15 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 15 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

null

15 қазан. ДҮЙСЕНБІ

Бүкіләлемдік ауыл әйелдері күні

Аталмыш күнді атап өту идеясы 1995 жылы Бейжіңде өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының 4- әйелдер конференциясында ұсынылды және сол жылдан бастап атап өтіледі. 
Ауыл әйелдері жер шары тұрғындарының 25 пайыздан астамын құрайды және азық-түлік өнімдерін өндіруде, сондай-ақ ауылдық жерлердің дамуына, тұрақтылығына көп септігін тигізеді. Дегенмен, олар өмірлік маңызы зор білім, несие сияқты қызмет түрлерін алуға мүмкіндіктері аз. әлемде 500 миллион ауыл әйелі кедейлік шегінде өмір сүреді. 

Бүкіләлемдік қол жуу күні

Біріккен Ұлттар Ұйымы, соның ішінде БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), 15 қазанды Бүкіләлемдік қол жуу күні деп жариялады. 
Қолды сабынмен жуу - жыл сайын 3,5 миллион балалар өмірін қиятын түрлі аурулардың алдын алудағы ең тиімді және үнемді дауалардың бірі. 
Бүкіләлемдік қол жуу күні санитарлық тазалық пен гигиеналық дағдыларға шақырады. 

Бала өлімі және түсік құрбандарын еске алу күні

Бұл күн түсіктен, жаңа туған сәбилер арасындағы кенеттен өлу синдромынан және басқа да себептермен көз жұмған шараналарды еске алуға арналған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1961 жылы Целиноград қаласында (қазіргі Астана) Тың игерушілер сарайының құрылысы басталып, 1963 жылы аяқталды.

1999 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында қазақ батырлары Қарасай мен Ағыбайға мемориалдық кешен орнатылды.

1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы Тұрар Рысқұлов атындағы ауылда Мұхаммед Қайдар Дулатиға ескерткіш орнатылды.

2003 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанда алғаш рет билік, үкіметтік емес ұйымдар және бизнестің өзара ынтымақтастығына шақырған І Азаматтық форум өтті.

2005 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі БҰҰ-ның 60 жылдығына орай 100 теңгелік мерекелік ақшаны айналымға шығарды. Ол Қазақстан теңге сарайында жасалған. 100 теңгелік мерекелік күміс ақшаның диаметрі - 24,5 мм, қалыңдығы - 1,9 мм. Ал, салмағы - 6,45 грамды құрайды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына 1992 жылы 2 наурызда 46-сессияда мүше болып қабылданған болатын. Біріккен Ұлттар Ұйымы күні жыл сайын 24 қазанда ресми түрде аталып өтеді.

2009 жылы Парижде ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 35-сесиясында Қазақстан ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесі; Коммуникацияны дамытудың Халықаралық бағдарламасының Үкіметаралық кеңесі; «Адам және Биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесі; Халықаралық үкіметтік емес ұйымдар жөніндегі комитет, сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері бойынша Комитет бюросының құрамына 4 жылға сайланды.

2014 жылы Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық мұражай-қорығының көрме залында Дінмұхамед Қонаев мұражайының «Ер жігіттің қаруы» бірегей көрмесі ашылды. Экспозицияда Д.Қонаевқа әлемнің белгілі мемлекет қайраткерлері сыйлаған кездіктер, қанжарлар, қылыштар, аң аулайтын карабиндер, мылтықтар таныстырылды. Көрмеге қарудан басқа Д.Қонаевтың ата-анасы мен отбасының фотосуреттері қойылды. Экспозицияда Д.Қонаевқа әр жылдары басқа елдердің басшылары, әріптестері мен достары сыйға тартқан қарулардың сирек кездесетін түрлері де болды. Олардың арасында Фидель Кастроның, Леонид Брежневтің, Иосип Броз Титоның, Эрих Хонеккердің сыйлықтары да қамтылған. Тіпті, коллекцияда 1982 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаев қайраткерге сыйға тартқан қару да қойылды.

2014 жылы Алматыда «iOS» және «Android» операциялық жүйелеріне арналған Colors of Great Steppe («Ұлы Дала бояулары») мобильді қосымшасының тұсаукесері өтті. Мұндағы басты мақсат - отандық және шетелдік аудиторияға Қазақстанның мәдениетін, тұрмысын, өзіндік ерекшелігін, тарихын, табиғатын заманауи фотоөнер туындылары арқылы таныстыру.

«Ұлы Дала бояулары» мобильді қосымшасына табиғат, тарих, этнография секілді бағыттар бойынша 1000-нан астам фотосуреттер енгізілді. Оларда Қазақстанның төрт аймағы көрсетілген. 

2014 жылы Ұлттық медициналық холдингтің базасында онкологиялық және жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу бойынша жұмыс басталатын Метаболизм синдромын емдеу орталығы ашылды.

2016 жылы Нью-Йоркте «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) делегациясының АҚШ-қа сапары аясында АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов пен Nasdaq, Inc президенті Адена Фридман өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

1570 жылы Солтүстік Кореяның қазіргі астанасы Пхеньян қаласының негізі қаланды.

1581 жылы француз королевасы Екатерина Медичидің өтінішімен Парижде алғаш рет балет қойылды.

1582 жылы папа Григорий XIII жаңа күнтізбе енгізді, ол «григориандық» деген атауға ие болды.

1666 жылы ағылшын королі Чарльз II үстіне жилет киіп, жаңа сән үлгісін шығарды.

1962 жылы Кубаға орналасқан кеңестік ядролық зымырандардан АҚШ пен КСРО арасында келіспеушіктер туындады. Жанжал бүкіләлемдік ядролық соғыс қаупін тудырды (шиеленіс 13 күннен соң шешілді).

Соңғы жаңалықтар