АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2023 жылғы 14 наурызға арналған күнтізбені ұсынады.
АТАУЛЫ КҮНДЕР
Көрісу күні (Амал ме йрамы )
Қазақ халқының көнеден келе жатқан мерекелерінің бірі. Бұл күнді атап өту дәстүрі негізінен Қазақстанның батыс облыстарында сақталған.
14 наурыз күні жасы кішілер ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерге барып, қос қолын беріп, көріседі. Жасы үлкендер кішілерді күтіп, келгендерге «Бір жасыңмен! Жас қайырлы болсын, өмір жасың ұзақ болсын!» деп ерекше мейіріммен батасын береді.
Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің және Қызылорданың кейбір аудандарында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда атап өтеді. Бұл мерекені Маңғыстау өңірінің жұрты Амал мерекесі деп те атайды.
Халықаралық өзен күні немесе Бөгеттерге қарсы күрес күні
1997 жылы наурыз айында Бразилияның Куритиба қаласында ірі бөгет құрылыстарын салуға қарсы бағытталған бірінші Халықаралық конференция өтті. Конференцияда жыл сайын 14 наурыз күні «Өзен, су және өмірді қорғау үшін бөгеттермен күрес күнін» атап өту шешімі қабылданды.
Халықаралық Пи (π ) санының күні
Мерекені 1987 жылы физик Ларри Шоу ойлап тапты. Пи саны - шеңбер ұзындығының оның диаметрінің ұзындығына қатынасын білдіретін математикалық константа. π-дің сандық мәні 3,141592 деп басталады және шексіз математикалық жалғасы бар. Бұл халықаралық мейрам 22 шілдеде де аталып өтіледі.
ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1921 жылы Түркістан республикасының Орталық атқару комитеті Верный қаласының атауын Алматы деп өзгерту туралы декрет қабылдады.
1930 жылы «Ұлан» балалар мен жасөспірімдер газетінің негізі қаланды. Алғашқыда «Жас Алаш» газетінің 5-6 беттерінде газет ішіндегі қосымша-газет болып жарық көрді. Алғашқы атауы «Пионер» болды. 1930 жылы 5 қарашада «Пионер» газеті Алматы қаласының Гоголь көшесіндегі №9 үйге өз алдына дербес басылым болып бөлініп шықты. 1937 жылдың наурыз айынан газет «Октябрь балалары» деген атаумен шыға бастады. 1941 жылғы 28 маусымдағы санынан кейін соғыс жағдайына байланысты уақытша жабылды. 1946 жылы 9 мамырда «Қазақстан пионері» деген атаумен қайта жарыққа шықты. 1990 жылдан бастап «Қазақстан пионері» газетінің атауы «Ұлан» болып өзгерді. «Ұлан» газеті 2002 жылы Қазақстан Республикасы Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығын «Балалар басылымы» номинациясы бойынша иеленді.
1980 жылы «Қазақстан пионері» газеті және «Партийная жизнь Казахстана» атты журналы «Құрмет белгісі» және «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталды.
1994 жылы Қазақ мемлекеттік заң институты құрылды. 1996 жылы қарашада Қазақ мемлекеттік заң университетіне, ал 2000 жылы ақпанда Мемлекет және құқық институтымен бірігіп, Қазақ мемлекеттік заң академиясына айналды. 2001 жылы қазанда Қазақ гуманитарлық заң университеті болып қайта құрылды.
2004 жылыАстрофизиологиялық зерттеулер орталығы құрылды. Орталық 2008 жылғы 22 қаңтарда «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ болып қайта құрылды. Қазірде ұлттық орталықтың құрамына ғарыштық зерттеулер және технологиялар саласында ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық, өндірістік-шаруашылық қызметпен айналысатын төрт академиялық институт кіреді.
2005 жылы Алматыда зерттеушi, мәдениеттанушы Серiкбол Қондыбайдың рухына арналған алғаш рет «Қондыбай оқулары» өтті. Серікбол Қондыбай (1968-2004) - мәдениеттану, тарих, лингвистика және мифология саласында өзінің жаңа тұжырымдамаларын енгізген ғалым. Оның өзіндік көзқарастары «Маңғыстау географиясы», «Қазақ мифологиясына кіріспе», 4 томдық «Арғы қазақ мифологиясы», «Қазақ даласы және герман тәңірлері» және «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» сынды онға жуық кітаптарында көрсетілген. Сондай-ақ 90-нан астам ғылыми мақаланың авторы.
2013 жылы «Бір ел - бір кітап» акциясы аясында ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша жаппай оқуға Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты лирикалық жыр жинағы ұсынылды. «Бір ел - бір кітап» акциясының мақсаты – қазақ әдебиетін насихаттау, тарихи-мәдени және рухани мұраны сақтау , адамгершілік-патриоттық тәрбие беру.
2013 жылы ұлы британ композиторы Эдвард Эльгардың шығармашылығын насихаттағаны үшін қазақстандық танымал скрипкашы Марат Бисенғалиевке Эльгар қорының алтын дискісі мен сыйлығы табыс етілді.
2014 жылы «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі Бейжіңмен бейнекөпір арқылы сайттың қытай тіліндегі нұсқасын таныстырды. «ҚазАқпарат» ХАА сайтын таныстыру екі ел - Қазақстан мен Қытай елшіліктерінің қолдауымен өтті. Мақсат - елдер арасындағы саяси-экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық байланыстарға үлес қосу.
2016 жылы Семей қаласында «СемАз» көлік жинау зауытының конвейерінен қазақстандық алғашқы «Газель Next» шықты. Бұл үлгі отандық нарықта сұранысқа ие.
2018 жылы Бұқар жырау атындағы Павлодар облыстық әдебиет және өнер музейінде «Ғұлама тағылымы» көрмесі ашылды. Онда Мәшһүр Жүсіптің «Хал ахуал», «Сарыарқаның кімдікі екені» және «Тіршілік» атты кітаптарының қолжазбасы, тәуелсіздік жылдарында да жарық көрген кітаптары, Ескелді шатқалындағы мемориалдық музейінен әкелінген ақынның жеке заттары - құран, мұстек қобдишасымен, жез леген, кісе белбеу, әмиян, шақшалары, көзілдірігі көрмеге келушілердің назарына ұсынылды.
2018 жылы Қазақстандық шаңғышы Александр Колядин Пхенчхандағы Паралимпиадада алтын медальды жеңіп алды. Классикалық әдіспен 1,5 шақырымдық спринтерлік шаңғы жарысында жарысқан спортшылар арасында қазақстандық спортшы іріктеу кезеңінде де, жартылай финалда да үздік болды. Александр Колядин финалда 4 минут 19,7 секунд нәтижесін көрсетіп, алдына жан салмады.