Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
Астана: 24 °С
Алматы: 20 °С
USD 340.27 EUR 396.31
RUB 5.39 CNY 52.39
Жаңалықтар

14 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

2018 жылғы 14 маусым 06:50 493
Бөлісіңіз:
14 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 14 маусымға арналған күнтізбесін ұсынады.

14 маусым. БЕЙСЕНБІ

Дүниежүзілік донорлар күні. 

2005 жылғы мамырда өткен Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ассамблеясында әлем денсаулық сақтау министрлері өз еркімен қан тапсыруды қолдау туралы өтінішті қабылдады. Бүкіләлемдік қан тапсырушы күнін жыл сайын маусымның 14-інде өткізіп тұруға қарар қабылданды.

Америка байрағы күні.     

1777 жылы Құрлықаралық конгресс Американың барлық тәуелсіз штаттарының ресми туы ретінде жұлдызды-жолақты байрақты бекітті. Америка байрағы күні, 19 ғасырдың 80-ші жылдарынан бастап атап өтілгенімен, тек 1949 жылы Президент Трумэн Конгресс актісіне қол қойғаннан кейін ресми мерекелер күнтізбесіне кірді.

Күйініш пен сүйініш күні (Литва). 

1941 жылы дәл осы күні Литва халқын Сібірге жер аудару басталды.

Халықаралық блогер күні. 

Бұл күнді атап өту идеясы 2004 жылы көтерілген. 40 елден 400 адам бірігіп, блогерлердің жеке күні болуы керектігіне тоқталған. Осылай желілік блогерлер күні пайда болды. 2007 жылы 14 маусымда өзінің жеке блогы бар әр адам онда шағын ғана хабарлама жазған. Хабарламада бүкіл блогерлер арасындағы салиқалы қарым-қатынас жайлы айтылған.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1995 жылы Алматыда, Ғалымдар үйінде Қаныш Сәтбаев атындағы халықаралық қордың ашылу салтанаты болды. Қор президенті болып ақын Кәкімбек Салықов сайланды.

1997 жылы Исламабад қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ғасырлар тоғысында» кітабын таныстыру рәсімі болды.

2000 жылы Түркістанда Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жаңа кешенінің іргетасы қаланды.

2000 жылы Астанада бірінші халықаралық «Транзит-Транс-Қазақстан-2000» көлік көрмесі ашылды. Көрмеге халықаралық 50-ге жуық көлік компаниясы қатысып, оған әсіресе Ресей, Қытай, Латвия, Швеция, Эстония мемлекеттері ерекше қызығушылық білдірді.

2007 жылы Сырым Датұлының (1742-1802) бейітін анықтау мақсатында Өзбекстанға барып келген Батыс Қазақстан облысынан шыққан арнайы экспедиция өз байламын білдірді.

Арнайы сапар барысында экспедиция жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, облыстық тарих және археология орталығының директоры, профессор Мұрат Сыдықов бастаған ғалымдар жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізді. Соның нәтижесінде Өзбекстандағы Хорезм облысы Гүрлен ауданы орталығынан 9 шақырым жердегі Майлышеңгел елді мекеніндегі бейіт ғылыми тұрғыдан батыр бабамыздікі екендігі дәлелденді. Экспедиция Сырым Датұлының 265 жылдығына орай ұйымдастырылған болатын. Оның құрамына жеті адам кірді, соның ішінде танымал ғалым-өлкетанушылар, тарихшылар, археологтар, Сырым Датұлының ұрпақтары бар.

2011 жылы Қазақстан аумағында Еуразиялық экономикалық қауымдастықтың 10 жылдығына арналған көркем марка пошта айналымына түсті. Онда ЕурАзЭҚ логотипі мен қазақ тіліндегі мәтіндік композициясы берілген. Марка офсетті әдіспен 4 түрлі бояуда орындалған, номиналы - 32 теңге, көлемі - 28х30 мм, таралымы - 50 000 дана, суретші - Данияр Мұхамеджанов.

2012 жылы Астанада пилоттық режімде нормативтік құқықтық актілердің «Әділет» электронды базасы  іске қосылды. Оның көмегімен әр қазақстандық online режимде әрі тегін республиканың заңнамалық актілерімен танысу мүмкіндігіне ие болды.

2012 жылы Атырауда ағылшын тілді оқырманға арналған «West Kazakhstan Today» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Ол да мұнайлы астананың басты газеті «Ақ Жайық» тәрізді шамамен 16 мың данамен  шықты. Мұнда ағылшын тілінде аймақ жаңалықтары ғана емес, Қазақстанның қоғамдық-саяси, экономикалық, мәдени өмірі жайлы хабарлар да жарық көрді.

2013 жылы Ташкент қаласының орталығында қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың ескерткіші қойылды. Қоладан құйылған мүсіннің биіктігі - 9,20 метр.

2013 жылы Брюссельде Еуроодақ пен Орталық Азия елдері (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан) арасындағы қауіпсіздік мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі диалогтың бірінші раунды өтті.

2015 жылы БҚО Шыңғырлау ауданында «Ғайни» шаруа қожалығы алғашқы болып гибридті жел генераторын пайдалана бастады.

2015 жылы Ақтауда жаңа орталық сумен жабдықтау торабы іске қосылды. Оның құрылысына жергілікті бюджеттен 480 млн теңге бөлінді.

2015 жылы түріктің Сакарья қаласында «ҚР инвестициялық мүмкіндіктері» тақырыбында Қазақстан күндері өтті. Бизнес-конференция барысында Қазақстанның инвестициялық әлеуетіне ерекше мән берілді.

2016 жылы CRIRSCO халықаралық стандарт комитеті геологиялық барлау жұмыстарының нәтижелері, минералдық ресурстар, KAZRC қорлары туралы жария есептілік кодексін мақұлдады және CRIRSCO халықаралық стандарттар құрамына қабылданды.

2017 жылы Женевада ақпараттық қоғам мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі кездесу дүниежүзілік форумы аясында WSIS Prizes-2017 халықаралық конкурсының жеңімпаздары мен чемпиондарын марапаттау рәсімі өтті. Қазақстанның үш жобасы - «Электрондық үкімет», «Ашық үкімет», «Бірыңғай байланыс орталығы 1414» чемпион деп танылды. WSIS Prizes-2017 конкурсына әлемнің түрлі елдерінен 345 жоба қатысты.

ЕСІМДЕР


14 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 42 жыл
 бұрын (1976) Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының актері, ҚР Жастар одағы сыйлығының лауреаты ӨТЕУІЛОВ Нұркен Әшімханұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Ұйғыр ауданындағы Шошанай ауылында туған. Т. Жүргенов атындағы Алматы мемлекеттік театр және кино институтының актерлік факультетін бітірген (1998), музыкалық драма актері. 1998 жылдан бері - Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының (Астана) актері. «Малиновкадағы той» (Қария), «Эй, молодожены!» (Қасым), «Қанды азу» (Бораш), «Қара Қыпшақ Қобыланды» (Қараман), «Ана - Жер- Ана» (Бекташ), «Скапеннің айласы» (Скапен), «Үміт» (Замир), «Ромео мен Джульетта» (Бенволио), «Қымбатты Памела» (Сол Бозо), «Ғасырдан да ұзақ күн» (Әбутәліп), «Еңлік - Кебек» (Көбей), «Қан мен тер» (Еламан), «Абай» (Абай) және т.б. спектакльдерде ойнаған. Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты.




14 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 

36 жыл бұрын (1982) Қазақстан Республикасы білім және ғылым вице-министрі АЙМАҒАМБЕТОВ Асхат Қанатұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысында дүниеге келген. 2003 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ тарих факультетін «тарихшы, тарих мұғалімі» біліктілігі бойынша тәмамдаған.

2006 жылы - Қарағанды «Болашақ» актуалды білім беру институтының заң факультетін «құқықтану» мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолын 2002 жылы Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ден бастаған, 2004-2005 жылдары «Аңсар» жастар лигасы» ҚБ төрағасы болған, 2005-2006 жылдары «МЕДИА СП» ЖШС директоры, 2006-2012 жылдары - Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ саясаттану және әлеуметтану кафедрасының оқытушысы, аға оқытушысы, доценті ретінде қызмет атқарған. 

2012-2014 жылдары Нұра ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. 2014 жылғы ақпан айынан бастап 2017 жылғы тамызға дейін - Қарағанды облысы Білім беру басқармасының басшысы лауазымын атқарған.  Қазіргі қызметінде 2017 жылдың тамызынан бері.

2003-2012 жылдар аралығында Қарағанды қалалық мәслихатының III және IV шақырылымдарының депутаты, қала мәслихатының әлеуметтік мәселелер бойынша тұрақты комиссиясының төрағасы болып сайланған. 


14 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 149 жыл
 бұрын (1868-1943) адам қанының тобын алғаш ашқан австриялық иммунолог, Нобель сыйлығының лауреаты ЛАНДШТЕЙНЕР Карл дүниеге келді.












14 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 115 жыл 
бұрын (1903-1995) ақпарат негіздеріне үлес қосқан американдық математик Алонзо ЧЕРЧ дүниеге келді.












14 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі: Атаулы күндер, оқиғалар, есімдер 90 жыл бұрын
 (1928-1967) латынамерикандық революционер, Кубадағы революция командантесі Эрнесто ЧЕ ГЕВАРА (Эрнесто Рафаэль Гевара Линч де ла Серна) дүниеге келді.

 

 


Басты сөздер: Күнтізбе,
Бөлісіңіз:
Онлайн қызметкерлер
Редактор
Айдар Оспаналиев
Айдар Оспаналиев
954-059
Мұрағат