14 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 14 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

null14 қазан. ЖЕКСЕНБІ

Халықаралық стандарттау күні

1946 жылғы 14 қазанда Халықаралық стандарттау ұйымын құру туралы шешім шықты.

Украинада отан қорғаушылар күні

Бұл күнді Украина Президенті П.Порошенко 2014 жылғы 14 қазандағы № 806/2014 жарлығымен ресми мереке ретінде бекітті.

Беларусьте аналар күні

1996 жылы үкіметтің шешімімен барлық аналардың ресми мерекесі бекітілді.

Кишинев қаласы күні

Бұл қаланың негізі 1436 жылы қаланған. Кишинёв қаласы елдің орталығында Бык өзенінің бойында орналасқан, Молдаваның астанасы, экономикалық және мәдени орталығы.

Мадагаскарда алғашқы республика жарияланған күн

Мадагаскарда бұл күн Тәуелсіздік күніне теңестірілген мемлекеттік мереке ретінде аталып өтіледі. 1958 жылы осы күні Францияның протекторатымен Малагасия Автономиялық Республикасы жарияланды.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1939 жылы Жамбыл облысы құрылды. Қазақстан Республикасының оңтүстігінде орналасқан. Облыстың қазіргі әкімшілік орталығы - Тараз қаласы.

Құрамына 10 аудан, 1 облыстық деңгейдегі, 3 аудандық деңгейдегі қала кіреді. Облыс түсті металдарға, баритке, көмірге, қаптайтын, төсейтін және техникалық мақсаттағы тастарға, құрылыс материалдарына бай.

Облыста қазақ және орыс драма театрлары, филармония, 5 мұрағат, кітапханалар, клубтар мен мәдениет үйлері бар. Тараз қаласының аумағында б.э.д. X-XI ғасырлардан сақталған Айша-Бибі және Бабажа қатын кесенелері, X-XIII ғасырлардан қалған Қарахан мен Дәуітбек сағаналары орналасқан.

1994 жылы Ақмоланың Революция көшесінде (қазіргі Астана қаласындағы Сейфуллин көшесі) ақын Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдық мерейтойына орай ескерткіш ашылды.

1994 жылы Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Шөлге айналумен күрес жөніндегі конвенциясына (БҰҰ ШКК) қол қойып, оны 1997 жылдың 7 шілдесінде бекітті.

1999 жылы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары құрылымын жетілдіру жөніндегі және олардың құзыреттерін анықтау шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығы басылым бетіне шықты.

2000 жылы Астанада К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры өзінің алғашқы театрлық маусымын ашты. Театр сахнасында М.Төлебаевтың «Біржан мен Сара», Дж.Вердидің «Травиата», П.Чайковскийдің «Аққу көлі» опералары қойылды. Бүгінгі таңда театр репертуарында Л.Минкустың «Дон Кихот», А.Аданның «Жизель», Б.Астафьевтің «Бақшасарай бұрқағы», Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» сияқты 20-дан астам қойылымдары бар еліміздегі ең жас театр сахнасында Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының, Қазақ ұлттық музыка академиясының, А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің түлектері және басқа да театрлардан шақырылған әртістер өнер көрсетеді.

2002 жылы Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен, салтанатты жағдайда, жаңа халықаралық әуежайдың іргетасы қаланды.

2008 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстандағы тұңғыш алтыжолақты Астана-Щучинск автобанында қозғалысты ашу салтанаты өтті.

Мұндай жолдың бір шақырымының құны 3-4 миллион долларға жетеді. Бірақ оның сапасына 20-25 жылға кепілдік беріледі. Астана-Щучье жолының ұзындығы - 224 шақырым, соның ішінде алты жолақты қозғалысы - 215 шақырым. Жобаның жалпы құны - 115 млрд теңге.

2009 жылы БҰҰ-ның Мәскеудегі ақпараттық орталығында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаһандық қоғамды түбегейлі жаңарту стратегиясы және өркениеттер серіктестігі» кітабының таныстырылымы өтті.

Кездесу аясында ресейлік және қазақстандық ғалымдар талдап жасаған 2050 жылға дейінгі «Өркениеттер болашағы және өркениетті серіктестік стратегиясы» жаһандық болжамының ІХ бөлімі таныстырылды.

2010 жылы Шымкентте «Мен әлемді жүрегіммен сеземін» зағиптар шығармашылығының бірінші фестивалі өтті.

2011 жылы Анкарада Қазақстан елшілігі мен Түркия Ұлттық кітапханасы ұйымдастырған фотокөрме ашылды. Ол Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. 

2014 жылы Грекияда қазақтың қоғам қайраткері, жазушы Сәкен Сейфуллинге қатысты 1930 жылдардағы кезеңдегі латын әліпбиінде жазылған құжаттар табылды.

2014 жылы Павлодар облысындағы Ақсу қаласының тұрғындары флешмоб ұйымдастырып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Қала күнін мерекелеуге келген 11 мыңға жуық адам жергілікті стадионның футбол алаңын толтырып, акцияға қатысты. Энергетиктер мен металлургтар қаласының тұрғындары орталық стадионда қолдарына ұстаған сары және көгілдір түсті плакаттардың көмегімен «Бір Отан, Бір Тағдыр, Бір Елбасы! Алға, Қазақстан» патриоттық жазбасын шығарды.

2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ғарышта болған және жерімізді 150 реттен астам ұшып өткен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын тапсырды.

2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды. Олар ОҚО Кәсіпкерлер палатасы жанында жұмыс істейтін болады және шетелдік капиталдың қатысуымен өңірлік компаниялардың мәселелерін көтереді.

2016 жылы Мысыр Араб Республикасының астанасы Каир қаласында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абайға арналған ескерткітің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Абай бюсті Каир орталығындағы ең көрікті жерлердің бірі «Еркіндік және достық» саябағына қойылды.

2016 жылы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) іске қосу-баптау шеңберінде жүргізілген жұмыстар кезінде Қашаған кен орнынан шамамен 7 700 тонна экспортқа шығарылатын мұнайдың бірінші партиясын жөнелтті. Сонымен қатар «ҚазТрансОйл» АҚ құбырлық жүйесіне 18 800 тонна экспортқа шығарылатын мұнайдың партиясы жөнелтілді, ал «Интергаз Центральная Азия» АҚ магистральді жүйесіне 22,8 млн текше метр тауарлық газ берілді.

1843 жылы Мендельсонның «Үйлену маршы» алғаш рет орындалды.

1851 жылы Англияда әлемдегі ең ірі ақпарат агенттіктерінің бірі - «Рейтер» құрылды.

1860 жылы Петербургта Мариин опера театры ашылды.

1926 жылы ағылшын жазушысы Алан Милннің «Винни-Пух туралы» кітабы жарық көрді.

1971 жылы алғаш рет Mariner 9 аппараты арқылы түсірілген Марстың суреті жерге жеткізілді.

Соңғы жаңалықтар