралы шешім қабылданды.

1992 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы мен Атом энергетикасы жөніндегі агенттігі құрылды.

1999 жылы Қазақстан Республикасында Үкімет құрамына кірмейтін, орталық атқарушы орган – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі агенттігі құрылды.

2009 жылы Берлинде Қазақстанның Германиядағы жылы ауқымында «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның («Болашақ») Германиядағы және Еуропадағы құрлықтық елдердегі өкілдіктері ресми түрде ашылды.

2012 жылы Бейжіңде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚХР Мәдениет министрлігі және Қырғыз Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі арасында тарих және мәдениет ескерткіштерін ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне бірлесіп номинациялау туралы Меморандумға қол қойылды.

2013 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы және Доминика Достастығының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері Бірлескен коммюникеге қол қойып, екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды.

2015 жылы қазақстандық әскери қызметшілер 3D-құрылғылар арқылы әскери техниканың толық үлгісі мен оның құрамдас бөлшектерін жасауға кірісті. Тұңғыш Президент-Елбасы атындағы ұлттық қорғаныс университетінің базасында жаңа жоғары технологиялық инженерлік-техникалық зертхананың арқасында жүзеге асты.

2016 жылы Парижде Carrousel du Louvre галереясында дарынды қазақстандық суретшілердің «Қазақстан ғажайыптары» көрмесі ашылды.

2018 жылы «Бурабай Даму» визит-орталығында Бурабай тарихы музейі ашылды. Ол 3 залдан тұрады: тарих залы, этнография залы және Бурабайды зерттеушілер залы.

2019 жылы Парижде Халықаралық Түркі академиясының «Ұлы дала: мәдени мұра және әлем тарихындағы рөлі» атты форумы өтті. Халықаралық жиынға Америка Құрама Штаттары, Ресей, Үндістан, Қытай, Ұлыбритания, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Франция, Латвия, Голландия және Мажарстан сынды елдерден 70-ке жуық ғалым және UNESCO өкілдері қатысып жатыр. Жиында түркі тілдес елдердің тарихында айрықша орны бар Алтын орда мен Моғолстанның құрылуына ықпал еткен Талас құрылтайының – 750, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасының жазылуының – 950, ақын Имамеддин Насимидің 650 жылдығы секілді айтулы тарихи оқиғалар талқыланды.

2020 жылы қоршаған ортаны қорғауға елеулі үлес қосқан заңды тұлғаларға, жеке тұлғаларға немесе жеке тұлғалардың ұжымдарына табиғатты ұтымды пайдаланғаны үшін (шаруашылық қызметпен айналысатын кәсіпорындар мен ұйымдарға), табиғатты қорғау мақсатындағы ғылыми қызметі үшін (ғалымдарға, сондай-ақ ғылыми-зерттеу ұйымдарына), қоршаған ортаны қорғау ісіне жеке үлес қосқаны үшін (ғалымдар, қоғам қайраткерлері және басқаларға) жыл сайын берілетін «Елім-ай» қоршаған ортаны қорғау саласындағы республикалық сыйлық тағайындалды.

2020 жылы «Астана» Халықаралық қаржы орталығының жанынан заң технологияларын дамыту жөніндегі Консультативтік кеңес құрылды. Консультативтік кеңес қаржы орталығының заң технологиялары экожүйесін дамыту, соның ішінде тұтынушылардың кең ауқымы үшін қолжетімділікті қамтамасыз ететін жаңа технологияларды қолдану арқылы көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыру мақсатында құрылған.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059

MURAǴAT