15 қараша. Туған күн иелері

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, яғни 15 қараша күні тұлғалардан кімдер дүниеге келген? ҚазАқпарат оқырмандарына есімдер күнтізбесін ұсынады.

null

ЕСІМДЕР

124 жыл бұрын (1894-1938) ақын, жазушы, драматург Бейімбет (Бимұхамед) Жармағамбетұлы МАЙЛИН дүниеге келді.

Қостанай облысында туған.

Арғынбай қажының медресесінде, Қостанайдағы орыс-қазақ мектебінде, Уфадағы Ғалия медресесінде, Троицк қаласындағы Уәзифа медресесінде оқыған.

1923-1925 жылдары Қостанай губерниялық «Ауыл» газетінде, 1925-1928 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінде, 1928-1932 жылдары республикалық «Ауыл тілі» газетінде әдеби қызметкер, редактор болды. 1932-1937 жылдары - «Социалистік Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметтерін атқарған.

Уфадағы Ғалия медресесінде оқыған жылдары татардың Ғ.Ибрагимов, М.Ғафури сынды ақын-жазушыларымен шығармашылық байланыста болды. Осы оқу орнындағы «Садақ» қолжазба журналында «Мұсылмандық белгісі» атты тұңғыш өлеңі жарық көрді. Оның алғашқы шығармалары - «Қостанай уезі, Дамбар болысы» очеркі, «Мұқтаждық», «Көңіліме» атты өлеңі, «Мал», «Шұғаның белгісі» повесі, «Болған іс» әңгімесі «Айқап» журналында, «Қазақ» газетінде жарияланды.

«Кедейге», «Гүлденсе ауыл - гүлденеміз бәріміз», «Жазғы жайлауда», «Наурыз түлегі», «Көк сиыр», «Біздің жастар», «Мырқымбай», «Әйт, шу... ала атым», «Қарасор», «Бер, Мырқымбай, қолыңды!», «Әй, Мырқымбай», «Байдың қызы», «Рәзия қыз», «Қашқын келіншек», «Зайкүл», «Маржан», «Қанды кек», «Сексен сом», «Күлпаш», «Талақ», «Қара шелек», «Ақталған еңбек», «Сары ала тон», «Шапайдың хаты», «Арыстанбайдың Мұқышы», «Даудың басы - Дайрабайдың көк сиыры», «Биғайшаның хаты», «Аштық құрбаны», «Сойқанды содырлар», «Кесінділер», «Алыптарды аралағанда», «Шұғаның белгісі», «Раушан - коммунист», «Азамат Азаматыч», «Қызыл жалау», «Қоңсылар», «Тартыс» атты поэмалар, фельетондар, очерктер, повестер мен романдардың, 25 пьесаның, либретто мен сценарийлердің авторы.

103 жыл бұрын (1915-1973) педагог-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, Кеңес Одағының Батыры, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының лауреаты Мәлік ҒАБДУЛЛИН  дүниеге келді.

Қазіргі Ақмола облысы Зеренді ауданында туған. 14 жасынан бастап атақты жазушы Сәбит Мұқановтың тәрбиесін алған. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітірген. Институттан кейін 1935-1937 жылдары әскери борышын өтеген.

1937-1938 жылдары - «Социалистік Қазақстан» газетінің әдеби қызметкері, «Қазақстан пионері» газеті редакторының орынбасары, КСРО Ғылым Академиясының қазақстандық филиалындағы Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері қызметтерін атқарған. 1938-1946 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспиранты болған. 1941-1945 жылдары - Генерал И.В.Панфилов бастаған даңқты гвардиялық дивизиясы құрамында Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан. 1942 жылы Новгород облысына қарасты Холм қаласының маңында болған ұрыста Мәлік солдаттарға басшылық етеді. Ол басқарған сарбаздар фашистердің қаруланған әскеріне тойтара соққы береді. Кескілескен ұрыстың нәтижесінде жаудың екі таңкісін гранатамен жарып, 12 солдатын тұтқынға алады. Ұрыс кезінде Мәлік Ғабдуллин жарақат алады. алайда оған қарамастан жауға қарсы оқ боратады. Осы ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен (№ 1035) Мәлік Ғабдуллинге 1943 жылдың 30 қаңтарында Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені және «Алтын жұлдыз» медалімен марапатталған. Соғыстан кейінгі жылдары ғылыми-педагогикалық салада қызмет атқарған. 1946-1951 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты директорының орынбасары, директоры. 1951-1963 жылдары - Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының ректоры, 1963 жылдан өмірінің соңғы күніне дейін Қазақ КСР ҒА-ның М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1947 жылы «Қобыланды батыр» жырын ғылыми зерттеудің проблемалары» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген монографиясында халқымыздың лиро-эпосы, батырлық жырлары, ертегі-аңыздары, тұрмыс-салт өлеңдері, жұмбақтар, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, суырыпсалма өнері туралы ғылыми зерттеулер мен қорытындылар жасады. Оның қазақ фольклоры мен әдебиеті туралы жазған 100-ден астам мақалалары республикамыздың газет, журналдарында жарияланды.

Мәлік Ғабдуллиннің зерттеген негізгі еңбектері - қазақ халқының батырлық эпостары, мақал-мәтелдері, айтыстары, ертегілері мен халық әндері. Қазақ әдебиетінің көптомдық тарихын шығаруға ат салысады. Оның «Қазақтың батырлық эпостары» зерттеу еңбегі 1972 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 2-4-шақырылымдарының депутаты.

«Менің майдандас достарым», «Алтын Жұлдыз», «Майдандық очерктер (Фронтовые очерки)», «Будни войны», «Достар, жолдастар жайлы», «Ызғарлы жылдар (Грозные годы)» атты көркем әдеби шығармалардың авторы. Әдеби туындылары И. П. Щеголихин көмегімен орыс тіліне аударылған. Мәлік Ғабдуллиннің Алматыда тұрған үйі мен қызмет атқарған Институтында батырға арнап мемориалды тақта орнатылған. Өзі туып-өскен аудандағы мектеп пен көше аттары Мәлік Ғабдуллиннің есімімен аталады. Көкшетауда батырға арналып арнайы мұражай ашылған. Алматы, Астана және Көкшетау қалаларындағы көшелерге есімі берілген.

Ленин орденімен, «Қызыл Ту» орденімен, Бірінші дәрежелі Отан соғысы орденімен және екі рет «Қызыл жұлдыз» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.

68 жыл  бұрын  (1950) VI шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Экономикалық реформа, өңірлік даму комитетінің мүшесі Шаймардан Усаинұлы НУРУМОВ дүниеге келді

Алматы облысы Ұйғыр ауданы Үлкен-Декхан ауылында дүниеге келген. 1974 жылы В.И.Ленин атындағы Ташкент мемлекеттік университетінің шығыстану факультетін аяқтады. Мамандығы - шығыстанушы, қытай тілінің мұғалімі. 1974-1975 жылдары Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданының СПТУ-22 комсомолдық ұйымының хатшысы болып істеді. 1975-1979 жылдары Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы Октябрь орта мектебінде мұғалім, әскери жетекші, оқу бөлімі бойынша директордың орынбасары болып істеді. 1979 -2008 жылдары Қазақ КСР МҚК - ҚР ҰҚК қатарында қызмет етті. Полковник. 2010 - 2012 жылдары «ГРАДО» жобалық фирмасының МҚҚБ (Мемлекеттік құпияны қорғау бөлімі) бастығы болып істеді. 2012-2016 жылдары «Қазақстан ұйғырларының республикалық этномәдениет орталығы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Қазіргі қызметінде 2016 жылғы наурыздан бері. «Құрмет» орденінің кавалері.

57 жыл бұрын (1961) Қазақстан Республикасының Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Куба Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы Ақылбек Әбсәтұлы КАМАЛДИНОВ  дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысында туған. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1990-1992 жылдары - ММУ жанындағы Азия және Африка елдері институтында тағылымдамашы. 1992-1993 жылдары - ҚазМУ-да жапон тілі оқытушысы. 1993-1994 және 1995-1996 жылдары - ҚР СІМ консулдық басқармасында жұмыс жасады. 1994-1995 жылдары - Жапонияда тілдік тағылымдамадан өтті. 1996-2001 жылдары - ҚР-ның Жапониядағы елшілігінде екінші, бірінші хатшы. 2001-2003 жылдары - ҚР СІМ бөлім бастығы, басқарма бастығы. 2003 жылдан - ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесінде сыртқы байланыстар бөлімінің меңгерушісі. 2007-2016 жылдары - ҚР-ның Жапониядағы Төтенше және Өкілетті елшісі. 2016 жылғы наурыздан  ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары болған.

Қазіргі қызметінде - 2018 жылдан бері.

47 жыл бұрын (1971) «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма төрағасының орынбасары Елдос Мұратұлы РАМАЗАНОВ дүниеге келді.

Қарағандыда дүниеге келген.  М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін «экономист» мамандығы бойынша аяқтап (1993жылы), кейін Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде «заңгер» мамандығын тәмамдаған (2002 жылы).

1992-1997 жылдары - жекеменшік коммерциялық және мемлекеттік құрылымдарда басшылық лауазымдарда болған.1997-1998 жылдары - «БанкТұранӘлем» ЖАҚ Ақмола филиалында саудадан тыс операциялар бөлімінің бастығы,  экономикалық талдау секторының меңгерушісі. 1998 жылы - «Астана темiр жолы» ҚСД "Қазақстан темір жолы" РМК бастығының орынбасары. 1998-2000 жылдары - «Астана» қаржы-экономикалық орталығының бастығы, «Қазақстан темір жолы» РМК Қаржы және бухгалтерлік есеп бас басқармасы бастығының орынбасары. 2000-2002 жылдары - «Intertrade GmbH» (ГФР) бас директорының орынбасары (Германия). 2003-2004 жылдары - «Агрохимия» ЖШС қаржы директоры. 2004-2006 жылдары - ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі аппаратының басшысы - Экономика және қаржы департаменті директорының орынбасары. 2006-2007 жылдары - «KAZENERGY» Қоғамдық қорының атқарушы директоры. 2007 жылы - «Рауан Медиа Групп» АҚ бас директорының орынбасары - ақпараттық-талдамалық орталығының директоры. 2007 жылы - «ҚазТрансГаз» АҚ бас директоры аппаратының басшысы. 2007-2009 жылдары - «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары. 2009-2011 жылдары - «Бүркіт» қаржы-өнеркәсіптік корпорациясы» бас директорының орынбасары. 2011-2012 жылдары - ҚР Сауда-өнеркәсіптік палатасының вице-президенті. 2011-2013 жылдары - «Атамекен» Одағы» Қазақстанның Ұлттық экономикалық палатасы Басқарма төрағасының орынбасары. 2013 - 2016 жылдары - «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Аппарат басшысы. 2016 жылы қаңтарынан бастап қазірге дейін  - «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары.

44 жыл бұрын (1974) «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ президенті Береке Сағатұлы МҰХАМЕТҚАЛИЕВ  дүниеге келді.

Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетін "Геологиялық түсірім, іздеу мен барлау" мамандығы бойынша тәмамдаған. "ТҰҚ "Казхром" АҚ  филиалы - Ақсу ферроқорытпа зауытында инженер-геолог болып еңбек жолын бастады. 2000-2001 жылдары "ТҰҚ "Каз-хром" АҚ  филиалы - "Казмарганец" кен басқармасының "Тур" кенішінде геолог болып жұмыс атқарды. 2001-2003 жылдары - осы кеніштің бас инженері, кейін бастығы болып жұмыс істеді. 2004 жылдың сәуірінде құрамына "Тур" және "Восточный Камыс" кеніштері енетін "Казмарганец" кен басқармасының бас инженері болып тағайындалды. 2004 жылдың қыркүйегінен бастап "Жәйрем ТБК" АҚ бас инженері, кейін бас директоры, басқарма төрағасы болып жұмыс істеді.

Қазіргі қызметінде - 2014 жылдың желтоқсанынан.

35 жыл бұрын (1983) «Нұр Отан» партиясының хатшысы ТЕРЕНЧЕНКО Илья Сергеевич дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. 2004 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін «заңгер» мамандығы бойынша бітірген. 2006 жылы - Томск мемлекеттік университетінің «Қаржы және кредит» бөлімінде оқыған. 2016 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Саясаттану» мамандығы бойынша диплом алып шыққан. 

Еңбек жолын 2001 жылы Павлодар қаласындағы техникалық қызмет көрсету станциясының шебері қызметінен бастаған. 2004 жылдың наурызы - 2007 жылдың шілдесі аралығында «Рубеж-ПВ» ЖШС директорының орынбасары қызметін атқарды.  2007 жылдың шілдесі - 2014 жылдың наурызы аралығында павлодарлық «Гермес-Трейд-ПВ» ЖШС  директоры болып жұмыс істеді. 2014 жылдың наурызынан бастап Павлодардағы Кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының директоры. 2014 жылдың қазан айынан 2016 жылдың сәуір айына дейін «Нұр Отан» партиясы  Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары. 2016 жылдың сәуірінен 2018 жылдың қазанына дейін «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. 2018 жылдың қазанынан бастап - «Нұр Отан» партиясының хатшысы.

Соңғы жаңалықтар