14 мыңнан астам қазақстандық кәсіби білімдерін жетілдірді

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Былтыр шілде айында skills.enbek.kz онлайн кәсіптік оқыту платформасы іске қосылған сәттен бастап 14,3 мыңнан астам қазақстандық, оның ішінде 8,7 мың жұмыссыз азамат курстан өткені туралы сертификат алды. Бұл туралы ҚазАқпарат Еңбек министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Платформада 24,3 мың адам тіркелді, оның 10,8 мыңы 2022 жылы тіркелген.

Оқудан өткен 8,7 мың жұмыссыз азаматтың 3 мыңға жуығы –негізінен Қызылорда, Батыс Қазақстан, Түркістан, Атырау және Ақтөбе облыстарынан келген жастар.

Авторлар іске қосылған сәттен бастап платформада әртүрлі бағыт бойынша 117 курс жариялады, оның 63-і тегін. Курстардың ұзақтығы 1-ден 72 сағатқа дейін.

Ең көп сұранысқа ие курстар – «Управление персоналом», «Сүтті ірі қара өсіру», «Кассир», «Выращивание клубники от А до Я» және «Ұннан жасалған кондитер өнімдері, жіктелуі және дайындалу технологиясы».

Бұдан бұрын хабарланғандай, Платформа халықтың білім деңгейі мен кәсібилігін арттыруға, мансаптық дамуды ынталандыруға және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілетуге бағытталған. Ол маркетплейс – қызметтер нарығы қағидаты бойынша онлайн курстарға қол жеткізуді ұсынатын халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас құрылған.

Оқуға тікелей https://skills.enbek.kz/ сілтемесі арқылы немесе Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) «Онлайн оқыту» бөлімін таңдау арқылы өтуге болады.

Платформада білім алушы оқытудың қолайлы қарқыны мен тілді, материалды берудің ыңғайлы қағидатын өз бетінше таңдайды, білім беру процесіндегі өзінің прогресін бақылай алады.

Оқу аяқталғаннан кейін білім алушы 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсыруы тиіс. Онлайн курсты сәтті аяқтаған жағдайда дағдыларды игеру туралы сертификат беріледі. Курсты аяқтаудың міндетті шарты – студент тарапынан курсты бағалау.

Бұл сертификат Электрондық еңбек биржасында (enbek.kz) тіркелген кезде білім алушы жасаған түйіндемеде автоматты түрде көрсетіледі. Қызметкерлерді іздеу кезінде әлеуетті жұмыс беруші skills.enbek.kz-те табысты оқудан кейін алынған сертификаттарды көреді.

skills.enbek.kz-те тіркелу және платформада жұмыс істеуге қатысты барлық сұрақ бойынша «ЕРДО» АҚ жауапты қызметкерлерімен байланысуды сұраймыз: 8 (7172) 95 43 17 (ішкі. 877, 878).


Соңғы жаңалықтар