140 жылдық тарихы бар Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапхананың ел өмірінде өзіндік орны бар - Р.Исатаева

None
None
АЛ. 25 қазан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Орал қаласындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының құрылғанына 140 жыл толып отыр. Аталмыш рухани орталықтың өткені мен бүгіні, болашағы туралы кітапхана директоры Роза Исатаева былайша әңгімелеп берді.

- Орал қаласында 1812 жылдан бері жұмыс істеген әскери училищеде 1831 жылдың өзінде кітапхана болған екен. Бірақ училище жанынан ашылған кітапхананың қызметін қарапайым халық пайдалана алмады. Ол тек оқушыларды ғана қажетті әдебиетпен қамтамасыз етіп отырды, деді Роза Жақияқызы.

1869 жылы училище кітапханасы қазіргі М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-дің жаратылыстану-география факультеті орналасқан ғимаратқа көшірілді, кейін қазіргі Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы орналасқан ғимаратқа (бұрынғы әскери жиналыс үйіне) қоныс аударды.

1870 жылы Орал казак әскерінің атаманы Веревкин Орынбор генерал-губернаторына Орал қаласында өз алдына дербес көпшілік кітапхана ашу жөнінде өтініш жазып, бұл шараны «Тек өте пайдалы ғана емес, сонымен қатар гимназия мен юнкер училищесін аяқтаған жастарға мүмкіндік беру үшін аса қажетті» деп есептейтіндігін, сонымен қатар бұл кітапханалар жастардың жоғары және арнаулы оқу орындарына түсу, Орал қаласы мен Орал облысының орталығымен алыста тұратындар үшін, жалпы қоғам үшін өте қажет екендігін атап көрсетті. Өтінішпен қатар ұсынылған «Кітапхана туралы Ереже», кітапхананың кітап қорына 1858 жылдан бастап құрылған әскери училищенің көпшілік кітапханасының әдебиетін қосу, сонымен бірге кітапханаға қажетті шығын бөлігін әскери капиталдың есебінен жүзеге асыру жөнінде ұсыныс жасады.

1871 жылы сәуірде Орынбор генерал губернаторы Әскери көпшілік кітапхана құруға рұқсат берді. Осы кезден кітап қорын күнілгері оқырмандарға қызмет көрсетуге дайындау жүзеге асырылып, 24 қазанда кітапхана ресми ашылды.

Кітапхананың кітап қоры алғашында 4750 томнан (1560 дана орыс тіліндегі кітап, 1370 дана шет тілдегі кітап, 1820 журнал) тұрды. Кітапхана ауқатты казактардан жинақталған қаржының көмегіне сүйеніп жұмыс жүргізді.

Әскери шаруашылық басқармасы кітапханаға жыл сайын 1500 сом көлемінде қаржы бөліп отырды. Кітапхана штатындағы 3 адамның жалақысы да осы қаржы есебінен төленді. 70-жылдардың басында кітапхана директор-старшыны И.Акутин болды. Кітапхананы қажетті заттармен қамтуға, кітап алуға жыл сайын 350-500 сом бөлініп отырғанына қарамастан, 25 жыл ішінде кітап қоры тек 2530 данаға ғана өсіп, 1896 жылдың басында 7280 том құрады. Бұдан кейінгі жылдарда кітапхана Мәскеу, Петербор, Сарытау қалаларынан жаздырып алынған жаңа әдебиеттермен жедел толықтырыла бастады.

1903 жылдың соңында 12477 томнан (оның ішінде 11622-сі орыс тілінде, 1125 кітап пен журнал шетел тілдерінде) тұратын кітап қоры болды.

Қазан төңкерісінен кейін, 1921 жылғы 21 сәуірдегі «Қырғыз Республикасында кітапхана жүйесін орталықтандыру туралы» Қырғыз АКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысы бойынша республиканың барлық кітапханасы жалпыға бірдей ашық деп жарияланды және бірыңғай кітапханалық жүйе болып құрылды. Облыстық маңызды қалалар жанынан орталық қалалық кітапханалар құрылды. Осы кезде Оралдағы бұрынғы әскери көпшілік кітапхана «орталық қалалық кітапхана» болып аталды. Кітапхананың жұмыс көлемі мен мазмұны түпкілікті өзгерді.

1935 жылы Ағарту комиссариатының шешімімен орталық қалалық кітапхана облыстық болып қайта құрылды. Ол облыстың басты кітап сақтайтын орны, оқырмандарға ақпараттық-библиографиялық қызмет көрсету орталығы, облыстың барлық кітапханалық қызметін үйлестірудің әдістемелік орталығы болды.

1939 жылы қоғамдық ұйымдар, белсенді оқырмандар мен кітапхана ұжымының өтінішімен Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Президиумы кітапханаға Н.К.Крупская есімін беру туралы шешім шығарды.

1948 жылы кітапхана Киров (қазіргі Карев) көшесіндегі 47 үйге көшірілді. Содан бері кітапхана Ғ.Құманғалиев атындағы облыстық филармониямен бірге ғимараттың оң қанатында жұмыс жасап келеді.

2000 жылы 31 тамызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен кітапханаға жерлесіміз, ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің есімі берілді.

«Мен бұл кітапханаға бүкіл өмір бойы борыштымын. 1936 жылы оның есігін алғаш ашып, мен жарық әлемге, білім әлеміне кіріп келгендей болдым. Мұнда мен өзім үшін әлем әдебиетінің жауһарын аштым, мұнда менің алғашқы өлеңдерім жазылды. Осынау мәдениет ошағына мың сан рахметімді айтамын. Қандай кезең болмасын, бүкіл халық білімнің құдіретті қайнарынан сусындауға келіп тұрсын» - бұл қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағын ұзақ жыл басқарған Жұбан Молдағалиевтің қолтаңбасы...

Жыл сайын кітапхана 20,0 мыңға тарта оқырманға 360,0 мыңдай кітап берілімін қамтамасыз етеді.

Бұл күнде кітапхананың қоры 300,0 мың дананы құраса, оның ішінен әмбебап мазмұндағы 5,0 мыңға тарта құнды, яғни кеңестік кезеңге дейінгі басылымдар: Венгеровтың сөздіктерін, В.Ключевскийдің, Н.Костомаровтың, С.Соловьевтың шығармаларын табуға болады. Нағыз құнды басылымдардың ішінен төңкеріске дейінгі «Отечественные записки», «Вестник Европы», «Наблюдатель», «Живописная Россия» сияқты мерзімді басылымдар мен өлкеге қатысты, «Обзор Уральской области за 1915 год», «Статистический справочник по Уральской губернии», «Уральские войсковые ведомости» газеттері мен журналдары бар. 1939 және 1949 жылдары аралығында шыққан латын қаріпіндегі қазақ тіліндегі әдебиеттерді де табуға болады. Сондай-ақ ақын-жазушылар мен танымал тұлғалардың жеке қолтаңбасы қалдырылған кітаптар кітапхананың баға жетпес байлығы, мақтанышы болып табылады.

Сондай-ақ кітапхана 2008 жылдан бері Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасында мемлекеттің қолдауымен жасақталған «Қазақ Ұлттық Электронды кітапханалар» жобасының мүшесі ретінде сирек қордағы әдебиеттерді сандық ресурсқа айналдырып, бүкіл ғаламтор оқырмандарына пайдалануға мүмкіндік жасап отыр.

Кітапхана жыл сайын 300-ге тарта республикалық, жергілікті және ресейлік мерзімді басылымдарға жазылады. Сондай-ақ кітапхана қоры ноталық басылымдар мен аудио-визуальды құжаттармен, CD-ROM материалдарымен де бай.

Кітапхана ақпараттар ғасырында заманауи технология көмегімен кітапханалық үрдістерді дамыту, электронды деректер базасын жасақтау, анықтамалық және библиографиялық қызметте әлемдік ақпарат жинақтаушы Интернетті пайдалану сияқты қызметтерді ұсынады.

Кітапханалар халықтың ақпараттық қажеттілігін атқарушы, мәдениетті өркендетуші орталық, өркениет символы болып табылады. Кітапхана алыс-жақын елдердің мәдениетін насихаттау, іс-тәжірибесін алу мақсатында түрлі шаралар өткізуді де жоспарлап отырады. Өткен жылы Германияның Қазақстандағы жылына орай кітапханада «Жаик ТрубТех» ЖШС бас директоры Холгер Нумрих пен БҚМУ оқытушылары және студенттерінің қатысуымен неміс тіліндегі жаңа кітаптар мен электронды ресурстардың таныстырылымы өткізілді.

Биыл мамыр айында Германияның Майнц қаласындағы И.Гуттенберг атындағы университетінің оқытушысы профессор Карл Кайнер мырзаның қатысуымен шет тілі әдебиеттер бөлімінде Неміс клубы орталығы ашылып, тұсаукесер кеші өтті.

Кітапханашы мамандығы төмен жалақы алатын, нәтижесі байқала бермейтін қызмет деп есептелгенімен, ұжымның негізгі бөлігін ынталы, білімді, жаңашылдыққа бейім жас мамандар қамтиды. Бұл кітапханашы мамандығының болашағы зор, барлық уақытта сұранысқа ие болатындығын көрсетеді.

«Біз болашаққа зор сеніммен қарай отырып, жаңа үлгіге сай ғимарат болуын армандаймыз. Тәуелсіз егеменді еліміздің экономикалық әл-ауқаты жыл санап көтеріліп келеді. Ендеше, бұл арманымыздың көп кешікпей-ақ шындыққа айналатындығына күмән жоқ. Кітапхана өзінің 140 жылдық ғұмырында жаңа технологияны меңгерген, танылған ақпараттық орталыққа айналды. Орал қаласы мен облыс тұрғындары үшін ағартушылық және мәдени демалыс орны, ең бастысы, Батыс Қазақстан облысының мәдени-тарихи мұрасын сақтау және дамыту орталығы ретінде тәуелсіз елімізбен бірге әлі де талай ғасыр өмір сүріп, дами берері сөзсіз», деп түйіндеді ойын Р.Исатаева.

Соңғы жаңалықтар