14 жылдан кейін анасымен қауышқан бала: Оны бөгде адамдар асырамақ болған

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында тірі туған баланы өлді деп заңсыз анасынан айыру оқиғасына байланысты тың деректер анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

14 жыл бойы анасының жылы алақаны мен əкесінің мейірімін көрмей өскен жасөпірімнің есімі - Бақыт. Ол 2009 жылдан бері Ақкөл балалар үйінде тəрбиеленіп келген.

"Бізге Бақыт 2009 жылы Щучинск балалар үйінен келді. Анасы оны Көкшетау қаласында дүниеге әкелген екен. Анасымен қауышқанға дейін Бақыт Ғабдулина  Қарағанды қаласындағы көз кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернатында білім алып келді", - дейді Ақкөл балалар үйінің əлеуметтік ұстазы Əсима Құдайбергенова.

Оның айтуынша, Ақкөлдегі балалар үйінде тәрбиеленген кезде Бақытпен біраз адамдар кездесіп, асырап алу туралы ниеттерін білдірген. Алайда, қандай да бір себептермен асырап алу мүмкін болмады. Осының өзі Бақыттың туған анасымен қауышып, бірге болуына сеп болғандай.

Қазіргі кезде, жасөспірімді туған анасы Еңбекшілер ауданындағы үйіне алып кетті.

Еске сала кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, Ақмола облыстық прокуратурасы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалардың құқығын қорғау заңдылығы бойынша талдау жүргізген болатын. Прокуратураның талдау нәтижесі көрсеткендей, балалардың ата-аналарын іздеу бағытында ішкі істер және қамқорлыққа алу органдары арасында өз іс-қимыл жүргізілмегені анықталып отыр.

Құзыретті органдар өздеріне жүктелген міндеттерді орындамағандықтан кәмелеттік жасқа толмаған жасөсіпірім 14 жыл бойы ата-анасының қамқорлығынан айырылған. Ол өзінің анасы бола тұра осы аралықта жетім балалар үйінде тәрбиеленіп келді.

Бала 950 грамм салмақпен туған. Салмағы аз болғандықтан бірден жансақтау бөліміне жатқызылған. Анасының сөзіне қарағанда, перинаталдық орталықта оған нәрестесінің салмағы аз болып, өлі туғанын айтқан. Сондықтан жаңа босанған ана баланың одан арғы жағдайына мән бермеген. Ал, бұл кезде перинаталдық орталық қызметкерлері тастанды балаға қатысты акт толтырған. Кейін нәресте балалар үйіне, одан әрі Ақкөл балалар үйіне жіберілген.

Қазіргі кезде, перинаталдық орталық қызметкерлеріне қатысты тексеріс жүргізілуде.

Соңғы жаңалықтар