+7 (701) 759 90 19
USD 428.68 EUR 507.21
RUB 5.57 CNY 64.2
Jańalyqtar

15 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылғы 15 қыркүйек 07:00
Бөлісіңіз:
15 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 15 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық демократия күні

Жаңа және қайта жаңғырған демократия елдерінің халықаралық конференциясының ұсынысы бойынша 1997 жылғы Демократия туралы ортақ декларация қабылдануына байланысты бекітілген.

Дүниежүзілік лимфомамен күрес күні
Лимфома - лимфа жүйесіндегі қатерлі ісік ауруы. Лимфома жасушалары тұтас ағзаға тарап кетуі мүмкін. Оның негізгі белгілерінің бірі - лимфа түйіндерінің ұлғаюы. Ешқандай ауырсыну сезілмейді, сондықтан адам білмей жүре беріп, дәрігерге кеш қаралып жатады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1995 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасы астанасы туралы» заң күші бар Жарлыққа қол қойды.

1996 жылы Алматыдан 300 шақырым қашықтықта Алматы-Райымбек тас жолы бойындағы Мұратәлі деп аталатын үлкен төбеге Райымбек батырға ескерткіш орнатылды. Ескерткіш сәулетші Қ.Егізбаевтың жобасы негізінде тұрғызылды.

2001 жылы ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Нью-Йорк пен Вашингтон қалаларында орын алған лаңкестік оқиғаларға байланысты Алматыдағы АҚШ елшілігінде болып, Америка халқына көңіл айтты және ресми мәлімдеме жасап, лаңкестердің айуандық істерін батыл айыптады.

2005 жылы ҚР Президенті Жарлығымен «Ядролық лаңкестік актілерімен күрес туралы халықаралық конвенцияға» Қазақстан Республикасы атынан қол қойылды. Бұл құжат мемлекеттер арасындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және халықаралық лаңкестіктің алдын алу, жолын кесу және оны жою жөніндегі шараларды іске асыру және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатын көздейді.

2006 жылы Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезовтің мұрайжай-үйінде Махмұд әл-Қашғаридің «Диуани лұғат ат-Түрік» еңбегінің орыс тіліндегі басылымының тұсаукесері өтті. «Диуани Лұғат ат-Түрік» – түрік тілдерінің ең көне сөздігі және Орталық Азия өркениетінің тарихы жайлы маңызды дереккөздердің бірі.

2011 жылы Астрахан облысы Красноярск ауданы Шағын Арал ауылында Бөкейхан мавзолейінің құрылысы аяқталды. Мавзолейдің биіктігі – 18 метр, ені – 12 метр.

2011 жылы «Қазпочта» АҚ ҚазССР Ғылым академиясының академигі, профессор, физика-математика ғылымдарының докторы Орымбек Жәутіковтің туғанына 100 жыл толуына арналған «Айтулы, мерейтойлық даталар» сериясымен пошта маркасын айналымға енгізді.

Номиналы 32 теңгелік пошта маркасы офсетті тәсілмен төрт бояумен, тарақты перфорациямен орындалған. Көлемі – 28х30 мм, таралымы – 30 мың дана. Суретшісі –Николай Соколов.

2013 жылы Өскемен қаласында Металлургтер мәдениет сарайының кіреберіс алаңында Қазақстанның аты аңызға айналған «Алтын металлургі» Ахат Сәлемхатұлы Куленовтың қола ескерткіші ашылды.

Ахат Сәлемхатұлы – қуғын-сүргінге ұшыраған отбасынан шыққан, балалар үйінде тәрбиеленген. Өмірін адамдардың игілігіне, еңбек пен жасампаздыққа арнаған жан. Оның жаңашыл инженер ретіндегі таланты Қазақстан металлургиясының ең табысты кәсіпорындарының бірі – Өскемен қорғасын-мырыш комбинатын (Бүгінде «Қазмырыш») құруға көмектесті. Ол – КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумындағы алғашқы қазақ сенаторы, қарапайым жұмысшылар үшін элиталық ауыл салған санаулы басшылардың бірі болды.

2016 жылы Алматыда белгілі әнші әрі композитор Батырхан Шүкеновтің өмірі мен шығармашылығына арналған фотокөрме ашылды. Көрмеде бұрын еш жерде жарыққа шықпаған жүзге жуық сурет көрсетілді.

2016 жылы Қазақстанда бұрын пилоттық режимде жұмыс істеген бекітілген ұлттық дәрілік формуляр (ҰДФ) ресми түрде іске қосылды.

Қазақстан ТМД-да осындай ақпараттық ресурсты құрған алғашқы ел болды. ҰДФ әзірлеу кезінде фармакотерапияны жүргізудің озық әлемдік тәжірибесі пайдаланылды.

2016 жылы Лос-Анджелес қаласындағы (АҚШ) Genre Celebration Film Festival кинофестивалінде қазақстандық продюсер, режиссер және актер Нұртас Адамбаевтың «Тараз» картинасы «Үздік драмалық фильм» және «Үздік операторлық жұмыс» номинацияларында жеңіске жетті.

2017 жылы Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Қарауыл ауылында қазақтың ұлы ақыны Абайдың әкесі, «Абай жолы» роман-эпопеясының бас кейіпкерінің бірі Құнанбай сұлтанға арналған ескерткіш ашылды.

2019 жылы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында әлемдік рекорд орнатылды. Ауданның 12 ауылы мен 2 кентінен жиналған тұрғындар күбіде 10 000 литр қымыз пісті. Бұл жетістікті халықаралық сарапшылар тіркеді.

«Мен бұл рекордты бекіту үшін Кубадан арнайы ұшып кеттім. Ол дайындалған сусынның көлемі, акцияға қатысушылар саны және пайдаланылған ыдыстар бойынша есептеледі. Бізде әр түрлі рекордтар бар, бірақ мұндай бірінші рет. Біз бәрін тексердік, бәрін өлшедік», – деді Гиннестің рекордтар кітабының өкілі Юделькис Диас.

Дәл осы күні Жаңаарқа ауданының басшылығына рекорд орнатылғанын куәландыратын сертификат табыс етілді.


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT