14 наурыз – Көрісу күні
2020 жылғы 14 наурыз 03:26

14 наурыз – Көрісу күні

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін – ежелден келе жатқан төл мерекеміз, халықты береке-бірлікке, татулыққа бастайтын Көрісу күні басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көрісу (Маңғыстау өңірінде Амал мерекесі деп аталады) - Қазақстанның Батыс өңірі және Ресеймен шектесетін аймақтарда сақталған көне дәстүр. Мейрамның шығу төркіні туралы ғылыми тұжырымдалған нақты жауап жоқ. Бірақ әртүрлі болжамдар мен жорамалдар бар.

Тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиевтің айтуынша, бұл – өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістердің бірі. Қазақ халқы жыл басын 22 наурызда күн мен түннің теңелу кезінен бастайды. Бірақ Қазақстанның батыс аймағы жыл басын басқа өңірлерде сияқты 22 наурызда емес, 14 наурызда тойлайды.

Археолог-ғалым Андрей Астафьев Көрісу дәстүрін ғылыми тұрғыдан түсіндіріп беруге тырысты. Ол Маңғыстау өлкесінің тарихын ұзақ уақыт бойы зерттей отырып, Амал мерекесінің тамыры моңғол мен тувалық халықтарда жатыр деген қорытындыға келді. Адай руының аңыздары бойынша адамдар Үстірт аймағы мен Маңғыстау түбегіне шығыстан келген. Бәлкім, осы жерден өздерімен бірге күнтізбелік жүйесін алып келген. Моңғолдар күнтізбесіне сәйкес бір аптада тоғыз күн болған еді. Ал күнтізбенің өзі 22 желтоқсаннан басталады. Күнтізбедегі төрт маусым (көктем-жаз-күз-қыс) тоғыз күннен тұратын кезеңдерге бөлінген. Қысқы күн тоқырауы кезеңінен Жаңа жыл басталып, содан бері күн ұзақтығы созылады. Ал 23 желтоқсан-14 наурыз аралығындағы уақыт - қысқы осындай тоғыз аптадан тұратын кезең.

Этнограф Серік Ерғали: «Шын мәнінде халқымыз Наурыз айының алғашқы (ескіше - 1 наурыз қазіргі 14-не сәйкес) күнінен бастап, Наурыз мерекесін бір ай бойы мейрамдаған. Қазақтың ғұлама ғалымы - Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбасында 8 күндік наурыздама өтетінін жазады. Ол ескіше:1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы», - деп жазады.

Амал мерекесін Наурыздан бөле-жара қарауға болмайды, ол - Наурыздың алғашқы жаршысы іспеттес. Амалдың негізгі шарты - үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, әлсізді демеу, жарлыны жарылқау. Бұл күні жасы кішілер үлкендерге арнайы сәлем беріп, қол алысып, төс қағыстырады. Ақсақалдар «Бір жасың құтты болсын!» деп, жастарға баталарын береді. Бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады. Үй иелері келгендерге дәм ұсынып, ақ тілектерін жаудырады. Осылайша, Көрісу - бауырмалдықтың, кішіпейілділіктің, қайырымдылықтың мерекесі болып саналады.

«Наурыздан бір апта бұрын басталатын Көрісу - шап беріп қол алысып, құшақтасу ғана емес. Қыс бойы бір-бірінің өлі-тірісін біле алмай сағынған елдің жасайтын жоралғысы. Ертедегі жұрт бір-бірін құшақтап, кейде өлгендерін жоқтап, кейде тірі қалғанына шүкірлік айтады. «Қыстан аман шықтың ба, мал-жан аман ба, шаруашылығың жақсы ма» деген сарында өлеңдетіп көріскен», - дейді тарихшы, этнограф Жамбыл Артықбаев.

Амал немесе Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмай, жыл бойы жалғасады. Айта кетейік, мерекенің ешбір діни сипаты жоқ.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT